Тарих

Ел тарихымен сабақтас бір әулет тағдыры

Зерде

Қазақстан елінің қазіргі заманғы тарихының бастапқы кезеңдеріндегі ғылымда жалпылама қарастырылып жататын жайттарын зерделеу кезінде оларды бір әулеттің тағдырымен сәйкестендіріп қарап көрсек, олардың мән-мағынасының кейбір тұстары анығырақ көріне түсуі мүмкін.

Ресей империясы кезінде оның құрамындағы Орал облысы Ембі уезінің аумағында 1871 жылы атаулары «Ембі уезі аумағын мекендеуші адайлардан тұрақты қыстаулары жоқтығына, Ембінің сыртында, қыстың қаһарына қарай шөмішті-табындармен бірге Сам құмдарына, одан да әрі Хиуа аумағына дейін жетіп, Айбүгір көліне бағыт ұстап қыстайтына байланысты Бірінші, Екінші және Үшінші делініп нөмірленіп» 3 Адай болысы жасақталады.

Ел аузында сақталған әңгімелер нұсқаларында белгілі азаматтардың бірі Исан Қитарұлы кезінде осы 1-Адай болысы басшыларының ең алғашқыларының бірі болып, ол істі отыз жыл абыроймен атқарған. Ембі/ Темір уезіне қарасты болыстардың 1887-1911 жылдардағы басшылары Орал облысының жаднама кітапшалары мен мекенжай-күнделіктерінде көрсетілген.

Ембі (Жем) уезі бастығының Маңғышлақ приставына жазған 1874 жылдың 9 желтоқсанындағы №5464 хатында сол мезгілде бұл болыстың басшысы белгілі би Көбеннің баласы Нұрқасымның болғандығы көрсетіледі. 1897-1898 жылдары «управительдік» қызметті белгілі Балуанияз батырдың немере тумасы Сары Кенжәлин атқарады, 1899-1903 жылдары болыс басқарушысы Күзембай Қитаров болып өзгереді.  Ол – Исанның туған інісі. 1904 жылы болыстық тұтқасына Исанның өзі ие болады да, келесі жылы бұл қызметін Көбен бидің немересі Ләтіп Нұрқасымұлы басқаратын көрші 2-Адай болысында ел басқару ісіне біршама төселіп қалған өзінің баласы Қырымгерейге өткізеді. Ел арасында «Қырымгерей азаматтардың ішіндегі білімділердің бірі болып, 1915 жылы болыс сайлауында діттегеніне жетіп келе жатып, жолай қайтыс болған, осы оқиғаға қатысты Қалыұлы Қарасай жыраудың шығарған жоқтауы бар» деген әңгіме сақтаулы.

Қырымгерей ағайынаралық дау-шардың құрбаны болған болуы мүмкін.

Исан Қитарұлы 1916 жылдары өзінің ел арасындағы қызметін халқы тыңдаған, сөзіне құлақ асқан би ретінде жалғастырыпты. Елі оны «Тасмаңдай, тасмаңдай Исан» деп кеткен. Қараш Ыбырайым ахунның белгілі жырындағы «Тұрыш ишан, Нұржаудай кереметті пірі бар, Кенесары, Исандай ақылы асқан зоры бар» деп, «Қожағұлдың ішінде артық жігіт өткен жоқ Рақ пенен Киіктен. Қырым, Керей, Исанның мәртебесі биіктен» дегендерінде Қитардың осы Исаны мен немересін айтқан. Тек бұл жырдағы Қырым мен Керей екі бөлек адам емес, ол Исанның баласы  Қырымгерей-тін. Ол әкелі-балалы екеуіне топырақ Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден Алтайға қарай бағыттағанда 37 шақырым жердегі Қуырдақты қауымында бұйырған.

Исан Қитарұлының аты тарихтағы белгілі бір оқиғаға қатысты аталады. Ол туралы бейнеулік СұлтанЖұмабекұлы «Маңғыстау» газетінің 1996 жылдың 4 шілдесіндегі   «Ғасыр куәгері Төрехан шалдың өсиеті» мақаласында жазды. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Онда Тасмаңдай аталып кеткен би Исан Қитарұлының қысталаң кездегі бір шешімінің туралығынан елді тығырықтан шығарғандығы жөнінде баяндалады.

МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕН…

Кешегі күні ел аузында айтылып, уақыт өте есімдері ұмыт болуға айналған бабаларымыздың келер ұрпақ үшін жасаған ерен ерліктері мен елеулі еңбектері бүгінде ескерусіз қалмауы керек.

Сондай тұғырлы тұлғалардың бірі — Исан Қитарұлы. Ол жұртшылық жадында «Отыз жыл болыс болған Исан», «Ақ патшаның әскеріне 1000 қазақ баласын бермей алып қалған болыс, Тасмаңдай Исан» деген атауларымен сақталып қалған.

Қарақалпақстанда тұрған 96 жасқа келген қарияның аузынан осыдан ширек ғасырдай бұрын жазып алған Сұлтан Қадырдың «Ғасыр куәгері Төрехан шалдың өсиеті» деген мақаласы Исан Қитарұлы туралы біраз дерек береді.

Сондай-ақ 1994 жылытарихшы-журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Р.Сағызбайұлының құрастырып, жинақтауымен «Арыс» баспасынан жарық көрген Ыбырайымахун Құлыбайұлының «Алтынды орда қонған жер» кітабы да Исан ата есімін тағы бір жаңғыртқандай болды.

Мінбеген басқа жүйріктен,

Қожағұлдың ішінде,

Артық жігіт өткен жоқ

Рақ пенен Киіктен.

Қырым, Керей, Исанның

Мәртебесі биіктен,—деуі біраз жайды аңғартса керек.

Алдағы тамыз айының сегізінші жұлдызында Байғанин өңірінде заманында ел билеген, тәлім-тағылымымен қалың жұртшылықты ауызбіршілікке шақырған тау тұлғаны еске алуға арналған ауқымды мәдени шаралар өткізілмекші.

Аудан әкімшілігінің қолдауымен ғылыми-практикалық конференция, тарихи-өлкетану музейінде кездесулер ұйымдастырылып, жан-жақтан арнайы шақырылған қонақтар келеді.

Басты мақсат — елдік пен ерлік, бірлік пен ұлағат ұғымдарын өткен тарих тағылымдарымен сабақтастықта кейінгі буынға үлгі ету.

Болат ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ,

Байғанин аудандық мәслихатының депутаты.

Исанның төртінші баласы Сәубеттің өз қолымен жазған өмірбаянында мынадай жолдар бар: «Әкемнің ақылымен мен Темір 2 кластық орыс-қазақ училищесіндегі оқуымды 1916 жылы тоқтаттым. Ол патшаның қазақтарды империалистік соғыстың тыл жұмыстарына тарту ісіне қарсы болған еді. Біздің ағайындар ол шаруаға адам бере қойған жоқ».

Исанның ұрпағы жайлы жазғанымызда біз оның алты ұлының біреуі Сәубетті ғана әңгімемізге арқау қыламыз.Ол 1902 жылы өмірге келген. СәубетИсанұлы өзі зейнетке шыққаннан кейін жазған өмірбаянында: «дәл қай жерде туғанымды білмеймін, бірақ ол жер бүгінгі күні Байғанин ауданының №7 ауылы, Үстірт мекені еді» деп көрсетеді. Оның ресми туған жері — Темір уезі, 1-Адай болысы, №7 ауыл. Бұл ауылдың орналасқан жері Баршақұм деп аталады.

Сәубет Исанұлы 1912-1921 жылдары, арасындағы 1916 жылғы белгілі тарихи оқиғаға байланысты үзіліспен Темірдегі екі жылдық орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде оқып, 1917 жылы оның толық курсын бітіреді.Оның ресми қызметтік өмір жолы 1920 жылдан бастау алатын 1-Адай және Шилі-Сағыз болаткомдарының хатшысы жұмысын атқарудан басталады. Жергілікті үкімет сауатты жас жігітті кеңестік-партиялық жұмысқа тартуды жөн көреді. 1922 жылдың күзінен 1923 жылдың маусымына дейін Чкалов (Оренбург) қаласындағы Қазақ өлкелік кеңес-партия мектебінде оқып, оның ІІ деңгейін меңгереді. Сол жылы ол ВКП(б) партиясының мүшелігіне қабылданады. Баласы Аманғалидың айтуында кейін өзінің сол оқу кезеңі жайлы былай деп еске алады екен: «Жоғары партия мектебі менің өмірімдегі үлкен тәжірибелік баспалдақ болды. Қазақтың талай белгілі азаматтарымен, марқасқа тұлғаларымен кездесу, сұхбаттасу бақыты бұйырды маған. Әсіресе сол кезде еліміздің халкомы төрағасы, ол бүгінгі  премьер-министр қызметі ғой, Сәкен Сейфулиннің біздің алдамызда оқыған лекцияларын тыңдап, өзімен қысқа болса да тілдесіп қалған кездерім ерекше есімде. Тіпті бірде сол жоғарыдағы азаматтардың сенім білдіруімен республикалық комиссия құрамында бір маңызды шаруалардың бірін шешу үшін Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық староста М.И.Калининнің қабылдауында болғанымды қалай ғана ұмытармын».

1923 жылдың аяғы мен 1924 жылдың ортасы аралығында Бүкілодақтық комсомол ұйымының Ақтөбе губерниясының аттас уезком нұсқаушысы, губатком ұйымдастыру бөлігінің нұсқаушысы болған оны көп ұзамай губернияпрокурорының 2 (Темір және Шалқар) уезі бойынша көмекшісі қызметіне тағайындап, ол бұл жұмысын 1925 жылдың 24 қазанына дейін атқарады. Одан соң Далалық тұтынушылар қоғамы Ақтөбе губаткомы басқармасының құрамына енгізіліп, оның ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, сонымен бірге төраға орынбасары міндетін атқару жүктеледі. 1926 жылдың мамыр-тамыз айларында Төменгі Новгород қаласындағы губкоопкеңесіне іссапарға жұмсалып, ол жақтағы тұтынушылар қоғамының үздік тәжірибе үлгісімен тікелей танысып қайтқан ол қазақ елінің сол кездегі астанасы Қызылорда қаласындағы өлкелік қоғамның нұсқаушысы қызметіне лайықты деп табылады. 1928 жылдың ортасында ол кезде қазақ елінің құрамында болған Қарақалпақ автономиялық облысының Төрткүл қаласында орналасқан орталық одағын басқару ісіне тартылады.Іскерлігімен көзге түскен оны келесі жылы Қоңырат аупарткомының хатшылығына сайлайды.

1930-1931 жылдары Қараөзек, Қожелі және Төрткүл ауатком төрағасының орынбасары қызметіне, кейін Колхозодақтың ұйымдастыру бөлімін басқару жұмысына тартылады.  1931 жылдың орта тұсында Алматы қаласына, өлкелік партия ұйымының нұсқаушысы қызметіне шақырылады. Ол жерде бір-ақ ай жасаған Сәубетті 1929 жылғы ВКП(б) әйгілі қараша пленумының қаулысымен ұрандатылған «25000 үздік жұмысшыны жаңадан ашылған ұжымшар, кеңшар жұмыстарына тарту туралы» көтерілген бастама бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының «Мақтаарал» кеңшарының партия ұйымы хатшысы қызметіне жұмсайды. 1932 жылы Келес ауаткомын басқарып, одан соң Шымкентке облаткомға қызметке келеді. Сол жылдың аяғында ол Қаратас, сосын Арыс ауаткомдарының төрағасы қызметтерін атқарады.

1934 жылдың шілдесі мен 1936 жылдың мамыры аралығындағы соңғы қызметі ол үшін қауіпті сынақ болады. Ол «Әртүрлі шаруашылық-саяси шараларды жеткілікті деңгейде орындамағаны үшін» 1923 жылдан қатарында болған ВКП(б) қатарынан шығарылады. Сол мезгілдердегі бұл шара аса қатаң болып табылатын-ды да, енді оған қылмыстық іс ашылуға тиіс еді. Айтқандай, 1936 жылдың 25 қаңтары күні НКВД Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы оны тұтқындайды. Оны РКФСР ҚК әйгілі 58-бабының 14-тармағы бойынша іске тартып, Қазақ КСР Жоғары соты 5 жыл өмірін лагерде өткізу туралы қаулысын шығарады. Алайда сауатты адам өзін-өзі ақтай алады. Мәскеуге жүгінеді. Одақтық бас прокуратураның Арнаулы істер бойынша басқармасы 1936 жылдың 20 қазаны күні оның ісін «қылмыстық құрамының жоқтығына» байланысты жабады.

Енді елде қалу қауіпті еді. Қайтадан соғар жел оны аман қалдырмайтынын сезген ол көрші тәжік еліне ығысуды жөн көреді. Сауатты жан ол жақта да қара жаяу қала алмайды. 1937 жылы Қорғантөбе аудандық тұтынушылар қоғамында аға сауда инспекторы болып бастаған ол кейін Кировабад тұтынушылар қоғамында меңгеруші, Астық дайындау базасының директоры болып, шет жердегі жұмыстарын Қорғантөбе орталық жинақ кассасының меңгерушісі қызметімен аяқтайды.

Осы мезгілде 1940-1941 жылдары сырттай бухгалтерлік курсты бітіреді. 1942 жылдың 18 қарашасында әскер қатарына алынып,соғысқа Калинин майданы алғы шебінің санитарлық инструкторы ретінде қатысады. Қырғын арасында жүріп екі жерден жарақат алып, «Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежедегі мүгедегі» ретінде 1944 жылдың 30 наурызында елге қайтарылады.

Сәубет ақсақалдыңөз қолымен толтырған өмірбаянында: «еңбек еткен кезеңімде 12 жыл 5 ай партиялық, кеңестік және шаруашылық басқару қызметтерінде, 7 жыл 7 ай кооперативтік жұмыста, 3 жыл 4 ай қаржы саласында, 21 жыл бухгалтерлік есеп қызметінде, 2 жыл әскер қатарында болдым»депкөрсетеді.

Сәубеттің жолдасы Сағадат Ағатайқызы Маңғыттағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

Сәубет Исанов 1981 жылы, Сағадат Қарабалаева 1982 жылы Тақияташ қаласында өмірден өтті. Бұл ғазиз жандардың екеуі де мәңгілік мекендерін Хожейлідегі Жүсіп ишан қауымынан тапқан.

Міне, бір әулеттің қысқаша тарихы осындай. Оның мүшелерінің өмір сүрген, еңбек еткен мезгілдері қазақ елінің не бір зұлмат жылдарына тап келді. Бұл жайттарды ел тарихының бір әулет тағдырындағы көріністері деп әбден-ақ бағалауға болады.

 Әзірбай ОРАЗ,

медицина ғылымдарының кандидаты,

өлкетанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button