Жаңалықтар

Каникулдың бір күні Ағылшын тіліне арналды

Байқау

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының жанынан ашылған Америка бұрышы және Мейкерспейс кеңістігіSpelling Bee (ағылшын сөздерін әріптеп айту) байқауын өткізді. 

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жанындағы Ақтөбедегі Америка бұрышы және Мейкерспейс кеңістігінің үйлестірушісі Айзада Өтешованың айтуынша, Spelling Bee байқауы — халықаралық жарыс, мұнда қатысушы ағылшын сөздерін әріптеп айтады, көп сөзді дұрыс айтқаны жеңімпаз атанады.

Ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыру, тіл үйренушілердің білім деңгейін көтеру және жастар арасында тіл мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға қаламыздағы №25, №28 орта мектептердіңжәне М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның оқушылары қатысты. Байқаудың тізгінін қолына алған Фулбрайт бағдарламасы бойынша қаламызға келген тіл маманы, ағылшын тілі оқытушысы Мерфи Стефани жарыстың ережелерін түсіндіріп, қатысушыларға тапсырма берді.

Іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткен қалалық мәслихат төрағасы, «Commyniti Connections» бағдарламасының түлегі Анар Даржанованың айтуынша, Spelling Bee — Америкада пайда болған және қазір бүкіл әлемде танымал жарыс.

— Балалар жазғы демалысын тиімді пайдалануға тиіс.  Сондықтан оларға әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ағылшын тіліне деген қызығушылығын, әлеуетін арттыратын заманауи құрал ұсынуды жөн көрдік. Біздің ұсынатын құралымыз балалардың сұранысына сай болуына мән бердік. Соның бірі — бүгінгі байқау. «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» дейді ғой. Егер бала ана тілімізбен қатар, ағылшын тілін жетік меңгеретін болса, керемет емес пе!?Мұндай іс-шара — балалардың жазғы уақытын тиімді пайдалануға, ағылшын тілі бойынша білімін сынап, байқауда бақ сынауға тамаша мүмкіндік, — дейді Анар Даржанова.

Байқауға үздік оқитын бір топ оқушыны әкелген №28 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Болғанай Күмісқалиева қазіргі уақытта балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы жоғары екенін айтады.

— Мектеп оқушыларының арасында ағылшын тілі пәнінен олимпиада жүлдегерлері де бар. Оларды мақтан тұтамыз. Мәселен, №28 мектептің биылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері Дамирали Кутманов — мектебіміздің мақтанышы, — дейді Болғанай Күмісқалиева.

Білім додасында №25 орта мектептің оқушысы Егор Компаниец ағылшын тілін жетік меңгергенін көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ал №28 мектептің оқушысы Мөлдір Сламғали екінші орынға ие болды. №28 мектептің оқушысы Жанғали Білтаев үшінші орынды иеленді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға қатысқандығы жөнінде сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, Spelling Bee байқауы оқушыларға тілдік дағдыларды дамытуға ғана емес, табандылықты, өзіне сенімділікті және білімге ұмтылысты тәрбиелеуге көмектеседі. Жыл сайын бұл жарыстың танымалдылығы артып, қатысушылары көбейіп келеді екен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button