Спорт

Түркістандық асықшы турнир жеңімпазы атанды

Ұлттық споРт

Ақтөбе қаласында тұңғыш рет «Алаш сақасы» республикалық турнирінің финалдық кезеңіөтті. Оған Астана, Шымкент қалаларынан және Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстарынан келген 30 спортшы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешовұлттық спортты дамытуда өңірімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов асық ату спортын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы мен облыстық асық ату федерациясының президенті Әбілқайыр Сотқаровты «Асық спортының қайраткері» төсбелгісімен марапаттаса, турнирді өткізуге демеушілік көрсеткен Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Елтай Өтеғұлов пен Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің құрылтайшысы Рашид Құсайыновқа Алғыс хаттабыс етті.

Іс-шара сондай-ақ қазақ күресінен тұңғыш Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор  Ерғали Мұхитдинов пен қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасын тұңғыш рет Сыр өңірінде өткізуші, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Садық Мұстафаев «Алаш сақасы» турнирі «Қазақстан барысы» секілді ауқымды жобаға айналуын тілеп, шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончарев Асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлына ақтөбелік спортшылар атынан шапан жауып, құрмет көрсетсе, Қарағанды облысынан келген ұлттық санаттағы төреші Амангелді Нұрмұханов  биылғы су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы ана Эльвира Нұржауғанқызына турнирге қатысушы асықшылардың атынан 200 мың теңге қаржылай қолдау жасады.

Ашылу салтанатынан кейінжиналғандар дәстүр бойынша жеребе тарту рәсімін өткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген асықшылар өз кезегімен ортаға шығып, асық атты.

Тартысты өткен турнирдің нәтижесінде Түркістан облысынан келген асықшы Амандос Айтқұлов шашасына шаң жұқтырмай, «Алаш сақасы» турнирінің жеңімпазы атанды.

Оған ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің дипломы мен ұйымдастырушылар атынан алтын белбеу, медаль және 300 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.

Екінші орынды облысымыздың намысын қорғаған Ғарышбек Құлыбек иеленсе, үшінші орынды Павлодар облысының асықшылары Жомарт Нұрланов пен Қуаныш Қабылда өзара бөлісті. Жүлдегерлерге күміс және қола белбеу, сондай-ақ 200 және 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Бұдан бөлек жеңімпаздардың бапкерлеріне де сыйақылар табыс етіліп, көпшілік өз ризашылығын жеткізді.

— Өткен жылы Франция Президенті Эмманюэль Макрон елімізге келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге асық атып, содан кейін көпшіліктің ұлттық спортымызға деген қызығушылығы артты. Биыл наурыз айында Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылды. Ал биыл Ақтөбедеалғаш рет республика көлемінде «Алаш сақасы» турнирі ұйымдастырылды. Бұл турнир алдағы уақытта жыл сайын өтетін дәстүрлі додаға айналады деп сенеміз. Бұл шараны өткізудегі мақсат — ұлттық спортты дәріптеу, және дамыту. Аталған турнирге еліміздің 14 өңірінен 2 асықшыдан келіп қатысты. Ал біздің облыстан 4 асықшы қатысуға мүмкіндік алды. Олар —асық ату спортынан бас бапкер Аян Амантаев, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының инженері Ғарышбек Құлыбек, Байғанин ауданынан келген спортшы Нұрғиса Нұрлыбай және мұғалжарлық Әнуарбек Оспанов. Асықшыларымыздың арасындаҒарышбек Құлыбек екінші орынға ие болды, — дейді ҚР Асық ату федерациясының бас хатшысы, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button