Спорт

Анар — Азия және Океания чемпионы

Қытайдың Макао қаласында жауынгерлік самбодан өткен Азия чемпионатына 25 мемлекеттен 450 спортшы қатысты.

ҚР Ішкі істер министрлігі Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты арнайы-тактикалық даярлық кафедрасының оқытушысы, полиция майоры, дзюдо мен самбодан спорт шебері Анар Сейтімова 80 килограмнан жоғары салмақ дәрежесіндеұлттық құраманың намысын абыроймен қорғады.

Ақтөбелік спортшы біріншілік барысында алдымен Өзбекстан өкілін айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль үшін сынға түсуге жолдама алды. Ал ақтық айқаста Түркіменстан елінің спортшысымен шиеленісті жекпе-жек өтті. Екі қарсылас бұған дейін 2022 жылы Ливан мемлекетінде өткен Азия чемпионатының финалында кездескендіктен бір-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Жекпе-жек тағдырын бір ұпай шешіп, жеңіс жерлесіміздің еншісіне жазылды. Қытай мемлекетінде көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.

—Бұл жарысқа Алматы қаласындағы олимпиадалық резерв даярлайтын «Алексеевка» спорт базасында 14 күн дайындық жүргіздік. Біріншілікке тыңғылықты дайындық жүргізуге барлық жағдай жасалды. Чемпионат кезінде түркіменстандық спортшымен өткен финалдық жекпе-жек қиынға соқты. Алайда бапкерлердің нұсқауы мен тактикасын сауатты орындап, жеңіске лайықты деп танылдым. Осы орайда біріншілікте бақ сынауға қолдау білдірген институт басшылығына алғысымды білдіремін, — деді спортшы.

Бұл — Анар Серікқызының Азия және Океания чемпионатындағы екінші алтыны. Бұдан бөлек дзюдодан Еуропа кубогында 2 рет, самбодан 2 рет Әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Сонымен қатар спорттық самбодан 5 мәрте Азия чемпионатының алтынын иеленіп, бірнеше рет ел біріншілігінде топ жарған болатын.

 Бекет АЙСҰЛТАН,

ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің

инспекторы, полиция аға лейтенанты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button