«Jasyl сгоѕѕ-2024» плоггинг-марафоны өтті
«Жасыл ел» еңбек жасағының жастары мен қалалық және облыстық мәслихат дептутаттары, жастар ресурстық орталығының мамандары Ақтөбе су қоймасы жағалауын күл-қоқыстан тазартты. Іс-шара аясында «Jasyl сгоѕѕ-2024» плоггинг-марафоны ұйымдастырылды.
Облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының және «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, плоггинг іс-шарасы көптің жұмыла жұмыс жасауының нәтижесінде жүзеге асырылады.
— Плоггинг — жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін экологиялық қозғалыс. Бұл сөз екі ұғымнан тұрады: швед тілінен аударғанда «plocka upp» және «jogging».
Жастар ырғақты музыканың әсерімен су қоймасы жағалауындағы шашылған қоқысты тез жинап, қоқыс салуға арналған қапшықтарын тезірек толтыруға тырысты. Өйткені марафонда кім жылдам, көп көбірек жинайды, сол жеңіске жетеді. Осы жолғы марафонда 20 тонна қоқыс жиналып, қағаздар, пластикалық, шыны бөтелкелер, пакеттер арнайы жүк көлігіне тиеліп, қоқыс полигонына жөнелтілді. Марафонға 5 адамнан жасақталған 30 команда қатысты. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен медальдар табысталды, — дейді ол.
Бұл акция жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірінші және соңғы іс-шара емес. «Abyroi school» түлегі Аружан Акчурина «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында биыл екі жыл қатарынан еңбек етіп жүргенін айтады:
— Тазалықты жақсы көретін әрбір адам, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Жасақ сарбаздарының әр күні қызықты өтеді. Плоггинг іс-шарасында жағалаудың арықтарын тазаладық. Жағажайға тынығатын адамдар да экологиялық акцияны жалғастырғанын қалаймыз, — дейді ол.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 213 мың 954 тұрғын қатысып, оған 5 993 мекеме мен кәсіпорын жұмылдырылды. Акция аясында 18 мың 982 аула, 2 326 көп қабатты үй және 16 мың 656 жеке үй аулалары тазартылды. Еріктілер еңбек ардагерлерінің, қарттардың үйлерінің аулаларын ретке келтірді. Өңірдегі 276 саябақ пен гүлзардың қоқысы жиналды. Қала мен елді мекендерде 285 мың 910 ағаш пен 6 350 көшет егілді. Көгалдандыру жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары белсене атсалысты. Үш ай ішінде барлығы 205 су айдынының жағалауы, 41 жасанды су қоймасы мен субұрқақтардың айналасы, 84 мың 526 метр арық күл-қоқыстан тазартылды. Бұлақтардың айналасы сынған ағаш бұтақтарынан тазартылып, қоршаулар мен орындықтар сырланып, ағаштар әктелді. Сондай-ақ 256 тарихи-мәдени ескерткіштің айналасы тазартылып, алаңдарды тазалауға 2866 бірлік техника жұмылдырылды. Қоқыс полигондарына 30 мың 905 тонна қалдық шығарылды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.