Мереке
Бүгін — Ұлттық валюта — теңге күні, Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі
Деректер
- 1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
- 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.
- Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты.
- 1993 жылдың күзінде Қазақстан рубль аймағынан шықты.
- 1993 жылы қарашаның 12-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
- Арада үш күн өткен соң, 15 қарашада Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өз валютасы қаржы нарығында айналымға енді.
- Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
- Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.
- Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
- 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.
- Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот — Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
- Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурыздағы №2155 «Қазақстан Ресубликасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді: инвестициялық монеталар — инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар; коллекциялық монеталар — коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі данамен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар; айналыста жүретін монеталар — қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналымға арналған монеталар.
- Елімізде инвестиялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды.
- Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
- 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.



