Жастар нашақорлыққа қарсы
«Dostyq cup»
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, сондай-ақ «Abyz Gym» жаттығу орталығының қолдауымен 26 маусым—Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Триатлон паркінде «Dostyq cup» атты спорттық сайыс өтті.
Жастар арасында салауатты өмірсалтын насихаттау, нашақорлық пен есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастарды жүйелі түрде денешынықтыру мен спортқа жаппай тарту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 14-35 жасаралығындағы100-ге жуық жасқатысты.Қала жастары белтемірге тартылу, қол күрес, жерден көтерілу және брусьясынды спорттың 4 түрінен бақ сынасты..
Іс-шараның ашылу салтанатында Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.
— Бұл іс-шара 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізіліп жатыр. Бұл сайыс жастарды спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға, спорт түрлерін насихаттауға ықпал етеді. Осындай іс-шараларды алдағы уақытта екі аптада бір рет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осыған дейін біздің орталық облыстық тарихи-өлкетану музейімен, облыстық полиция департаментімен бірлесіп семинарлар өткізді. Алдағы уақытта вандализмге қарсы рейд ұйымдастырып,белсенді жастармен бірге бүлінген орындарды қалыпқа келтіретін боламыз. Ал бүгінгі шараға арнайы келіп, қатысып жатқан қала жастарына сәттілік тілеймін, — деді Самғат Артығалин.
«Аbyz gym» жаттығу орталығының басшысы, бодибилдингтен спорт шебері, Орталық Азия чемпионы Абдулахат Анесовтің айтуынша, қазір жастардың спортқа деген ынтасы зор. Соның бір дәлелі — қаламызда фитнес орталықтарына барып жаттығатын жастардың үлесі жыл санап артып келеді.
— «Аbyz gym» жаттығу орталығының ашылғанына екі жыл болды. Орталығымыз Батыс-2 ауданында орналасқан. Бүгінгі іс-шараға белсенді азаматтардың шақыруымен келіп, демеушілік көрсетіп отырмыз. Осы сайыста жеңімпаз болған 4 жасқа бір ай мерзімге сертификат табыстайтын боламыз, — дейді Абдулахат Анесов.
Сайыстың нәтижесінде белтемірге тартылу бойынша І орынды — Қанат Құлметенов, ІІ орынды — Мират Құлметенов, ІІІ орынды Арсен Боқанов иеленсе, қол күрестен І орынды Мәди Өмірзақов, ІІ орынды Аслан Шәмиев, ІІІ орынды Исламбек Беготив жеңіп алды. Жерден көтерілуде Нұрбек Әлібеков І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орын — Саят Сансызбайға, ІІІ орын Арсен Боқановқа бұйырды. Сондай-ақ брусьядан І орынды — Қанат Құлметенов, ІІ орынды — Мират Құлметенов, ІІІ орынды Диас Реймов алды.
Іс-шара соңында барлық жеңімпазға диплом, бағалы сыйлық және сертификат табысталды.
Д.ҚАЗИХАН.