БілімБасты жаңалықтар

Сапалы білім — тұрақты даму кепілі

Облыс мектептерінде өткен оқу жылы сәтті аяқталып, жаңа оқу жылына әзірлік қызу жүргізіліп жатыр. Қай жыл мезгілінде де қат-қабат жұмысқа толы білім саласында жазда қауырт шаруа тіптен көбейе түседі. Сол себепті маусым, шілде, тамызда бұл сала қызметкерлері қарбаласқа толы тірліктерін жалғастыра береді. Мысалы, 1-сыныпқа бала қабылдау, білім беру мекемелерінің жөндеу, құрылыс жұмыстары, т.б. Мұның бәрі — жаңа оқу жылының қамы.

Бүгінде тамыз айында өткізілетін педагогтердің тамыз саммитіне де қызу дайындық жүргізілуде. Қазір «Digital kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткізілетін аталған ауқымды іс-шараның тұжырымдамасы дайын. Республикалық тамыз саммиті 22 тамызда Астана қаласында өткізіледі.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековадан облыс мектептерінің білім сапасы және оқу жылына дайындығы туралы сөйлескен едік…

«Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағысаммитін өңірлерде 15-16 тамызда өткізу жоспарланып отыр. Саммиттің мақсаты — цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында цифрландыру  мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі екенін  ерекше атады.

Ел Президенті: «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл — біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді», — деп атап өткен болатын. Цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ең алдымен, сапалы контент жасауға, дербестендірілген оқыту мен бағалау үшін жағдайлар жасауға, әрбір білім алушының, педагогтің және білім беру ұйымының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге бағытталады деп күтілуде. Жасанды интеллект деректерді талдау және болжау негізінде білім беру ұйымдарын тиімді басқару үшін қолданылатын болады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Балапандар және балабақша

Жыл өткен сайын балапандарды балабақшамен қамту көрсеткіші артып келеді. Мәселен, 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық бала толықтай балабақшамен қамтылды. 2-ден 6 жасқа дейінгі балдырғандарды балабақшамен қамту көрсеткіші — 93,1 пайыз. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Мұның бәрі — мемлекет тарапынан білім беру саласына, оның ішінде мектепке дейінгі мекемелердің жағдайын жасау мақсатында үлкен қолдау көрсетіліп, жүйелі жұмыстар жасалуының жемісі, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған бала саны — 7837.

Өңірде 608 мектепкедейінгімекеме бар. Оның387-сі — мемлекеттік,қалғаны—жекеніңиелігіндегінысандар.Бұлмекемелердебарлығы 4752

педагогеңбекетеді.

Биыл облыста 2210 орындық 26 балабақша ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде соның 7-еуі ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Соның арқасында 500-ден астам балапан балабақшамен қамтылды.

— Жаңа балабақшалар Байғанин мен Мұғалжар аудандарында еңсе көтерді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 204 орынға арналған 4 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Облыстық деңгейдегі бір мекеме ашылып, онда 30 бала қабылданды. Балабақшалар,негізінен,жеке инвестициялар есебінен ашылып отыр. Жылдың соңына дейін 1721 орынға арналған тағы 20 балабақша ашу жоспарда бар, — дейді білім басқармасының бөлім басшысы.

Жыл басынан бері балабақшаларда жұмыс жасайтын 1549 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы санаттағы отбасындағы 2279 бала толықтай тегін тамақпен қамтылған. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 415 108 мың теңге бөлініпті.

Балабақшаларда балапандардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлініп отыр.  Бүгінде өңірдегі 608 МДҰ бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, дабыл түймесі орнатылған.

«Тарыдай болып кіресің…»

Өңір бойынша 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа болжаммен 18020 бала қабылданады. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау сәуірдің 1-інен басталып, тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Қазіргі уақытта 13737 баланың құжаттары қабылданды. Бұл 1-сыныпқа қабылдануға тиіс балалар саны болжамының 76,2 пайызына тең, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

10884 баланың ата-анасы балаларын қазақ сыныбына, 2853-і орыс сыныбына оқуға өтініш беріпті.

Балаларды 1-сыныпқа оқуға қабылдауға өтініш беру egov.kz электрондық үкіметі арқылы жүзеге асырылады.

Облыстың білім беру жүйесін дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған жол картасын орындау және бастауыш мектепте оқуға балалардың зияткерлік, мотивациялық, эмоционалдық-еріктілік дайындығына ықпал ететін және 1-сынып оқушысының мектепке нәтижелі бейімделуін қамтамасыз ететін білім беру ортасын құру мақсатында мектептерде «Бүлдіршіндер мектебі» мектепалды даярлық қызметі ұйымдастырылады. Бұйрыққа сәйкес мектепалды даярлықпен қамтылмаған балалар үшін маусым-тамыз айларында қысқа мерзімді курстар өткізіледі. Тамыз айының ортасында бұл курстардың жұмысына мониторинг жасалды. Қазір өңірдегі 223 білім шаңырағында 398 сынып ашылды, — дейді басқарма қызметкері.

Пәндік олимпиада — білім сапасының көрсеткіші

Білім шаңырақтарының білім сапасы пәндік олимпиадалардың қорытындысына байланысты шығарылады.

Облыста 430 мектепбар. Оқушы саны — 180 733 бала.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың І кезеңіне қатысу үшін біздің өңірден 5066 бала ниет білдірді. ІІ (облыстық) іріктеу кезеңіне 1453 оқушы қатысып, 389 оқушы жүлдегер атанды. Облыстан 47 оқушы үшінші (республикалық) кезеңге жолдама алып, оның 43-і (қалған 4 оқушы денсаулығына байланысыты қатысқан жоқ)бақ сынады.

Олимпиаданың республикалық кезеңі 14-18 қаңтар және 21-25 қаңтар аралығында Астана қаласында өтті. Біздің өңірден жаратылыстану-математикалық бағытта20, қоғамдық-гуманитарлық бағытта 23 оқушы қатысты. ҚорытындысындаТемірден — 12, Мұғалжардан — 8, Шалқардан — 6, Әйтеке биден — 3, Ырғыз, Қобда, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарынан екі оқушыдан, Алға, Байғанин, Мәртөк, Ойыл аудандарынан бір оқушыдан бақ сынады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, республикалық кезең нәтижесінде Шалқар мен Хромтау аудандарынан қатысқан 2 бала І орын иеленіп, алтын медаль алды. Мәртөк ауданының оқушысы ІІ орын алыпты. Сондай-ақ10 бала ІІІ орынды қанағат тұтқан. Мақтау қағазымен марапатталғандардың саны —  3 бала.

Айта кету керек, Шалқар ауданындағы №7 жалпы білім беретін орта мектебінің 11-сынып оқушысы Едіге Мадияр Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне грант иегері атанды.

Еліміздегі ең басты білім бәйгесі — жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада. Мектептегі білім сапасының нақты көрсеткіші осымен өлшенеді.

Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, республикалық кезеңге 73 оқушы қатысқан. Оның ішінде аудан мектептерінен— 5, қала мектептерінен— 24, облыстық білім беру ұйымдарынан 44 оқушы облыс намысын қорғауға күш салды.

Қорытындысында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден облыс қоржынына барлығы 20 медаль (І3, ІІ8, ІІІ9) түсті. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша барлығы 14 оқушы медаль (І2, ІІ5, ІІІ7) иеленді.

Білім-инновация мектеп-лицейінің11-сынып оқушысы Жансерік Қаниев еліміздің ең үздік жоғары оқуорындарының бірі — Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім беру грантына ие болды. Ал Шалқар ауданының 11-сынып оқушысы Мадияр Едіге «Үздік Ауыл оқушысы» номинациясын иеленді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

2023-2024 оқу жылында ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысы бойынша өңіріміздің 4 білім беру ұйымы республикадағы «100 үздік мектеп» қатарына енді. Олар: облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №11 орта мектеп-гимназиясы, Д.Қонаев атындағы орта мектеп-гимназиясы және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.

Биыл қаңтар-мамыр аралығында 17 оқушы халықаралық олимпиадада бақ сынап, оның 14-і жүлдегер атанды. Ел намысы сынға түскен додадағы жетістіктеріміз туралы нақтырақ айтсақ, халықаралық Жәутіков олимпиадасына 6 оқушы қатысып, 4 бала жүлдегер атанды (І1, ІІ2, ІІІ1). Математика пәнінен XXXVI Азия-Тынық мұхиты және XXІІІ «Жібек жолы» халықаралық олимпиадаларына 8 оқушы қатысып, 6 оқушы жүлдеге ие болды (ІІ3, ІІІ3). «INFOMATRIX-ASIA2022» халықаралық сайысына 3 оқушы қатысып, 3 оқушының бағы жанды. Үшеуі де алтын медаль иеленді. Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадаға бір оқушы қатысып, алтын медальға ие болды.

Биыл 24 мектеп пайдалануға беріледі

Өңірде апаттық жағдайдағы 5 мектеп бар. Үш ауысымды мектептер саны — 3. Сондай-ақ 21 білім шаңырағы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 24 мың оқушыға арналған 44 жаңа мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір сыйымдылығы 20 080 орын болатын 38 мектептің құрылысы жүргізілуде, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Атап айтқанда, білім беру қоры есебінен 470 орындық 2 мектеп бой көтереді. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 3710 орындық 20 мектеп салынуда.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп пайдалануға берілмек. Бұл мақсатта бөлінетін қаражат — 105,4 млрд теңге. Жеке инвестор есебінен 1 мектептің құрылысы салынып жатыр.

Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Материалдық база және интернет желісі

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жоспарға сәйкес еліміз бойынша робот техникасы, химия, биология, физика, SТЕМ пәндерінен кемінде 7000 заман талабына сай кабинет ашу жоспарланған. Соған байланысты  облыстағы 25 мектептің 51 кабинеті жабдықталмақ. Бұл мақсатта  облыстық бюджеттен 721,2 миллион теңге бөлінді.

Білім сапасына мектептердің интернет желісіне қосылуы да ықпал етеді. Интернет желісімен қызмет көрсету үшін байланыс операторының техникалық мүмкіндігі жоқ 46 ауылмектебі болған-ды. Биыл бұл білім шаңырақтарының бәрін Starlink интернетіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның арқасында қазірдің өзінде 44 ауыл Starlink желісіне қосылды. Соның арқасында бұл білім ордаларында интернет жылдамдығы 100-150 Мбит/секундқа дейін артты.

Енді мұғалімдер мен оқушылар интернет желісінің кең мүмкіндігін тиімді пайдалана алатын болды, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Айта кету керек, Starlink — әлем бойынша жоғары жылдамдықты интернет байланысын қамтамасыз ететін ғаламдық спутниктік интернет желісі. Бұлжелідегідеректержылдамдығы 200 Мбит/с жетеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button