Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Мемлекеттік қызметші және Полиция күніне орай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында құттықтау жариялады
Бүгін – қос кәсіби мереке. Полиция күні мен Мемлекеттік қызметкерлер күні. Барша тәртіп сақшыларын және мемлекеттік қызметтегі әріптестерді құттықтаймын!
Полиция сапында жүру – абыройлы әрі жауапты қызмет. Заңдылықтың үстемдік құруы, құқықтық тәртіп және азаматтардың тыныштығының сақталуы – бұл полицейлердің қызметіндегі басты қағидаттар.
Еліміздің полиция органдары жүйесінде Ақтөбе облысының полиция департаменті лайықты орын алады. Жоғары кәсібилік және өз ісіне деген жауапкершіліктің арқасында өңіріміздегі қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 6,3%-ке төмендеген. Азаматтардың полицейлерге деген сенімі жоғары деңгейде болса, көрсеткіш одан әрі жақсарары сөзсіз. Ал Үкімет, атқарушы билік тәртіп сақшыларына жағдай жасап, материалдық-техникалық базаны жақсарта бермек.
Кешегі су тасқыны кезінде полицейлер аяғынан тік тұрды. Эвакуациялау жұмыстарымен қатар ұрлық-қарлыққа жол бермей, жедел әрекет етті.
Бұл апатта мемлекеттік қызметкерлердің де жанашырлығы мен жауапкершілігі сыналды. Облыстағы әріптес күні-түні өзгелермен иық тіресіп, көмек қолын созды. Барлығыңызға алғысым орасан.
Мемлекеттік аппараттағы мамандар да, полицейлер де ұлтымыздың мүддесі, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек ете береді деген сенімім жоғары.
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін. Ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін адал қызмет етейік!
http://t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi