Спорт

Балуандарда 8 жолдама бар

Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар ұтып алған жолдамалардың саны 90-ға жетті. Өткен аптаның соңында рейтингтік жарыстар қорытындысы бойынша 5 жеңіл атлетіміздің Олимпиада жолдамасына иелік еткені жөнінде жарияланды.

Олар — Давид Ефремов (кедергілермен 110 метр қашықтықта жүгіру); Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева (биіктіктен секіру); Дэйзи Джепкемей (кедергілермен 3 мың метр және 10 мың метр қашықтықтарда жүгіру) және Ольга Сафронова (200 метр, жүгіру).

Ал 8 шілде күні үш күрес түрі бойынша халықаралық федерацияның — Біріккен күрес әлемінің (UWW) шешіміне сай Қазақстан құрамасына еркін күрестен қосымша жолдама берілді. Оның иегері — ақтөбелік балуан Мейрамбек Қартбай. Сонымен күрес түрлерінен қазақстандық балуандар еншісіндегі жолдамалардың саны 8-ге жетті.

Бұл Олимпиадада балуандар күрестің үш түрі — грек-рим, еркін және әйелдер күресі — бойынша әрқайсысынан 6 салмақ дәрежесінде, яғни барлығы 18 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Парижге жалпы саны 288 балуан барғалы отыр. Сонда әр салмақта әлем бойынша іріктелген 16 балуан өнер көрсетіп, 4-еуі спорт тарихында өз есімін мәңгі қалдыруға мүмкіндік алмақ.

Өткен Олимпиадалар қорытындысына тағы бір көз жіберсек, еліміз тәуелсіздік алғалы біздің спортшыларымыз 7 жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жалпы есебі 71 медаль алған болса, соның 16-сы — балуандардың еншісінде. Бұл көрсеткіш жағынан балуандар боксшылардан кейінгі (оларда — 24 жүлде) екінші орында тұр. Дегенмен бұл жерде мына жайтты ескеру керек: балуандар есебіндегі 16 жүлденің тек алтауы ғана (санаңыз: жартысына да жетпейді!) отандық күрес мектебінің өкілдеріне тиесілі жүлделер де, өзгелерін легионер спортшылар әперген. Легионерлердің дені — Ресей күрес мектебінің (Дағыстан, Тыва, т.б.) өкілдері. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Қазақстанға алтын медаль әперген балуан, бүгінде грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко біздің елге біржола сіңіп, 30 жылдан астам уақыт бойы тұрып жатса да, о баста спортшы ретінде оның Қырғызстан күрес мектебінің түлегі екеніне еш таласпау керек. Одақ тараған тұста Қырғызстандағы жағдай өте ауыр болғандықтан, шәкіртіне көрші ел атынан өнер көрсетуге рұқсат беруге мәжбүр болғанын оның 1993 жылға дейінгі бапкері Егор Мукштадт өз сұхбаттарында айтып жүр.

Күрес түрлерінен бүгінге дейін бұйырған 16 жүлденің біреуі ғана — алтын; 5-еуі — күміс, қалғандары — қола. Жалғыз алтынның иегері — жоғарыда аталған Юрий Мельниченко. Бұл жерде біз қазақтың күрес мектебінен де Олимпиада чемпиондары шыққанын айта кеткіміз келеді. Олар — Мәскеу Олимпиадасының чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров (грек-рим күрес, 48 кг) пен Шәміл Серіков (грек-рим күрес, 57 кг). Алайда бұл кеңес дәуіріне тиесілі жетістіктер екені белгілі. Ал тәуелсіздік дәуірінде әзірге қазақтың өз мектебінен Олимпиада чемпионы шықпай тұр.

Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның өз мектебінен шыққан Олимпиада жүлдегерлерін атасақ: Мәулен Мамыров (52 кг) еркін күрестен Атланта Олимпиадасында қола жүлде алды. 2000 жылы Сиднейде еркін күрестен Ислам Байрамуков (97 кг) күміс медальға қол жеткізсе, Пекинде оның осы табысын грек-рим күресі бойынша Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) қайталады. 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес, 66 кг) Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ал 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қыздарымыздың жолы болды: Элмира Сыздықова (69 кг) мен Екатерина Ларионова (63 кг) қола жүлде иеленді.

Ал биылғы Олимпиадаға қазақстандық балуандар, жоғарыда айтқанымыздай, 8 жолдама жеңіп алды. Оның 4-еуі — грек-рим, тағы 4-еуі — еркін күрес шеберлерінің еншісінде.

Ең алдымен 2023 жылғы әлем чемпионатында Қазақстанға екі жолдама бұйырған еді. Бұл чемпионатта әр салмақтан 5 жолдамадан сарапқа салынды: 4 жолдама жүлдегерлерге беріліп, оларға қоса 5, 6-орын алған балуандар соңғы жолдама үшін өзара күресті. Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг) осы чемпионатта жүлдегер атанып, Олимпиада жолдамасын ұтып алды.

Азамат — екі мәрте әлем чемпионатының (2022, 2023 жж.) қола жүлдегері, сондай-ақ үш мәрте Азия чемпионы атанған, өз салмағындағы мықтылардың бірі екенін мойындатқан балуан. Бабы мен бағы келісіп, Олимпиадада үлкен жетістікке қол жеткізеді деп үміттенеміз.

Сондай-ақ осы чемпионатта 5-орын алған грек-рим күресінің шебері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) та Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ол — 2014 жылғы Азия чемпионы, одан бөлек 3 рет Азия чемпионатының жүлдегері атанған.

Екінші іріктеу жарысы биылғы сәуір айында Бішкекте өтті. Оған жоғарыда аталған екі салмақтан бөлек, барлық олимпиадалық салмақ дәрежесінде, яғни 16 қазақстандық балуан қатысты. Соның ішінде 5 адам ғана өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдалана білді.

Бішкекте грек-рим күресінен қазақстандықтар 3 жолдама ұтып алды. Атап айтқанда, екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2021 жылғы Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали (60 кг); 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 4 мәрте Азия чемпионатының жүлдегері Демеу Жадыраев (77 кг) пен 2022 жылғы Азия чемпионы, одан бөлек екі мәрте құрлық біріншілігі мен Азия ойындарының жүлдегері Әлімхан Сыздықов жолдама иегері атанды. Мұның ішінде Әлімхан жолдаманы жарыс қожайыны, қырғызстандық балуан Роман Киммен белдесуде жеңіп алды. Қырғыз балуаныне жүйкесі тозғаны, не арандату әрекетін жасағысы келгені белгісіз, күрес кезінде Әлімханды бетінен шапалақпен салып жіберді. Бұл үшін Әлімханның пайдасына екі ұпай жазылды. Біздің балуанарандатуға ермей, өзін сабырлы ұстай білді. Қорытындысында қырғыз балуаны жолдамадан айырылды.

Бішкекте еркін күрестен ұлттық құрама сапынан Әлішер Ерғали (97 кг) мен Юсуп Батырмырзаев (125 кг) Олимпиада жолдамасына ие болды.

Әлішер — осы құрама сапындағы үздік балуандардың бірі. Ол — Азия чемпионатының 4 мәрте жүлдегері. Токио Олимпиадасында алғашқы айналымнан оңай өткенімен, өкінішке қарай, төрешілердің әділетсіздігі салдарынан екінші белдесуден кейін жарыстан шығып қалды. Бапкерлердің айтуынша, төреші алдымен Әлішердің 4 ұпайлық әдісіне екі ұпай ғана жазса, одан кейін 1 ұпайлық әдісін мүлде елеусіз қалдырған. Сөйтіп, 10:8 есебімен жеңетін жерінен 7:8 есебімен «ұтылған» екен. Біздің тараптың шағымынан кейін бұл белдесудің бас төрешісі Ойыннан қуылған, ал қалғандарына ескерту берілген. Амал не, тәртіп бойынша есеп өзгертілмейді екен…

Осындай әділетсіздікті басынан өткерсе де, Әлішер мойымай, келесі Олимпиада жолындағы жарыстарға қосылып қана қоймай, жолдамаға да ие болып отыр.

Юсуп Батырмырзаев (125 кг) — Парижге баратын балуандарымыздың қатарындағы жалғыз легионер, Дағыстан күрес мектебінің өкілі. Бұл әлемдегі ең үздік мектептердің бірі екені белгілі. Расы керек, Юсупты легионер деп атауға да қимаймыз, біріншіден, ұлты — ноғай, қазаққа туыс халық; екіншіден, ол 2013 жылдан, яғни он жылдан астам уақыттан бері Қазақстанның, соның ішінде Ақтөбе өңірінің атынан өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019), Азия чемпионы (2020) және Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2023) атанды.

Еркін күрестен соңғы жолдаманың жайын жоғарыда айттық. Олимпиадаға бірінші рет қатысқалы тұрған Мейрамбек Қартбайдан күтеріміз көп. Үмітіміз ақталғай!

Ал күрестен әйелдер құрамасы Париж Олимпиадасына бірде-бір жолдама ала алмады. Үш рет қатарынан әлем чемпионатында жүлде (екі мәрте күміс, 2023 жылы — қола) иеленген Жәмила Бақбергенова 72 кг, яғни олимпиадалық емес салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол 76 кг салмақ дәрежесіне ауысқанымен, 7-8 ай уақыт ішінде жаңа салмақта үздіктер қатарына қосылып үлгермеді. Ал Рио Олимпиадасының жүлдегері Элмира Сыздықова осы салмақта мамыр айында Ыстанбұлда өткен іріктеу турниріне қатысып, жолы болмады. Енді балуан қыздарымыз бұл Олимпиаданы тек жанкүйер ретінде ғана тамашаламақ…

Баршамыз Парижде балуандарымызға сәттілік серік болады деп үміттенеміз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button