АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ КЕШ
Ақтөбеде ашық аспан астындағы мерекелік кеш өтті. Кеште «Геолог», Нокин және Қалалық мәдениет үйлерінің өнерпаздары әннен шашу шашып, ақтөбелік көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынды.
Іс-шара аясында Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Айналдым, Ақтөбем» атты концерт ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен концертке қала тұрғындары көп жиналды. Кешті «Рюкзак» халықтық бард клубының өнерпаздары бастап, өнер ұжымдары қазақтың халық әндерін орындады.
— Мамыр айынан бері ашық аспан аясындағы концерттер әр аптаның сенбі, жексенбі күндері өткізіліп келеді. Осы кеште «Рюкзак» бард клубының әншілері белгілі орыс композиторларының әндерін шырқады. Биыл халықтық бард клубтың құрылғанына — 21 жыл. Осыған орай жеке кешімізді де өткіздік. Қазір жас жеткіншіктерді шығармашылыққа баулып, түрлі өнер додасына қатысып келеміз. Қаланың көрнекті жерлерінде өтетін мәдени іс-шараларды тамашалауға барша қала тұрғындарын шақырамыз, — дейді бард клубтың көркемдік жетекшісі Александр Перекоренко.
Мерекелік думанды кеш Абзал Төребек, Айдос Сейітов, Шәкір Әкімжан және басқа да Қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Осы күні ақтөбеліктер «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Ажарың атқан таңдай Ақтөбем» атты Мұғалжар ауданы өнерпаздарының концертін тамашалады.
— Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында жаз айларында халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында мерекелік думанды кештер жиі ұйымдастырылады. Ашық аспан астындағы концерттер тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осыған дейін Хромтау, Мұғалжар ауданының ұжымдары өнер көрсетсе, 27 шілдеде Мәртөк ауданының өнерпаздарының қатысумен кеш өтеді, — дейді «Геолог» мәдениет үйі жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітова.
«Нокин» мәдениет үйінің әдіскері Мейрамгүл Бірманованың айтуынша, ақтөбелік өнерсүйер көрермендердің өнерге деген құрметі ерекше. Олар апта сайын ашық алаңдарда өтетін концерттерді асыға күтеді.
— Концертте Нұрсұлтан Ескендір, Бекзат Алтынбаев және басқа талантты әншілер дәстүрлі әннен бөлек, эстрада жанрындағы әндерді орындады. Қала тұрғындары үшін «Еркін микрофон» алаңы ұйымдастырылып, ақтөбеліктер жергілікті өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Осындай рухани кештердің жиі өтуін құптаймын, — дейді ол.
Астана саябағының алаңында да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №13 қалалық кітапханасы және Нокин тұрғын үй алабындағы №12 қалалық кітапханасы өткен аптаның демалыс күндері «Ақындар — елдің ардағы» атты поэзия кешін өткізді. Оған кітапхана оқырмандары, кітапханашылар мен жастар қатысты.
— Іс-шараның мақсаты — оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ идеяларымен қоғам дамуына үлес қосып жүрген өңіріміздің түрлі саласында қызмет ететін жастардың шығармашылығын шыңдау. Поэзия кешінде қазақ және орыс ақындарының шығармалары оқылып, қазақ әндерінен поппури шырқалды. Кітапханашылар кітап көрмесін таныстырып, кітап қорындағы жаңа басылымдарға библиографиялық шолу жасады, — дейді кітапханашы Гүлназ Райсқызы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.