Басты жаңалықтарМереке

Мереке күнгі марапат

Құтқарушылар күні

19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Бұл өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің және суда құтқару қызметтерінің кәсіби мерекесі.

Ерлік пен жүректіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген маман иелерінің құрметіне қалалық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Мәдениет үйінің ғимараты алдында  келушілер назарына тұрғындарды құтқаруға арналған жаңа техникалар мен құрал-жабдықтардың көрмесі ұсынылды. Көрмені аралаған облыс әкімі Асхат Шахаров құтқару техникасын бағалап, оның заманауи және жоғары тиімділігін атап өтті. Биыл төтенше жағдайлар департаментін материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді, оған 8 бірлік арнайы техника мен 588 әртүрлі құтқару құралдары сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, Асхат Шахаров азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда халықты қорғауда олар маңызды рөл атқаратынын алға тартты. Кез келген уақытта көмекке дайын тұратындығы, жанқиярлығы және кәсібилігі үшін алғыс білдірді.

— Президент өз сөзінде «Құтқарушы болу — қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл — нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі», — деген еді. Биыл құтқарушылар үшін үлкен сынақ жылы болды. Су тасқыны кезінде құтқарушылар тұрғындарды, олардың мал-мүлкін, үйлерін барынша сақтап қалу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл табиғи апатта жолдардың, көпірлердің қирауы құтқарушылардың жұмысына кедергі келтірсе де, олар жанқиярлықпен қызмет жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Нәтижесінде төтенше жағдайлар қызметі 1605 адамды құтқарды, оның 43-і – бала. 11 599 адам эвакуацияланды, 188 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Апатпен күрес, адамдарды құтқару және қайғылы оқиғалардан кейінгі жағдайды қалпына келтіруде де сіздердің күш-жігерлеріңіз ең жоғары мақтауға лайық, — деді әкім.

Құттықтаудан кейін өңір басшысы ерекше көзге түскен қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.

Құтқарушылардың бірқатары облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қаһарман Оразалиннің қолынан Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен бекітілген «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгісін, «Құтқарушы» төсбелгісін, сондай-ақ адал және жауапты қызметі үшін министрдің грамотасы және Алғыс хатын алды.

Мерекелік іс-шараның соңы облыстық филармония артистері дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button