Денсаулық

Облыста репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Апталық

Облысымызда 24-28 маусым аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева айтты.

Оның айтуынша, бұл апталықтың мақсаты — халықтың репродуктивті денсаулық жағдайын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

— Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жағдайларын жасауға қатысты міндеттер Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау әдістері туралы ақпараттарды аз білетіндігі, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуының өсуі, сондай-ақ жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын адам папиллома вирусының алдын алу қажеттілігі сияқты мәселелерді шешуге бағытталған.

Апта аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, денсаулық сақтау орталықтарында Ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады, — деді М.Қорғанбаева.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Алмагүл Сүлейменованың айтуынша, аталған апталық аясында өңірімізде бірқатар іс-шаралар кешені ұйымдастырылады. Мәселен, кеше Ақтөбе қаласындағы  жастар денсаулық орталықтары базасында Ашық есік күндері өткізілсе, бүгін, 25 маусымда, Шығармашылық академиясында облыстағы бас штаттан тыс дәрігерлердің, атап айтқанда, балалар гинекологінің, мектеп дәрігерлерінің және облыстық әдістемелік орталықтың психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімі магистрлерінің қатысуымен конференция өтеді. Сондай-ақ облыстық перинаталды орталық ғимаратының «ЭкоОрталық» базасында облыстың бас штаттан тыс репродуктологіашық қабылдау өткізеді.

— 26 маусымда«Анаға тағзым» орталығында Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің босандыру және балалар қызметі жөніндегі орынбасарының, №7 қалалық емханасының бас дәрігерінің қатысуымен «Отбасын жоспарлау» тақырыбында конференция өтеді. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың репродуктивті құқықтары талқыланады. Сондай-ақ осы күні Мұғалжар аудандық ауруханасында штаттан тыс бас акушер-гинекологі, №5 қалалық емхана бас дәрігерінің балалар және босандыру қызметі бойыншаорынбасары, сондай-ақ венеролог-дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Бұл іс-шаралар, негізінен, репродуктивті денсаулық сақтауды жақсарту, ауруларды ерте анықтау, диспансерлік бақылау және оларды жақсартуға арналған ұлттық скринингтік бағдарламаларын әзірлеуге зор септігін тигізеді, — дейді ол.

Айта кету керек, апта соңында облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің төрағалығымен жастардың репродуктивті денсаулығы апталығын қорытындылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button