Басты жаңалықтарТарих

ЖАУАПТЫ РЕДАКТОР ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ 

1932 жылы ашылған жаңа Ақтөбе облысы 1936 жылға дейін бүгінгі Қостанай өңірінің көп ауданын өзіне қамтығаны белгілі. Жетіқара, Меңдіқара, Батпаққара, Торғай, Жетікөл, Обаған, Қарабалық секілді тарихи  танымал өңірлер, сол сияқты бүгінде Орынборға тиесілі Ақбұлақ  ауданы, кейін Қызылордаға берілген Арал ауданы о баста Ақтөбенің ауқымды құшағында болғаны алыс қалған өткен заманның шежіресінде қатталған.

Соған орай жаңа облыстың кадрлар құрамында   ақтөбеліктермен бірге, қостанайлық, торғайлық, қызылордалық, семейлік, оралдық, орынборлық  көп азамат тізе қоса еңбек етті. Әсіресе баспасөз саласына  қостанайлық қызметкерлер көп келді. Олар кейіннен облыстық, аудандық газеттердің редакторы, редактордың  орынбасары, жауапты хатшысы, меншікті тілшісі секілді лауазымдарды атқарды. Сол кезде облыс баспасөзін дамытуға үлес қосқан Сәбитбек Елеуов, Мұхамбетжан Құлмағамбетов, Омар Байқанов, Ақбас Дүйсенбаев, Шотбай Ембергенов, Жақып Исабаев  (соңғы бесеуі «отыз жетінің» отына күйді) сияқты басқа да аты-жөні аталмаған газетшілер есімін  Ақтөбе елі  өзі   отау  тігіп шығарған Қостанай облысында туған тарландар еді деп әрдайым құрметпен  еске алады. Осы тұрғыдағы тұлғалы азаматтың бірі —  Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетін шығарушылар сапына отызыншы жылдары келіп қосылған отыз екі жастағы Меңетай  Жақсылықов (1900 жылы туған) еді.

Меңетай есімін ең алғаш студент кезде естіп едік. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор ұстазымыз Хайыржан Бекхожин  университеттегі баспасөз тарихы туралы лекциясында облыстық газеттерге тоқталып, соның ішінде бір кезде өзі де редактор болған Қостанай облыстық газеті жайында айтқанда (кейін «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958)» монографиясында жазылғандай): «1925 жылы Бейімбет Майлин Қызылордадағы республикалық баспасөзге ауысты. Жұмаш Еленов та сонда кетті. Сондықтан газетке хабар жазып, қаламы төселген тілші Меңетай Жақсылықов «Ауыл» газетіне әдеби қызметке алынды» деген еді.

Ол кезде жастар арасында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар»  романы, оның кейіпкері  Меңтай есімі кең жайылып тұрды. Әз-ағаңның Меңтайына ұқсас әрі бір-ақ әріп айырмашылығы болғандықтан шығар, Меңетай деген есім сол шақтан санада сақталып қалыпты. Кейін Бейімбет Майлин шығармашылығына байланысты зерттеулер арқылы жазушының төл шәкірті Меңетайға жақындай түстік. Енді, міне, өз газетіміздің тарихына бойлай бастағанда, күрделі кезеңде көш бастаған Меңетай Жақсылықов сынды  жауапты редактор жайында сөз қозғаудың сәті түсіп отыр.

Меңетай Жақсылықов Қостанай жағының, Меңдіқара  өңірінің қазағы;  ең алғаш үш жылдық ауыл мектебінде сауат ашып, медреседе дәріс алған. Бұдан кейін Орынбордың мұғалімдер институтында  білім алып, саяси сауаттандыру мектебінде оқыған. Еңбек жолындағы бірінші белесі — ауыл мектебінің оқытушысы болуы. Осы кезде  Қостанай губерниялық «Ауыл» газетінің жергілікті тілшісі ретінде үзбей мақала жазып, журналистика әліппесін де үйрене бастайды.

Меңетай Жақсылықовты Бейімбет Майлиннің тікелей өзі тілшілікке тартып,  тәрбиелеп, газет қызметкері етіп шығарды. Танымал тәлімгердің  кәсіби  мектебінен өткен белсенді тілші, партия мүшелігіне кандидат Меңетай Жақсылықов  1925  жылғы 1 маусымда  газет редакциясының табалдырығынан аттап, шығармашылық әлеміне келіп кірді.

Жалпы, Бейімбет пен Меңетай былайғы өмірде де  ағалы-інілі болып, рухани жақындықта ғұмыр кешті. Бейімбеттің өзі жақсы көретін, жақсы білетін достарының, замандастарының есімін шығармаларының кейіпкері етіп пайдаланатын әдісі бар. Алғашқы өлеңдерінде де, кейінгі прозалық туындаларында да  бұл әрекеті көп байқалады. Мысалы, «Биғаншаның хаты» әңгімесінде әріптес шәкіртінің есімін былай пайдаланды:

«Меңетай шал азырақ бөгеліп тұрды да:

Осы да жөн-ау. Ішерлігімізді колхоздан алдық, үкіметке бермей оны қайтпекшіміз? Колхоз жоспарынан тысқары жарты десте салып едім, 50 пұт астық қорым да тұр. Жазыңдар, соны түгелімен беремін, — деді ол».

Сондай-ақ өткен ғасырдың елуінші жылдарында, Бейімбет Майлин  толық ақталып, «халық жауы» деген қара жамылғыдан арылған тұста «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің байырғы қызметкері,  белгілі журналист һәм сазгер (атақты «Тойбастар» әнінің авторы) Есхан Есетов «Мырқымбай» деген деректі  әңгіме жазды.

Осы шығарманы жамиғатқа қайта жеткізген белгілі әдебиеттанушы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы  Жанұзақ Аязбеков: «…Мырқымбай өмірде шын болған адам ба? Болса ол кім еді? Міне, осындай сауал­дар­ға біздің қолымыздағы мына «Мырқымбай» деп аталатын материал біршама жауап беретін сыңайлы» деп  хабарлады.

Аталған шығармада «Ауыл» газетінің редакторы болып істейтін Меңетай Жақсылықов жазушы мен кейіпкер арасын жалғастырушы, Мырқымбай  туралы өлеңдердің тууына себепші тұлғасында көрінеді.  Яғни шығармашылық тәсіл етіп Мырқымбайдың  Бейімбетке «жазған хатын», жазушының Мырқымбайға «арнаған хатын» (өлеңдерін)  бір-біріне жеткізу жолы таңдап алынады.

Автор оған мынадай сипаттама береді:

«Меңетай Жақсылықов. Бұл осы Бейім­беттің Қостанайда қалған ізбасары. Бұрын Бейімбеттің өзі істеп кеткен сондағы округ­тік газеттің қазіргі редакторы. Мұнда қыз­мет бабымен келген Меңетай кеше келіп манағы Мырқымбай хатын да өз қо­лынан әкеп тапсырып кеткен. Сонда сол хатты беріп жатып, «Мырекеңе жауабын да өзім ала кетемін ғой» деп Бейімбетке наз нышанын білдірген.

Меңетай да қаламгер жігіт. Оның бет әлпеті, ұзын-тұралау талдырмаш бойы, қайырған шашы, селкем ғана білінетін шешек дағы да осы Бейімбет тәріздес. Бірақ мінезі өзгешелеу. Бейімбеттей тұйық емес, серпіле сөйлеп, аңқылдап отыратын апайтөстеу, ақкөңіл жігіт. Бейімбеттің өзімен үзеңгілес келе жатқан көптенгі таныс, аралас-кұралас, елдес адам…».

«Сол «Мырқымбайға» дән­деп алғанның бірі — осы Меңетай. Ол — ре­дактор. Өзі шығарып отырған газетінің оқу­шыға тартымды болуын тілейді. Олай болса, кімнің де болса көзіне жылы ұшырап, көңіліне қона кететін кәні­гі­ «Мырқымбай» қажет-ақ. Міне, осы «Мырқымбай» қажет болып қалды десе-ақ, ол сонау Қостанайда отырып, мынау Қызылордада отырған Бейімбетке теле­фон соғады. «Би-аға, Мырекең сізге сә­лем айтып еді, сізден хабардар болғысы келеді», дейді. Сол болды. Бейімбеттің «Мырқымбайы» газетте жарқ ете түседі…».

Меңетай газетшілік еңбегін енді бастаған тұста, редакциядағы әріптестері Бейімбеттің дәстүрін сақтау мақсатында, ел ішіндегі жер-жердегі тілшілердің күшімен «Ауыл» газетінде «Жедел қарт» деген арнаулы сын-сықақ бөлімін ашады. Оның тізгіншісі Меңетай болады.

Газет  «Жедел  қарттың» көзімен ел  ішіндегі ерсі қылықтарды өткір сынап, жаңа қоғамның күш алуына көмектесіп отырды. «Жедел қарт» газеттің, осы бөлімді жүргізушінің және басқа да жас газетшілердің шығармашылық тұрғыда жетіліп, өсуіне игі ықпал етті.

Белгілі ақын Қасым Тоғызақовтан «Ауыл» газетіндегі менің ұстаздарым Бейімбет Майлин, Жұмаш Еленов, Меңетай Жақсылықов, Хасен Өзденбаев, Жекен Сәрсенбин, Ақбас Дүйсенбаев сияқты майталман әдебиетшілер еді. Ол кісілердің айт­қан ақылы, көрсеткен көмектері менің ақын болмасыма қоймады» деген сөз қалған.

Кеңес өкіметінің  алғашқы жылдарында  көзі ашық қазақ жастары өнерге, соның ішінде театр өнеріне құштар болды. Жер-жерде драма үйірмелері ашылып,  шағын пьесаларды сахнаға шығару,  рөлдерде ойнау   өнерге құмар жастардың, әсіресе ауыл мұғалімдерінің  шығармашылық қабілетін көрсетуінің бір жолы  болып қалыптасты. Кейіннен танымал  болған қазақ  артистерінің  көпшілігі осындай шағын драма үйірмелерінен шықты.

Мысалы, Қостанайда Бейімбет Майлиннің қаламынан туған шағын пьесалар («Неке қияр», «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», т.б.) сол кездегі  жастары арасында кеңінен таралып, жиі қойылды. Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жұмаш Еленов сияқты т.б. талантты жастармен бірге, осындай  іс-шараларда Меңетай Жақсылықов та өзінің өнерін көрсетіп  жүрді.

Александр Затаевич қазақтың бір мың әні мен күйін жинап жүргенде, сол кезде Қостанай уезінің Арақарағай болысында тұратын Меңетай Жақсылықов оған   «Сексембайдың әні», «Перизат бауырым» әндерін өзі айтып жаздырған. Бұл әндердің нотасы (сөзімен бірге) А.В.Затаевичтің атақты кітабында берік қатталған.

Меңетайдың өмір жолында 1929 жылдың шамасында  «Ауыл» газетіне басшылық жасай жүріп, ағару қызметкерлері одағының Қостанай округтік комитетінің төрағасы қызметін атқарған  сәті кездеседі.

1930 жылы Қостанай округі ажыратылған соң,  Меңетай Жақсылықов  газет басшысы ретінде «Ауыл» газетін Торғай ауданына (1928-1956), аудан орталығы  Торғай селосына (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданының орталығы) көшіріп әкелген  көштің басында болып, осы жерде газет шығару ісін жолға қояды.  1930 жылдың қазан айынан «Ауыл» болып қайта шыға бастаған сол  газет жылдар өте келе, талай кезеңді бастан өткеріп, атауын бірнеше  мәрте өзгертіп, қазір «Біздің Торғай» деп аталады. Журналистік дәстүрді жалғастырған «Ауыл» газеті  Торғайда  1936 жылға дейін өз атымен (кейінірек «Социалды ауыл» болып) шығып тұрды.

Жалпы өмір дерегі жеткілікті жария болмаған Меңетай Жақсылықовтың Торғайдан кейін, 1931 жылы Жезқазған жағына, аудандық газетке жұмысқа жіберілгені  жайында әлі де нақтыланбаған дерек кездеседі.

Баспасөздің берекелі мектебінен өткен Меңетай Жақсылықов Ақтөбедегі  «Социалистік жолға» газет ашылған жылы келеді. Алайда дәл қандай лауазымға келгені белгісіз. Бірақ 1933 жылдың орта шенінде Тумыш Сарғожаевтан  кейін редактордың тағдырлы тізгінін қолына  ұстап қалды. Газеттің  бұрынғы редакторларына қарағанда, аталған қызметті біршама көбірек уақыт атқарды.

Меңетай Жақсылықов басшылық еткен жылдары жас газет өзінің  қоғамдағы орны мен  рөлін күшейтуге ұмтылды, басылымның халық арасында  кең таралуына, оқырманның ықыласына бөленуіне  баса назар аударылды. Бұл үшін басылымның жалпы мазмұнын жақсартып, жаңартуға, газет сөзінің пәрменділігін арттыруға, оқырманға жедел жетуіне ерекше мән беріліп, ішкі ұйымдастыру-шығармашылық жұмыстары жетілдірілді. Әсіресе очерк, өлең, деректі әңгіме түрінде  көркем-публицистикалық жанр өрлеу жолына шықты. «Фельетон», «фельетонсымақ», «фельетонша», «оқшауша орнына» айдарларымен өткір сынға өріс ашылды.

Меңетай тізгін ұстаған тұстағы тақырып аясының кеңеюі, шығармашылық еркіндік, жазуға деген құштарлықтың артуы осы бір отыз екінші-отыз үшінші  жылдардан басталып, отыз жетінші жылға дейін созылған аз уақыттың аясында газеттің қалыптасу-даму қадамын тездетіп, мазмұнын айтарлықтай жақсартып, материалдардың пәрменділігін күшейтіп, журналистер шеберлігін шыңдаған  шынайы кезең болғаны ілтифатты лебізге лайық (Сол уақыттағы елеулі жарияланымдар жайында жекелеген журналистер  шығармашылығымен байланысты   баяндалады).

Осы кездегі газет материалдарының алғаш рет «Социалистік жолдың» бригадасы», «Қара тақта», «Әлеумет дабылы», «Газет сыны», «Газет сынынан кейін», «Соңғы почтадан», «Социалистік жолға» хат», «Редакцияға хат» сияқты айдарлармен берілу әдісі ішінара өзгерістерімен ұзақ уақыт жалғасқаны белгілі.

Аталған уақытта  «Баспасөз таратуды күшейтіп, бәйге алуға ұмтылыңдар» деп аталған  «облыстық газеттерді жақсы тарату бәйгесінің» әсері мол болды. Мұны «Социалистік жол», «Актюбинская правда» (қазақша «Ақтөбе правдасы» деп жазылды), «Ақтөбе кәмсамолы» газеттерінің басқармалары облыстық кәсіпшілер кеңесімен, облыстық баспасөз одағымен, облыстық комсомол комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Бәйге мақсаты — «Актюбинская правда» таралымын 10 мың данаға, «Социалистік жол» таралымын 7 мың данаға, «Ақтөбе кәмсамолы» газетінің таралымын 3 мыңға жеткізу болды. Бәйгеге  бастауыш партия, комсомол  ұйымдарының, барлық кәсіподақ мүшесінің және әлеуметтік газет таратушылардың, хат тасушылардың, т.б. кеңінен қатысуына мүмкіндік берілді.

Белгіленген цифрдың үдесінен шыққан баспасөз одағының қызметкерлеріне ақшалай сыйлық белгіленсе, хат тасушыларға көрсетілген мөлшерден көп таратқаны үшін жазылу бағасының 4 пайызы мөлшерінде сыйлық берілетін болды.

Бәйгені ұйымдастыру үшін арнаулы комиссия құрылып, бәйгеге қатысушыларға арналған міндеттеме үлгісі жарияланып, әрбір қатысушы осы міндеттемені толтырды. Бәйге нәтижесі аудандар бойынша  әрбір он күн сайын шығарылып тұрды.

«Социалистік жол» газетінің бәйгесі, мысалы, бір жылға жазылған 25 алушы жинаған адамға — 35 сом, 50 алушы жинаса — 70 сом, 100 алушы жинаса 140 сом  болып белгіленді. Алты айлыққа 25 адамды жаздырса — 20 сом, 50 адам жинаса — 35 сом. Бәйге мерзімі 1934 жылғы қарашадан 1935 жылғы қаңтарға дейінгі аралықты қамтыды. Оның  нәтижесі 1935 жылдың басында белгілі болды.

Меңетай Жақсылықовтың редакторлығы тұсында, газеттің 1934 жылғы бір нөмірінде алғашқы қазақ заңгері, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаевтың (1863-1934) дүниеден өткені туралы азанама жарияланды. 

Батыс Қазақстан өңіріндегі Қаратөбе  жерінде дүниеге келген Бақытжан Қаратаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс және өмірбаян деректері де кеңінен мәлім. Ел құқығын қорғау жолында аянбай еңбек еткен айтулы заңгердің  қазақ халқын аштыққа ұрындырған Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің қылмысын бетіне басып, қарсы шыққан ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жайылып келеді.

Өмірінің соңына дейін  Ақтөбе қаласында  тұрып, жетпіс бір жасында дүниеден өткен Бақытжан Қаратаевтың қазасы туралы хабарлап отырған «Социалистік жол» газетінің  бұл ақпаратын  бақытжантану жайындағы тарихи жарияланымның бірі деуге болады. Мұнда оның өмірбаянына тереңдемей (патша заманындағы заңгерлік қызметі, 1927 жылы діни көзқарасы үшін большевиктер партиясына мүшеліктен шығарылғаны сияқты),  негізінен, кеңестік заман лайық көретін өмір кезеңі туралы айтылады.

«Қарт қызыл партизан  Бақытжан Қаратайұлы ағұстың  24 күні  қайтыс болды, — деп жазды газет. — Бақытжан 1860 жылы Батыс Қазақстан облысында туды. Бақытжан — Қаратай сұлтанның тұқымы.

Бақытжан 1904 жылдан  14-жылға дейін Кадет партиясында болып келді, жиһангершілік соғысы басталар алдында бәлшевизм жағына шыққан.

1917 жылдан 1918 жылға дейін бәлшевектің тапсырған  міндеті бойынша  Батыс Қазақстан  облысында қызмет істеген. 1918 жылы Орал қаласында абақтыға түсіп, қызыл әскердің  күшімен босаған.

Абақтыдан босаған соң жергілікті елден ерікті атты әскер  ұйымдастыруға кіріскен. 1919 жылы бірнеше ай бойы батыс майданында 4-қызыл бригәдасы  әскерінің  саяси бөлімінің бастығы болып қызмет істеген.

1919 жылы үйел айында Қазақстан өлкесіндегі төңкеріс комитетінің  мүшесі болып тағайындалған. Қазақстанда азамат соғысы тарихы материалын ұйымдастыруда еңбек сіңірді. Соңғы 2 жыл ішінде ұзақ науқасқа шалдығып төсекте жатты».

Сондай-ақ Меңетай Жақсылықов басқарған жылдары газетте 1932 жылдан бастап беріле бастаған «Әдебиет беті» жүйелі шығып, оқырман назарына жергілікті авторлардың туындыларымен қатар, белгілі қаламгерлердің көрнекті шығармалары ұсынылып,  көркем әдебиетті насихаттау кең өріс алды.

Мысалы, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 20 жылдығына орай газет Қазақстанның басты жазушысы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты жаңа повесін  бірнеше нөмірге түгелге жуық жариялады.  Бұдан кейін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов жазған, «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған «Батыр-большевик Амангелді» атты ұзақ очеркін газеттің бірнеше нөміріне  көшіріп басты. Бұл шығармаларда Ақтөбе облысының аумағында, «Социалистік жол» газеті оқырмандарының орбитасына орналасқан  Қостанай, Торғай өңірінде өткен айтулы оқиғалар, сол жердің адамдары суреттелді.

Бейімбет Майлиннің 1936 жылы «Социалистік жол» газетінде жарияланған «Бақыт» әңгімесі — жазушының белгісіздеу шығармасының бірі; Мұхтар Әуезовтің «Ән сөзі» әңгіме-мақаласы танымдық тұрғыда өз ерекшелігімен  көрінді.

Газет көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің әдеби құбылыс болып танылған  атақты «Құлагер» поэмасын бірнеше нөміріне тұтас жариялады. 1936 жылы  газеттің кезекті нөмірінің қос беті қазақ кеңес әдебиеті көшбасшыларының бірі Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық қызметіне, жекелеген әдеби туындыларына  арналды.

Осы жылдары А.С.Пушкин шығармашылығын насихаттауға ерекше мән  берілді. Ілияс Жансүгіров аударған «Гавриилиада» поэмасы «Гебрайылнама» деген тақырыппен газеттің бір бетін алып жарияланды. Бұдан кейін Ілияс қазақша сөйлеткен «Евгений Онегин» «Социалистік жол» оқырмандарымен  тілдесті. Қадыр Тайшықов аударған «Капитан қызы» да облыстық газет арқылы ақтөбеліктерге алдымен жетті. Тайыр Жароков аударған  «Кавказ тұтқыны» газеттің тұтас бір бетін алып жатты.

М.Жақсылықұлының редакторлығы кезінде (1934) «Социалистік жол» газетінің басқармасы  жаңа орынға қоныс аударды. Газетте жазылғандай,  «бұрынғы Ленин көшесі 31-үйден жаңадан Кәмсамол көшесі 5-үйге көшті».

От-жалынды отыз жетінші жыл жақындап келе жатты…  Газетте авторсыз мақалалар жиіледі, олардың бас тақырыбынан «қырағылық», «ымырашылдық», «шірік либералдық», «буржуазияшыл ұлтшылдық», «ұлтшыл фашист», «диверсанттық», «зиянкестік», «әшкерелеу» сияқты сөздер көбірек ұшыраса бастады.

1937 жылғы мамырда бірінші хатшы Айтмұхамбет Мусиннің төрағалық етуімен өткен обкомның бірінші пленумында Меңетай Жақсылықов облыстық «Социалистік жол» газетінің редакторы болып бірауыздан қайта бекітілді, обкомның бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды.

Меңетай осының алдында обкомның өкілі ретінде Ырғыз ауданында іссапарда болып қайтты. Кейін іссапар қорытындысы бойынша обкомның бірінші хатшысы атына жеті беттік баянхат жазды. Баянхат  бастауыш партия ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналыстарын және жалпыаудандық партия жиналысын өткізу қорытындысына арналды.  Мұндай хаттардың бірыңғай болымды-жағымды сипатта болмайтыны белгілі, сондықтан уақыт талабына орай, жекелеген мысалдармен, сын тұрғысындағы баяндау да аз болған жоқ.

Меңетайды кейіннен «халық жауларымен» байланыстыруға  осы Ырғыз сапарының бір ұшы тиді. Ол былай болған еді: 1937 жылғы күзде бүкіл Ақтөбе аймағын дүр сілкіндірген, бұрынғының тілімен айтқанда, «үлгілі сот» болды: онда «Ырғыз ауданындағы контрреволюцияшыл-ұлтшыл, диверсанттық-зиякестік ұйым» мүшелері  жауапқа тартылды. Айыптау қорытындысы «НКВД-ның  облыстық басқармасы  Ырғыз ауданында контрреволюцияшыл ұлтшылдық көтеріліс жасамақ болған диверсиялық ұйымның бетін ашты және ол ұйымды таратты»  деп басталды. Онда аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Үмбетияр Асқаровты осы «ұйымды»  басқарды деп, оған қоса тағы сегіз адамды   (аудандағы жауапты қызметкерлер Сүлеймен Тасболатов, Жолболсын  Ақшолақов,  Шотбай Ембергенов, Жолмағамбет Айызақов, Қамаш Алқамбаев, Әнапия Шынтеміров, Досмұқан Тоқмәмбетов, Баймағамбет Байкин) сотқа  тартты. Мұнда әрбір айыпталушыға қатысты  көп нәрсе айтылды, олардың жауаптары берілді.

Мысалы, «айыпкер» Әнапия Шынтеміровтен сот отырысында алынған жауап газетте былай жазылды:

«Әпрелдің 28-і күні Асқаров (аудандық атқару комитетінің  төрағасы — С.Б) біздің бәрімізді қонаққа шақырды. Қонақта Тасболатов, Айызақов, Алқамбаев, Ембергенов, Тағаев (халық жауы болған оқытушы), Демесінов (аудандық қаржы бөлімінің бастығы), Жақсылықов (облыстық «Социалистік жол» газетінің редакторы),  Садықов (аудандық партия комитетінің қызметкері), Есболаев (аудандық атқару комитетінің  председателінің  орынбасары), Дайрабаев  (алашордашыл оқытушы) болды. Қонақтықтың аяқ шеніне таман бірқатар адам кетіп қалды. Соның ішінде Жақсылықов бірге кетті…».

Сотталып жатқан адамдармен газет редакторының бірге қонақ болғаны — ол заманда жазасыз қалмайтын қылмыс. Тіпті обкомның өкілі ретінде ауданға арнайы іссапармен келсе де. Қазақы дәстүрмен бейтаныс  азаматтың дастарқанынан нан  ауыз тиіп шықса да. Бәрібір, кез келген бас қосуды басқаша түрлендіріп, ұлтшылдыққа ұрындыра салуға себеп жетіп жатыр еді. Осы тұста НКВД «куначество» деген терминді ойлап тауып, қазақтың өз қонақжайлығын өзінің сорына айналдырды.

Кейіннен сот шешімімен ырғыздық тоғыз адамның алтауы «партия мен халықтың жауы» ретінде ату жазасына кесілгенін, үшеуі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғанын есте ұстар болсақ, осы кезеңде  редактор Меңетай Жақсылықовтың басына да бұлт үйіріліп, табаны тайғанақтай бастайтыны белгілі еді.

Обкомның 1937 жылғы 1-2  қарашадағы екі күнге созылған пленумы негізінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына байланысты ұйымдастырушылық және үгіт-насихат жұмыстарын күн тәртібіне шығарды. Ал «Ұйымдастыру мәселелері» деген алғашқы тармағында «партия мен халықтың әшкереленген жауы»  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтмұхамет Мусинді обкомның құрамынан және бюро мүшелігінен шығарды. Оның орнына М. Жүнісов сайланды.

Пленумға қатысушылар облыстың бұрынғы бірінші басшысының «халық жауы» ретінде әшкереленуін мәселенің мәнісіне айналдырып, оны жаппай айыптай сөйлеп, әлі де әшкереленбеген  жаулар бар деген ыңғайда әңгіме түзді.

Осы пленумда алғашқы күні  сөйлеген сегіз адамның ішінен бесінші болып облыстық газеттің редакторы  Меңетай Жақсылықов мінбеге көтерілді. «Ырғыз процесіне» байланысты сөзге іліккен Меңетайға бұл бір жағынан  өзін ақтау үшін  де берілген сияқты еді.

Сөзінің басында ол баспасөздің сайлау науқаны кезіндегі рөліне тоқталып,  бұл саладағы жай-күй әлі де қанағаттанарлық емес екендігін айтып өтті. Мысал ретінде,  Шалқар аудандық газетінің «Жоғарғы Кеңестің сайлауын ауылдық кеңестің сайлауы сияқты көрсеткенін», Темір аудандық партия комитетінің «аудандық газетті  сегіз күн жауып қойып, редакторды қалқозға  уәкіл етіп жібергенін»,  «қаріптерінің тозғаны соншалық — Ойыл аудандық «Сталин туы» газетін оқу  мүлде мүмкін емес екендігін» сынады. Ал облыстық «Социалистік жол» газеті   кадрлармен толық қамтылмағанын, бөлім қызметкерлері, жақсы аударушылар жетіспейтінін ескертті.

Бұдан әрі  облыстық газеттің Ойыл және Табын аудандарындағы тәртіпсіздік пен ұлтшылдық туралы жазғанын, бұған ешкім назар аудармағанын, ал «халық  жауы» ретінде әшкереленген обкомның бірінші хатшысы Айтмұхамет Мусин  бұл мақалаларды «сын емес, жала» деп мәлімдегенін баяндады. Обком газет сынын тексерсе де,  нақты  шара алмағанын айтты. Бұдан кейін ол: «Новоресейдің партиялық аппараты да бытысып жатыр. Онда кадрларды ірі саудагердің баласы Байдәулетов іріктейді», — деді  («Социалистік жол» газетіндегі «Новоресейдің аудандық партия комитеті буржуазияшыл ұлтшылдарды қалай бүркеп келді?» деген мақала — С.Б.).

Сөзінің соңында өзі туралы «Қазір Ырғыз ауданында  өтіп жатқан контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистерге қатысты процеске байланысты баспасөзде менің де аты-жөнім аталды. Мені осы бандамен бірге той-тойлады делінген. Бірақ мәселе былай болған еді: мен ауданға келіп, аупартком хатшысы Тасболатовқа кірдім. Кірсем: әлгі адамдардың бәрі сол жерде ішіп, жеп отыр екен. Маған да ішуді ұсынды, бас тарттым, өйткені мүлде ішпейтін едім. Ет келген кезде тағы да ішімдік ұсынды. Бір рөмке іштім де, көп ұзамай кетіп қалдым. Менің қателігім: осы топтың ішінде кімдер бар екенін тексермей, орталарына барғаным еді», — деді.

Дегенмен «халық жауларымен» байланыс ізсіз қалмады. Меңетай қара тізімге ілінді.1937 жылғы 14 қарашадағы 260-нөмір жауапты редактор Меңетай Жақсылықов  қол қойған «Социалистік  жолдың»  ең соңғы саны болды.  Келесі күні ол  қызметінен босатылды және көп ұзамай  партия қатарынан шығарылды. Ақтөбе обкомы 1938 жылдың бас кезінде облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат Меңетай  Жақсылықовты «халық жауларымен байланысып шырмалған»  адам ретінде  өз құрамынан шығарды (Сөйтіп,  «әшкерелеудің» ұшығы редакцияға да тиді, осы кезде газеттің бөлім меңгерушісі Смағұл Мұқашев «халық жауы» деген жаламен ұсталды).

«Отыз жеті» мен «отыз сегіздің» қаншеңгел  күндерінде партиядан шығу мен жұмыстан босаудың ақтық жолы абақты еді. Меңетайға сол сәт жақындап келе жатты… Осы кездің жағдаятын  қазақтың көрнекті ақыны Мәриям Хакімжанованың естелігінен білуге болады.

Мәриям апай сол бір қиын-қыстау кезде, Табын (қазіргі Байғанин) аудандық НКВД бастығы болып істейтін күйеуі  Серғали Бермұхамедов ұсталып кеткеннен кейін, екі баласымен күн көруі қиындап, еш жер жұмысқа алмай, Ақтөбе қаласында қатты қиналып жүрген шағында әріптес-жерлес  ағасы, облыстық газеттің редакторы Меңетей Жақсылықовтан көмек сұрай барады. Жазушы Мағира Қожахметова   қағазға түсірген осы естелікте мынадай жолдар бар:

«Социалистік жол» газетінің бас редакторы Меңетай Жақсылықовқа барған. — Мені корректорлыққа алсаң қайтеді? — Айналайын, Мәриям-ай, мен де қыл үстінде тұрмын ғой, — деп жауап қатқан ол. Артынша бір ай өтпей оны да партиядан шығарып, қызметінен босатты. Облыстық тұтынушылар одағы председателінің орынбасары Айжан Тоқмағамбетова екеуін қатар шығарды партиядан. Бір күні түнде есік қағылды. Айжан екен: — Мәриям, бүгін Меңетай да, мен де сендердің тобыңа кіріп отырмыз. Қажығали (інісі) екеуің кезекке тұрып, билет алып, елеусіздеу бізді шығарып салмасаңдар, қамаламыз, — деді. Түнімен билеттің кезегін тосып, оларды поезға отырғызып жібердік».

«Поезға отырып кеткен» Меңетай Жақсылықов бұдан кейін редакцияға оралмады және оның  қайда кеткені, кейінгі өмірі әлі күнге белгісіз. Кейбір жарияланымда Меңетайды отыз жетінің құрбаны болды, ату жазасына ұшырады деген тәрізді   пікір ұшырасып қалады; бірақ  мұны дәлелдейтін дәйекті дерек әзір кездесе қойған жоқ.

Әдетте газет редакторының жиі жазып көрінуі міндетті емес; оның уақыты көбінесе газеттің ішкі-сыртқы ұйымдастырушылық жұмыстарына, ұжымның шығармашылық қызметін жақсарту, жетілдіру бағытына жұмсалады. Соған қарамастан, кәнігі қалам ақ қағазды ұмыт қалдырмайтыны белгілі. Редактор Меңетай да дәстүрлі жазу ісінен қол үзген жоқ. Әзірге белгілі болып отырғандай,  «Социалистік жол» газетінің отызыншы жылдардағы жарияланымдары ішінен сиректеу кездесетін «Метей» деген бүркеншік есіммен жазылған «Шәкір ағайға хат» фельетоны, «Домбыра мен пәтепон» (патефон – С.Б.) очеркі Меңетай Жақсылықовтың қолтаңбасын жақсырақ тануға көмектеседі.

Абайдың бір шумақ өлеңін («Құлақтан кіріп бойды алар…») эпиграф ретінде  алған очерк: «Қонжар МТС-ның тұрған жері — Михайловский пәсөлкесі  Темірден 75 шақырым деседі. Бір жұмыспен осы МТС-қа баруға тура келді. МТС-қа барсаң, ар жағында «Ашшы құдық» қалқозының төбесі көрініп тұр. «Ашшы құдық» —аудандағы қазақ қалқоздарының ең тәуірі, бетке ұстаған қалқоздарымыздың  бірі» дейді аудан басшылары. Солай болғансын бұл қалқозды біздің де көргіміз келді», — деп басталады.

«Ашшы құдық» қалқозына барғанда автормен МТС-тың партия ұйымдастырушысы әрі директорының орынбасары  Медеубаев және аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы Сыздық Омарханов (Қостанайлық ағайынды Сыздық және Ахмет  Омарханов — Ақтөбе журналистикасында  қолтаңбасын қалдырған қаламгерлер — С.Б.)  сапарлас болады.

Меңетай әдеттегі қызметтік іссапардың мазмұнынан қалқозшылар өміріне жаңалық болып енген патефон арқылы күйтабақ тыңдау құбылысын таңдап алады. Және сол  әдіспен екінші жағынан қазақ өнерін насихаттау көзделеді.

Міне, қалқоз төрағасы Сапи Сақбаев іске қосқан  патефон күйтабағы халық әні «Қанат талдыны» қалықтата жөнелді. Автор осы сәтті былай бейнелейді: «Қанат талдыны»  желдете, құтырта соқты. «О», пәлі!» деді  отырғандар.  Баяғы Сексембай марқұм  өлеңді салған жерден осылай  іліп әкетуші еді-ау, білесің бе, — дейді Сыздық» (Бұл арада сөз кезінде Меңетайдың өзі Александр Затаевичке айтып жаздырған, Қостанай өңірінде айтылатын  «Сексембайдың әні» деген шығарма жайында болып отыр — С.Б.)

Патефон күйтабағы «маймаңдатып» «Сырғақты» әнін бастайды. Автор әннің  бір шумағын келтіреді:

Әуеде ұшып жүрген қара шыбын,

Нәрсенің қолдан шыққан бәрі шығын,

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің аман-есен, қарашығым! Бұл күйтабақтың соңын «безілдетіп-безілдетіп апарып, мұны да бір-ақ түйді» деп түйіндейді. Бұдан соң осылайша әр әнге өз бағасын бере отырады:

«Алқымы кеуіп, тістеніп «Алтайға» басып Елубай  кетті. Әнінің аяғын  «шаттанғандай, шаттанғандай» деп қайырғанда  таңдайы  тақ-тақ етеді»; «Қиылып, қалықтаған дауыспен Күләш шықты». «Даусының өткірін- ай, құлағыңды жарып кетеді» дейді тыңдап отырған қалқозшылар; «Сұрша қыз» бен «Дударайға» салып Сара шықты».

Кезек «Қойшының әніне» келеді:

Айта бар, барсаң сәлем Шұға жанға,

Аямай  әкең сатты сені  малға.

Болғанда сен ол жақта, мен бұл жақта,

Дариға-ай, сен де арманда, мен де арманда.

Аққуың едің көлдегі,

Сұңқар едің шөлдегі,

Амалым бар ма, әттең, тәңір-ай,

Ахахау, шөлдедім!

«Біз де сый қонақ екенбіз деп тымсырайып отырмадық. Екі жағымыз да құрғақ  сыпайыгершілікті  қойып,  кәдімгідей шүйіркелесіп сөйлесіп, пәтепонның қызығына түстік… Пәтепондағы әншілердің әніне елтіп, ауыздарының суы құрып, делебесі қозып, әрқайсысын әртүрлі көтермелеп отырған осы ауылдың қалқозшылары еді», — дейді Меңетай бұдан әрі қарай.

Меңетайдың қаламына  әдебиет, мәдениет, өнер тақырыбы жақын; мына шығармасында осы саланы жақсы білетіндігі сезіліп тұрады. «Көңіл жадырап, шайдай ашылған» сәтте кезек күйге келеді. «Айжан қыз», «Адай», «Шалқыма» күйлері орындалады. Ферма бастығы болып жүрген жас қалқозшы Бимекен  «Шалқыманы» патефоннан үйреніп алып, айнытпай қайта тартатын болып шықты.

«Мынау ғажап екен! Пластенкедегі күйді айнытпай домбыраға түсіріп алуға  үлкен еп, асқан шеберлік керек-ау! Пәтепондағы  күйді  қағып алған  домбырашы жігітті көргіміз келді» дейді автор. «Қутығай қара» ферма бастықпен жүздесіп, өнерін тамашалаған соң Меңетай ол туралы: «Бабы келіссе анау-мынау шаршы тобыңа  ұялмай-ақ белсеніп түсетін сазы бар. Тікірейген қара мұртының жебесі, жұқаша келген еріні, жылтырап, күлімдей қараған  өткір көзі талағында  биті бар екендігін  айтпай-ақ  сездіріп тұр» деп жазды.

Халық арасынан шыққан талант Бимекеннің өнеріне сүйсінген Меңетай:  «Тышан дейтін кісі орысша білмегеніне назаланып: «көкірек  біледі, тілмаш нету» деген екен. Сыздық екеуміз домбыраны көкірегіміз білгенмен,  қолымыз тарта білмейді деп  ерте туып, кеш қалғанымызға өкіндік» деп және бір қайырады.

Мәдениетке бет бұрған қалқозшылар  патефонға елігу арқылы өнер-білімнің кереметімен,  мәдениеттің  жетістігімен көзбе-көз ұшырасып отыр дегенге саятын авторлық идеяны очерк тілі былай түйіндейді: «Радио, пәтепон ауылға келді. Домбыра, қобыз, сыбызғы мәңгі аңсап күткен достарын құшақ жайып қарсы алды… Домбырадан, пәтепоннан шыққан «құлақтан кіріп бойды алған жақсы ән мен тәтті күй» социализмнің  қамына,  еңбекші елдің бағына жұмсалсын. Көсіл, домбыра. Сайра, пәтепон, Ағыт жаңа жырды. Аңқыт күйді. Шырқа әнді. Гүлденсін өмір. Көтерілсін көңіл. Заман біздікі. Іркілме?

  • Ой, пәлі-ай!».

Меңетай Жақсылықовтың  журналистік, редакторлық қолтаңбасы қалған бүгінгі «Қостанай таңы»  газетінің 100 жылдығына байланысты 2022 жылы  ол туған топырақтағы мерекелік  іс-шараларға қатысып, баяндама жасауға тура келді.  Ғұмыр жолы Қостанайда тоғысатын «ақтөбелік» газетшілер Тумыш Сарғожаев, Меңетай Жақсылықов және т.б. аталған  кезеңде баспасөзге бел шешіп кіріскен басқа да  ескі көздер жайында  бұл сапардағы  іздестіру  де көп нәтиже бере қоймады.  Қостанай жерінен Меңетайға қатысты нақты белгі табылмады;  әдеттегі ұзақ-сонар тізімнен  аты-жөні әредік жалт  беріп қалғаны болмаса,  оның өмір-ғұмыр деректері туған жерінде де белгісіздеу екен.

 (Меңетай Жақсылықов жайында дерек қосатын оқырман үшін электрондық пошта жәшігінің: sbaimenshe@bk.ru  есігі ашық екенін  еске саламыз).

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button