Спорт

«Олимпиада дегеніміз — тағдыр»

Осы айдың ішінде, 26 шілдеде Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары басталады. Біздің спортшыларымыз қазіргі күні жолдамалар санын 83-ке жеткізіп отыр. Соңғы үш жолдаманы жүзгіштер — Әділбек Мусин мен Ксения Игнатова алды. Әділбек екі тәсіл (баттерфляй және еркін жүзу) бойынша 100 метр қашықтықта бақ сынайды, ал Ксения сол қашықтықта шалқалай жүзуден жарысқа қатысады.

Туризм және спорт министрлігі кеше ғана Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк Байрағын алып шығатын спортшылардың атын жария етті: олар — ұлттық бокс құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетші Ольга Сафронова.

Сондай-ақ «Олимпиадада кімдерден медаль күтеміз?» деген сауалға орай, туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев ең алдымен боксшыларды ауызға алған еді. Бұл тегіннен-тегінемес екенін спортқа жанкүйер әр қазақстандық жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері біздің спортшыларымыз 7 жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жалпы есебі 71 медаль алған болса, соның үштен бірі — боксшылардың еншісінде.

Қазақстан ұлттық бокс құрамасы өткен Олимпиадаларда 24 жүлде (ерлер құрамасы — 22 медаль; әйелдер құрамасы — 2 медаль) иеленген. Олардың 7-еуі — алтын медаль. Қазақстан спортшылары бүгінге дейінгі жазғы Олимпиадаларда 14 алтын жүлде жеңіп алған болса, осының жартысын, көріп отырғаныңыздай, боксшыларымыз әперген.7 алтыннан бөлек, боксшылардың еншісінде 7 күміс және 10 қола медаль бар.

Боксшыларымызға қатысты тағы бір атап өтер жайт — ерлер құрамасы биыл үшінші Олимпиада қатарынан толық құраммен қатысқалы отыр. Бұл да ешоңайға түспейтінін, шеберлік пен табандылықтың арқасында келетінін мойындау керек.

Дегенмен соңғы Токио Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құраммен, яғни 8 адам болып барып, екі қола жүлдені ғана місе тұтты. Бұл — боксшылар үшін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Еске түсірсек, 2021 жылы Токиоға қазақстандық боксшылар әлсіз құраммен кетпеген еді: 81 кг салмақ категориясында Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы дәрежесінде аттанды. Әсіресе Бекзаттың 2019 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында 4 дүркін әлем чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, кубалық Хулио де Ла Круспен жекпе-жектегі жарқын жеңісі жанкүйерлерге үлкен сенім сыйлаған еді. Рингте алмас қылыштай жарқылдайтын Серік Сәпиев, Данияр Елеусіновтерді жоқтатпайтын жаңа толқын өкілін көргендей болғанбыз. Алайда Бекзат Токиода өте-мөте сүреңсіз өнер көрсетіп, ширек финалға да жетпестен жарыс жолынан шығып қалды…

Сондай-ақ басқа да боксшылар — 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл (75 кг); Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері, ал ең бастысы, Риода бүкіл әлем жанкүйерлері алтынға лайық, яғни финалда әділетсіздік құрбаны болды деп санаған, сондықтан Токиода есе қайтаруға тырысады деп күткен Василий Левит (91 кг); 69 кг салмақ дәрежесін «қазақтың салмағы» атандырған Бақтияр Артаев (Афины, 2004), Бақыт Сәрсекбаев (Пекин, 2008), Серік Сәпиев (Лондон, 2012) және Данияр Елеусіновтердің (Рио-де Жанейро, 2016) жолын жалғастырады деп үміттенген Абылайхан Жүсіпов те жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Тек әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) пен әлем чемпионатының қолажүлдегері Сәкен Бибосынов (52 кг) қана қола медальмен оралды.

Биылғы Олимпиадаға баратын боксшылардың арасында өткен құрамнан осы Қамшыбек пен Сәкен ғана қалды. Жалпы, екі аралықтағы ірі жарыстарда Қазақстан құрамасы ала-құла өнер көрсетті. Боксшыларымыз 2021 жылы Белградта және 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионаттарында жарқын өнер көрсетіп, екі біріншілікте де жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Белградтан 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль әкелсе, ал Ташкентте 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. Алайда былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азиада ойындарында… алтын ала алмады. Бұл Азиадада боксшыларымыз 1 күміс, 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 7-орында қалды.

Биылғы жазғы Олимпиадада боксшылар ерлер арасында — 7; әйелдер арасында — 6, барлығы 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Қазақстанның ерлер құрамасы Парижге толық құраммен баратынын жоғарыда айттық, ал қыздарымыз 3 жолдамаға ие болды, барлық жолдамалар саны — 10.

Қазақ боксшыларының арасынан Париж Олимпиадасының жолдамасыналғашқы болып, 2023 жылғы жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері ретінде Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова иеленді.

2016 жылғы Олимпиададан соң Иван Дычко кәсіби боксқа ауысқандықтан, Қамшыбек Қоңқабаев аса жоғары салмақта ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысына айналған еді. Қамшыбектің жасы — 30-да. Қазір әлемдік рейтингте 3-орында тұр. Ол тек әуесқой бокста ғана емес, бірінші ауыр салмақта кәсіби бокста да өнер көрсетіп жүр.

Әрине, Олимпиадада әлсіз қарсылас болмайды, алайда Қамшыбектің ең мықты қарсыластарының бірі — өзбекстандық боксшы Бахадүр Жалолов. Қамшыбек әзірге онымен рингте 9 рет кездесіп, 3 рет қана жеңген. Әсіресе соңғы жылдары Бахадүр Қамшыбек үшін «алынбас қамалға» айналып, құрлықтық жарыстарда алтынға қол жеткізе алмай жүр. Жалоловтың бойы ұзын, Қамшыбекпен салыстырғанда дене тұрқы өз салмақ катогориясына лайық және соққылары ауыр. Дегенмен жанкүйерлер Қамшыбектің оны тактикалық тұрғыда жеңіп шығуына болатынын жоққа шығармайды.

Ал Карина Ибрагимова (57 кг) — үш мәрте әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2022 жылғы Азия чемпионы.

Көктемде Италияның Буцто-Арсицио қаласында өткен іріктеу турнирінде боксшыларымыз 5 жолдама жеңіп алды. Жолдама иегерлерінің бәрі де ерлер құрамасының мүшелері. Ал қыздарымыз бұл турнирден құр қол қайтқан еді.

51 кг салмақ дәрежесінде Парижде еліміздің атынан Сәкен Бибосынов өнер көрсетеді. Токио Олимпиадасынан кейін ол алдымен 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, өзінің мықтылығын тағы бір мойындатты. Әсіресе оның осы чемпионатта Рио Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Досматовты жарыс жолынан шығарғаны жанкүйерлер есінде қалды. Бірақ өткен жылғы Азия ойындарында Хасанбой да Сәкенді жеңіп, өзара жекпе-жектер қорытындысы бойынша есепті теңестірді. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында да Сәкеннің жолы болмады. Әйткенмен ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Парижде Бибосыновтанүлкен үміт күтуге негіз бар.

57 кг салмақ дәрежесіндеел намысын қорғайтын Махмұд Сабырхан — талантты боксшылардың бірі. Ол 54 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері және әлем чемпионы атанған. Қазір олимпиадалық салмаққа ауысып, аз мерзімде Париж Ойындарының жүлдесіне қол жеткізе алып отыр. Парижде өзінің мықтылығын тағы бір көрсетеді деп сенеміз.

71 салмақ дәрежесінде ұлттық құрама капитаны, Ту ұстаушымыз Асланбек Шымбергенов өнер көрсетеді. Ең алғаш 2014 жылы Қазақстан чемпионы атанған Асланбек көп жылдар бойы Данияр Елеусінов, Абылайхан Жүсіповтердің көлеңкесінде қалып, құрамадан өз орнын ала алмады. Тек Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін ғана, бапкерлер оны негізгі құрама сапына қосты. Орда бұзар 30 жастағы Асланбек өткеннің есесін қайтарып, Парижден олжалы оралса екен дейміз.

Ұлттық бокс құрамасы сапында тұңғыш рет Олимпиадаға егіздер кетіп бара жатыр: 80 және 92 кг салмақ дәржелерінде ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар ел намысын қорғамақ. Екеуі де жасөспірімдер, жастар арасындағы жарыстарда ең биік жетістіктерге жеткен талантты боксшылар. Ересектер арасында да құралақан емес: Нұрбек — қазіргі әлем чемпионы, ал Айбек — 2022 жылғы Азия чемпионы. Жас боксшыларымыздың Парижге құр тәжірибе жинап қайту үшін емес, биік шыңдарды бағындыру мақсатымен бара жатқаны сөзсіз. Сәттілік серік болғай!

Ерлер құрамасынан Париж Олимпиадасының соңғы жолдамасын 23 мамыр-3 маусым аралығында Таиландта өткенсоңғы іріктеу турнирінде Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) жеңіп алды. Мұхамедсабырдың жолдамаға иелік етуде жолы ауыр болды: ол Буцто-Арсициодан құр қол қайтып, алдымен ішкі шағын турнирде, одан соң Тайландта, яғни 2,5 ай ішінде 11 жекпе-жек өткізіп барып, өз мақсатына жетті. «Басы қатты болса, соңы тәтті болады» дегендей, осындай ауыртпалықпен келген жолдама нәтижесіз қалмайды деп үміттенеміз.

Таиландтағы соңғы іріктеу турнирінде қыздар арасынан екі мәрте әлем чемпионы (2012, 2016 жж.) Назым Қызайбай мен 2016 жылғы әлем чемпионы, екі мәрте әлем чемпионаттарының қола жүлдегері (2022, 2023 жж.) Валентина Хальзова да Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Сонымен, қыздар жолдамалардың санын үшке жеткізді. Бокстан әйелдер құрамасы үшін бұл — тарихи жетістік. Өйткені бұрын бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Олимпиадаға 1-2 жолдамадан ғана алса, биыл алғаш рет 3 жолдамаға қол жеткізіп отыр.

Әйелдер боксы ең алғаш Олимпиада бағдарламасына 2012 жылы Лондонда енді. Содан бері Қазақстан атынан Олимпиадаға 5 спортшы қатысып, оның ішінде Марина Вольнова (2012) мен Дариға Шәкімова (2016) қола жүлде иеленді. Парижде боксшы қыздарымыз медаль саны мен сапасы жағынан да тарихи жетістікке қол жеткізсе деп тілейміз.

Парижде барлығы 248 боксшы өнер көрсетеді. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы бұл жарыстан шеттетілген.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин жуырда америкалық журналист Кэвин Айолге берген сұхбатында: «Менің спортшы ретіндегі түсінігім бойынша, Олимпиада дегеніміз, негізінен, тағдыр» — деп, шеберліктен гөрі сәттіліктің көбірек рөл атқаратынын айтқан еді. Өйткені бұл жарысқа шеберлік деңгейі шамалас спортшылар жиналатыны белгілі. Халқымызда да: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» — деген сөз бар. Алдағы Олимпиадада әлем мойындаған Қазақстан бокс мектебіне Алла бақ пен абырой бергей дейміз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button