АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ТУРНИР
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Геолог» мәдениет үйінде халықаралық шахмат күніне орай «Шаһардың шахматшы патшалары» атты ардагерлер арасында дәстүрлі турнир өткізді. Оған «Геолог» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ардагерлер» шахмат клубы мен Алматы ауданына қарасты шахматшылар клубының мүшелері қатысты.
Іс-шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин сөз сөйлеп, ойлылардың сайысына қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Шахмат — ойлылардың есеп ойыны. Ардагерлердің шахмат ойынына деген қызығушылығы жоғары. Олардың дені шахматты шебер меңгерген. Ардагерлер арасындағы шахмат турнирі 14 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қарияларымыз зейнетке шықса да, түрлі іс-шараларда белсенділік танытып жүр. Мұның өзі, біріншіден, жастарға үлгі болса, екіншіден, салауатты өмір салтын қалыптастырған еліміздің ұстанымын айқындайды.
Биыл бұл турнирге қатысуға 25 ардагер өтінім білдірді. Алдағы уақытта спорттық жарыстарды жиі ұйымдастырып, ардагерлерімізді ардақтауға бағытталған акцияларды жиі өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол. Нәтижесінде 1-орын — Қаршыға Әлбақасов, 2-орын Бөрібай Палуаниязовқа бұйырса, 3-орынды Қайырғали Мұханғалиев иеленді. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы дипломдар және естелік сыйлық табысталды. Турнир соңында «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.