«Ақтөбе» бір саты төмендеді
Премьер-Лига
19-20 қазан күндері Премьер-Лиганың 23-тур ойындары өтті. Көш басында тұрған «Ордабасы» сырт алаңда «Тобылдан» ұтылып қалды. Өз алаңында «Қайрат» «Тұранды» ойсырата жеңді. Семейде «Астана» ірі есеппен «Елімайды» ұтып, үшінші орынға көтерілді. «Қызылжар» «Атырауды» жеңсе, «Жеңіс» «Жетісудан» басым түсті. Алғашқы үш голды да соққан қызылордалық Айбар Жақсылықов онсыз да ең соңғы орында қалған «Шахтерді» одан әрі тұқыртты.
Бұл турда еш кездесу өткізбесе де, «Ақтөбе» бір саты төмендеуге мәжбүр болды.
* * *
Сонымен, күн тәртібінде биыл қай команда чемпион болады деген сауал тұр. Белгілі футбол мамандарының бірі «Чемпион соңғы ойында анықталады» деген болатын бұдан біраз уақыт бұрын. Премьер-лига чемпионаттарында ондай да жағдайлар болған. Мысалы, 2022 жылы тап сондай жағдайға кезіккенбіз. 23-турда «Тобылдан» ұтылып (0:1), 25-турда «Ордабасы» командасымен тең ойнағанның (2:2) кесірінен, ең соңғы 26-турда «Қайратты» ойсырата ұтқанымызбен (4:1) алтын медальға ұпайымыз жеткіліксіз болып қалған.
Ол маусымда чемпиондық атақты «Астана» жеңіп алып еді. «Астана» 53 ұпай жинаса, «Ақтөбе» 52 ұпаймен қатты өкініп қалған болатын. Үшінші орындағы «Тобылдың» 47 ұпай ғана жинағанын ескерсек, жерлестерімізге әлгі екі ойынның есебі кедергі болған.
Сол кезде бұны төрешілердің іші астаналықтарға бұра тартуынан деп есептеп, біраз өкпе айтқанымыз да өтірік емес еді. Тап осы екі кездесудің есебі расымен де ойынның шын бағасы ма, әлде төрешілер солай болуына ықыласты болды ма, қазір де тап басып айтуымыз қиын.
Ал былтырғы маусымның қорытындысы бойынша қола медальмен заңды түрде қанағаттануымызға тура келді. Өйткені әсіресе екінші айналымда «Мақтаарал»», «Каспий», «Ақсу», «Оқжетпес», «Жетісу» тәрізді командалармен тең ойнауымыз ұпайымызды кәдімгідей азайтып тастап еді.
Ал биыл ше?
Биыл алтын медальдан 5 команда дәмелі боп тұр.
Көш басында «Ордабасы» тұр. Бұл команданың өз алаңында «Жеңіс» пен «Елімайды» қабылдауы аса зор уайым емес деп есептесек те, Алматыда «Қайратпен» кездесуі үш ұпай әперуі неғайбылдау екені даусыз.
Ал екінші орында тұрған «Қайратқа» келсек… Сырт алаңда бұлар өткізетін екі ойынның есебі де («Жетісу», «Атырау») оңай болжамға көне қоюы қиын. Ал Алматыға келетін «Ордабасы», әрине, шебер қимыл-қарекеттерді талап етеді. Соңғы турларда «Тобылмен» тең ойнап, «Астана» мен «Ақтөбеден» ұтылғанымен, алматылықтар бұл кездесуге ерекше дайындалатынын ұмытпау керек.
Үшінші орынға шыққан «Астананың» бұлардан бір ойыны кем, артықшылығы да сол. Оның үстіне, астаналықтар төрт ойынның үшеуін өз алаңында өткізеді. «Ақтөбемен» кездесудің, сырт алаңда «Тобылмен» ойнаудың қиындықтары болғанымен, астаналықтар «Атырау» мен «Жетісуға» дес бермеуге тиіс.
Бесінші орында тұрған «Елімайдың» сырт алаңда өткізетін екі кездесуі ғана қалғанын ескерсек, бұлардың биыл алтын медальдан үміті аз болуға тиіс. «Атыраудың» да, «Ордабасының» да бұларға үш ұпайды оңай ұстата салуы қисынсыздау көрінеді.
Ал төртінші орынға ығысып кеткен «Ақтөбені» келесі турда «Астана» күтіп тұр. Бұл кездесуден дәтіміз қайтып қалмаса, одан соң сырт алаңда «Шахтерді», өз алаңымызда «Тұранды» тізгіндеп ұстаудың мүмкіндігі болатын сияқты көрінеді.
Қалай дегенде де, «Ақтөбеге» биыл алтын медальға қол жеткізу қиын. Бұл ретте өз командамыздың кездесулері қалай өтетінін ғана есептеу аздық етеді. Алғашқы бестікте тұрған басқа командалардың болашақ есептері қалай болатынын да еш ойдан шығаруға болмайды. Соңғы турларда «Астана» да, «Қайрат» та тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. «Ордабасы» командасына да қауіппен қарайтынымыз анық. Оған қосымша, аталған осы бестікке алтыншы болып «Тобыл» да қосыла кетуі ғажап емес.
Жалпы алғанда алтын медальды былай қойғанда, күміс, қола медальдарға ие болудың да қитұрқылары көп болып тұр. Қысқасы, осы үш медальдың иелері де соңғы турда анықталуы бек мүмкін. Ал өзімізге, мысалы, «Шахтермен» өтетін ойынымызға келетін болсақ, қарағандылықтар өз алаңындағы соңғы ойында жанкүйерлерімен көтеріңкі көңіл күйде қоштасуға тас түйін бекінуі мүмкін ғой. Ал «Тұран» чемпионат қорытындысы бойынша «Жеңістен» жоғары орында тұруға ынталанбайды деп кім айта алады. Дегенмен «Тобылдан» ірі есеппен ұтылған жерлестеріміз келесі турда «Қайратты» жеңгені әлсіздеу болса да үміттің шырағын жағып тұр. Әзірге.
* * *
23-тур кездесулері:
«Елімай»-«Астана» — 0:3
«Қайрат»-«Тұран» — 5:1
«Қайсар»-«Шахтер» — 5:1
«Қызылжар»-«Атырау» — 3:2
«Жеңіс»-«Жетісу» — 1:0
«Тобыл»-«Ордабасы» — 1:0
* * *
Чемпионат басталғалы командалар 156 кездесу өткізіп, қақпаларға 316 гол соғылды. Орта есеппен әр кездесуде 1,01 гол соғылды.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 6 гол;
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;
Фредди Гондола, шабуылшы — 2;
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;
Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 21 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 4 рет жеңілді. Ұпай саны — 37. Доп айырмашылығы — 34-23.
* * *
23-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Ордабасы» (Шымкент) — 39 ұпай;
- «Қайрат» (Алматы) — 38 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 37 ұпай;
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 37 ұпай;
- «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 33 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 29 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 28 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 23 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 22 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 20 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай.
* * *
24-тур ойындары:
26 қазан, сенбі
«Жетісу» — «Қайрат»
«Атырау» — «Елімай»
«Ордабасы» — «Жеңіс»
27 қазан, жексенбі
«Шахтер»— «Қызылжар»
«АСТАНА» — «АҚТӨБЕ»
«Тұран» — «Қайсар»
Е.АХАТҰЛЫ.