Ресми

Коммуналдық шаруаның серпілісі

Кеше Астанадан келген құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Серік Нокин Ақтөбе қаласындағы бірқатар кәсіпорындардың ұжымымен кездесті. Еліміздің Индутрия және сауда министрлігіне қарасты комитет басшысы алдымен «Трансэнерго» АҚ ғимаратында өткен кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы басым бағыттар мен тың жаңалықтар жайында әңгімелеп берді.

Ақтөбе қаласының бұрынғы әкіміне бұл ұжым да бейтаныс емес. Бір кездері облыс орталығының жылуы мен ыстық суына жауапты кәсіпорынға басшылық еткен Серік Кеңесұлы коммуналдық шаруашылықтың қыр-сырына осы жерден қанықты десек, артық айтқандық болмас.

Әрине, биыл әлемдегі экономикалық дағдарысқа байланысты Елбасы өз Жолдауында жылдағыдай алысқа құлаш сермемей-ақ, жылдан-жылға қордаланып қалатын ел ішіндегі, қала аумағындағы, ауыл-ауылдағы кем-кетіктердің орнын толтыру қажеттілігіне мән берген болатын.

Серік Нокиннің мәлімдеуінше, қазақстандықтардың тірліктегі барлық саласы қамтылған Жолдаудың мәні ерекше. Мысалы, қоғам өте сүйіспеншілікпен қабылдаған осы құжат аясында көптеген жұмыстар атқарылмақшы. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының жылу мен су жүйесіне ғана республикалық қазынадан 5 миллиард теңге бөлінгелі отыр. Оның төрттен бірі тозығы шыққан су және кәріз құбырлары жүйесін ауыстыруға жұмсалады. Бұл – бұрын-соңды бөлінбеген қаражат көлемі.

Аталған жұмыстарға «Жол картасы» жобасы арқылы ғана тыңнан адам тарту көзделген. «Жол картасы» ел дамуының айнасы екендігі даусыз дейді Серік Кеңесұлы.

Комитет бастығы өз қызметінің мән-жайына да кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, үлескерлер мәселесінің біржақты болып жатқандығын айтып қуантты.

Сонымен қатар еліміздің заң шығару палаталарында талқыланып жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын ретке келтіретін заң жобасының артықшылықтары туралы баяндады.

Серік Нокин кеше «Стройдеталь» және Ақтөбе хром қосындылары зауыттарының ұжымымен де кездесіп, екі жаққа да жылы тиген әңгімелерге ерік берді.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button