Құқық

Опындырған ойын

Жалпы жұртшылыққа да, мекемелерге де Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес казино мен ойын автоматтар залдары тек қана нақты көрсетілген ойын аймақтарында, атап айтқанда, Алматы облысының аумағындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Шортанды ауданында жергілікті атқарушы органдарымен белгіленген шекте орналасуы қажеттігі мәлім.

Бірақ, осындай тыйымға қарамастан, бұл салада заңсыз қызмет көрсету арқылы табыс табуға құмартатындар табылып қалатыны бар. Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) Заңмен бекітілген жерлерден тыс орналасқан немесе қолданыстағы заңдарды бұзушылықпен қызмет ететін казино мен ойын автоматтар залдарын анықтауды және жолын кесуді үнемі назарда ұстайды.

Ағымдағы жылдың басынан бері департамент ойын бизнесі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік фактілері бойынша 3 қылмыстық істі қозғады. Бұл істерді тергеу аяқталып, сотқа жолданды.

Мысалы, О.В. Рогашков 2011 жылдың тамыз айында Ақтөбе қаласында тиісті лицензиясыз және «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзып, аса  ірі мөлшерде заңсыз табыс әкелетін ойын бизнесін ұйымдастыру мақсатында заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асырғаны үшін айыпталды.

2011 жылдың 29 тамызына қараған түні «Минари» кафесінде орналасқан  ойын салонында  өткізілген  жедел-іздестіру іс шаралары барысында, покер ойынына арналған 6 ойын үстелі, рулеткамен жабдықталған 1 үстел, 3 мың дана ойын фишкалары, 183 ойын карта колодалары табылып, тізімге алынды. Сондай-ақ казино кассасынан 10 мың АҚШ доллары және 2,3 млн.теңге және табылып, алынды. Сарапшының қорытындысына сәйкес, жасырын казинода осы көрсетілген мерзімде қызмет етуден тапқан  заңсыз табыстын сомасы 3,7 млн.теңге құрайтын болып шықты.

Қылмыстық іс тергеу аяқталған соң, сотқа жолданды. Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен О.В. Рогашков ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің «б»-тармағында

көрсетілген қылмысты (заңсыз кәсіпкерлік) жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Кінәлі қылмысты қадам жасағандығында шын көңілмен өкінгендігі, бұрын сотталмағандығы, жақсы мінездемесі бары, отбасы және асырауында кәмелетке толмаған бала бар екендігі ескерілді. Ойын бизнесінің заңсыз қызметінің жолын кесу бойынша іс шаралар  жүргізу барысында табылып алынған 10 мың АҚШ доллар және  2,3 млн.теңге айғақты заттар ретінде мемлекет пайдасына айналдырылып, кінәліге мемлекет пайдасына 1000 (бір мың) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сомасы 1 млн. 512 мың теңге айып түрінде жаза тағайындалды.

Департамент биылғы жылғы 29 тамызда Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан покер клубында өткізілген жедел-іздестіру іс шараларының барысында тағы бір азаматтың  ойын бизнесі саласында  заңсыз кәсіпкерлік  қызметімен айналысу дерегін анықтады. Бөлмені қарау барысында үш покерлік үстел табылды, сондай-ақ мекеменің кассасынан қаражаттар алынды. Азамат А. өз жауабында спорттық покерді ойнауға  үйрету қызметімен айналысқанын түсіндірді. Бірақ тергеу алдындағы тексеріс барысында оған дене шынықтыру-сауықтыру, спорт   қызметін көрсетуге мемлекеттік лицензия берілмегені анықталды. Бұл азаматты әкімшілік құқық бұзушылық құрамының  белгілерімен әкімшілік  жауапкершілікке тарту мақсатында материал Ақтөбе облысының прокуратурасына жолданды.

Жалпы өткен жылы департаменттің өндірісінде заңсыз кәсіпкерлік бойынша, атап  айтқанда, ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 6 қылмыстық іс болды, бұл істер бойынша тергеулер аяқталып, сотқа жолданды.

 

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) материалы бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button