Жаңалықтар

Сулы-жасыл бульварда субұрқақтар жөнделеді

Бүгін қаланы аралаған облыс әкімі Асхат Шахаров 11 ықшамауданындағы орталық саябақ және сулы-жасыл бульвардың жағдайымен танысты. 

Сулы-жасыл бульварда 4 субұрқақбар, оның бәрі жұмыс істемей тұр. Су ағатын жүйесімен бірге, сыртқы қасбетін де жөндеу қажет.

Бульвардағы субұрқақтардың сорғылары мен суару құрылғыларын жөндеумен 2022 жылдан бастап «Шалқар бастау» ЖШС айналысып келеді. Мердігер өз міндеттемелерін орындамай, оны қалалық ТКШ бөлімі сотқа берді. Биыл сот аяқталып, «Шалқар бастау» ЖШС жобада айтылған жұмыстарды орындауды міндетіне қайта алды.

Сонымен қоса, мердігер 12 ықшамауданы, Халық банкі, облыстық соттың аумағы, Орталық саябақтағы субұрқақтарды жөндеу жұмыстарын бастады. Оның ішінде, 12 ықшамауданы субұрқақ іске қосылды, ал облыстық сот аумағындағы субұрқақ– аяқталу сатысында.

Облыс әкімі мердігерге бұл жұмыстарды тез арада және сапалы орындауды тапсырды.
«Субұрқақтар – әрқашан да адамдарды қызықтыратын орын. Әсіресе ыстық ауа-райы кезінде нағыз демалатын жер. Бұл бульварда субұрқақтардың жанында бұрын концерттер ұйымдастырылды. Адамдар демалып, музыка тыңдайтын. Ал қазір бұл жерге ешкім келмейді, өйткені бәрі қараусыз қалған. Қандай әдемі демалыс аймағы болғанын айтпасақ та, бәрі біледі. Субұрқақтарды жөндеп, су ағатын жүйесін іске қосып қана қоймай, плиткаларды ауыстырып, қоршаулар қою керек. Бульвардың бұрынғы гүлденген түрін қайтарған жөн», – деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров мердігерге бульвар мен саябақ аумағын қалпына келтіруді, күтіп-ұстау жұмыстарын қолға алуды да тапсырды.

💬 Өңір басшысы Алтын орда шағын ауданында орналасқан Тәуелсіздік көшесіндегі бос аумаққа барды. Бұл жер болашақта бульварға айналмақ. Оның аумағын көгалдандыру үшін абаттандыру жобасы әзірленді. Мердігер облыс әкімін жобамен таныстырып, бульварға ағаш отырғызу күзде басталып, келесі жылдың көктемінде жалғасатынын айтты.

Айта кету керек, бульварды абаттандыру жобасын «Парыз» ҚҚҚ қаржыландырады. Құны 2,2 млрд теңгені құрайды.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button