«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

«Барсаң сәлем айта бар Байғанинге!»

Бүгінгі күні ғасырлық биігіне көтеріліп отырған облыстық «Ақтөбе» газетінің мерейтойлық шараларының байырғы Байғанин жерінде бастау алуының да өзіндік себебі бар. Ол, біріншіден, аталған басылымның оқырманы көп өңірлерінің бірі. Екіншіден, осы облыстық газетте әр жылдарда қызмет істеген байғаниндік журналистер легі бүгінге сабақтасып жалғасып келеді.

Сонымен, алғашқы жүздесу реті кезінде «Жарты Жазушылар одағы» атанған Жарқамыс ауылында өтетін болып белгіленді.

Тобық рухына тағзым

Қазақтың көрнекті жазушысы Тобық Жармағамбетов осы Жарқамыс ауылында дүниеге келген. Биыл туғанына — 90 жыл! Ол өзі қызмет істеген облыстық газеттен он жасқа ғана кіші екен. Бұл, әрине, жай ғана салыстырудың реті. Негізінде, қаламгердің көптеген әңгімесін жариялап, шабытына үн қосқан, қуат берген — осы басылым.

Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Жарқамыс орта мектебінде мұғалім, Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Ақтөбе телевизия студиясында  аға  редактор, бас редактор, облыстық  «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдарында облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет атқарды.

Тобық Жармағамбетовтің басқа туындыларын айтпағанда, үлкен бір повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра іспетті. «Бәйтеректің жастық шағы» повесі халық  ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен өнерін суреттейді. «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Қызыл ай», «Сентябрь түн», «Соңғы хат», «Ақ жауын», тағы басқа кітаптары жарық көрген жазушы отыз тоғыз жасында дүниеден өтті. Бүгінде өзі өмір есігін ашқан Жарқамысындағы мәңгілік мекенінде.

Ақтөбеден шыққан қонақтар ең алдымен осында болып, Тобық аға рухына тағзым етті.

Өр мінезді ақын Өтежан Нұрғалиев оны қазақтың нөмірі бірінші прозашысы деп атады. Оның ұстазын іздеп жазған:

Жас қатарда — жүректің,

Жазылмайтын жарасы.

Сәлем саған, ер Тобық,

Мырзағұлдың баласы,—деген өлеңі осы тебіреністі сәтте көпшіліктің ойында тұрғаны анық.

Өмір деген өксігін бір қоя алмай,

Өтті жыршың, кетті қыршын жасында.

Жарқамыста жатыр ұйықтап оянбай,

Гүл өсіп тұр қабірінің басында…—деген Есенбай Дүйсенбаевтың жүрекжарды жыры да бүгінгі көріністі дәл бейнелегендей еді.

Қарымды қаламгерді мәңгілік есте сақтау шаралары қолға алынуда. Қарауылкелді селосындағы бір көше мен орта мектепке оның аты берілген.

Жарқамыс ауылындағы жазушының тұрған үйінің орны бүгінде қоршалып, күтімге алынды. Таяу маңда бұл жерде ескерткіш белгі қойылмақшы. Болашақта әдебиетке құмар жас өрендер осында бас қосып, өлең-жырларын оқиды, сыр бөліседі…

Оқырманмен ойласу

Жарқамыс орта мектебіндегі жүздесуге ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Мектеп оқушылары қонақтарды ән-күймен қарсы алды. Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер, өзің дегенде» әні тыңдаушыларын толқытты.

Сәлем беріп, мен болып тайға мін де,

Барсаң сәлем айта бар Байғанинге.

Анда-санда құлақ сап жүр дегейсің,

Жүрегінде жоғалмай қалған үнге,—деп туған жерге өмір бойы елеңдеп өткен Өтежан ақынның өлеңі көпшілікті тағы бір елең еткізді.

Аудан әкімі Айбек Көпенов «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай өткізіліп жатқан бұл жиынның маңыздылығына тоқталды.

— Тарихы терең, шежіресі мол өңірдің жүріп өткен жолдары туралы облыстық басылым бетінде аз жазылған жоқ. Сондықтан біздің ауданда «Ақтөбенің» оқырманы көп болуы да заңдылық. Біз газеттің шығармашылық ұжымын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз, сондай-ақ бұрыннан қалыптасқан өзара ынтымақтастығымыз алда да дами түсетіндігіне сенім білдіреміз, — деді ол.

Оқырмандар алдында сөз алған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин: «Біз «Ақтөбе» газетінің бетінде өткеннің өнегесін, бүгінгінің игілікті жақсы істерін жария етіп отырамыз. Сондағы басты мақсатымыз — оқырманның ойынан шығу.

1924 жылдың 7 маусымында «Кедей» деген атпен жарыққа шыққан газетіміз одан бергі кезеңдерде «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп, бүгінде «Ақтөбе» атауына ие болды.

Бүгін біз Сақтаған Бәйішев сынды қазақтың көптеген даңқты перзенттерін дүниеге әкелген Байғанин өңіріне қуанышпен келіп отырмыз. Оның ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерін түлеткен Жарқамыс жері ерекше құт қонған мекен деп білеміз», — деді.

Жиында Жарқамыс орта мектебінің директоры Самалгүл Жиенбаева ғасырға жақындап қалған тарихы бар білімнің қара шаңырағының бүгіні мен өткеніне байланысты әңгіме қозғады.

— Біздің мектебіміз 1928 жылы Карл Маркс атындағы шаруа жастар мектебінің негізінде құрылды. 1934 жылы 7 жылдыққа айналып, 1936 жылы Жарқамыс орта мектебі болып аталған оқу ордасының алғашқы директоры Хайрулла Маханов болды.

Жарқамыс орта мектебінің алғашқы шәкірттері арасында Қазақстанға белгілі тұлға Рабиға Құтқожина болған. Мектебімізде Кеңес Одағының Батыры Қожағали Жазықов, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев оқыған. Осы мектептің түлектері арасында физика-математика ғылымдарының докторы Назарбай Былиев, Ілияс Тәжмұратов, Асау Жалғасов, Нұраш Көпесов, Қалау Бақытов, ақын-жазушылар Бәкір Тәжібаев, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Ибадулла Сұлтанов, Жақсылық Айжанов тағы басқалары бар.

Қазіргі уақытта мектепте үш жүзден астам оқушы білім алады. Мектеп мұғалімдері облыстық «Ақтөбе» газетін көптеп жаздырып алады. Біз 100 жылдық тарихы бар бұл басылымды өзіміздің рухани қолдаушымыз деп білеміз, — деді ол.

Жарқамыс жұртшылығымен кездесуге қатысқан Ақтөбе облысының құрметті азаматы, академик, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, білім беру саласының ардагері, баспасөз жанашыры Естай Жайлыбай өздерінің ұзақ жылдар бойы облыстық «Ақтөбе» газетімен тығыз байланыста қызмет етіп келе жатқандарын айтып, газеттің қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Ақтөбе» газетінің ардагерлері, Қазақстанның құрметті журналистері Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев басылымда қызмет істеген жылдарына қатысты естеліктер айтты.

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сәтжан Дәрібай оқырмандарды басылымның алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды, өзекті мәселелерге қатысты ой бөлісті.

…Сол күні Жарқамыс орта мектебі ғимараты қабырғасына осы мектептің түлегі, кейін ұстаздық қызмет етіп, шаруашылық жұмыстарында өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін танытқан спорт жанашыры Ақмырза Махановқа ескерткіш тақта орнатылды.

«Ақтөбе» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күні — 7 маусымда отау иелері атанған Жандос-Нұржайна есімді жас жұбайларға арнайы сыйлық берілді.

Газеттің жанашырлары мен белсенді оқырмандары да арнайы марапаттарға ие болды.

***

«Жүз жыл жылнамасы» тарихи-танымдық іс-шара аясындағы кездесу, жиындар іссапардың екінші күні Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде жалғасты. Алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған делегация Елтоқ атаға тағзым етіп, рухына Құран бағыштады. Содан кейін басылым мерейтойын насихаттаушы топ журналист-жазушы, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі болған Ибадулла Сұлтановтың үйіне барып, марқұмның жары Ұрқия апаны басылымның 100 жылдығымен құттықтап, оған сый-құрмет көрсетті. Ибадулла Сұлтанов кезінде «Ақтөбе» («Коммунизм жолы») газетінің Байғанин, Темір, Ойыл аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Ұрқия апа қаламгер туралы жылы естеліктермен бөлісті.

 «Ауыл аманатының» жемісі — алғашқы саумалхана

Сапар барысында делегация мүшелері аудан орталығындағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады.  Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқанбетқалиұлы атындағы мектептерге барып, білім ордаларының тыныс-тіршілігімен танысты.

Өткен жылы Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектеп «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен жаңартылыпты. Ғимараттың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 250 миллион теңге бөлінген. Мектеп директорының айтуынша, бұл білім шаңырағына 3 магниттік мектеп бекітіліпті. Соған байланысты аталған білім ордасының педагогтері үш мектептің оқушыларына онлайн режимде сабақ береді.

Қажығали Мұқанбетқалиұлы атындағы мектеп-гимназиясында талантты, дарынды, өнерлі балалар көп екен. Мектеп оқушылары «Ақылды бесік» жобасын таныстырды. Бесікте дыбыс, температура, ылғалдылық датчиктері орналатылған. Әр датчиктің атқаратын өз қызметі бар. Мысалы, дыбыс датчигі баланы жұбатып, «Бесік жырын» айтады.

Мұнан кейін«Ауыл аманаты» жобасы аясында аудан орталығы Қарауылкелді ауылында бірінші рет ашылған саумалханаға барып, жұмысымен танысты. «Нұрислам» шаруа қожалығының иесі Ләйла Мәжитованың айтуынша, былтыр жыл аяғында кәсіпкерге банктен 4 миллион 808 мың теңге жеңілдетілген несие берілген. Қаржыға бие сауатын жабдықтар, қымыз әзірлейтін құралдар, ыдыстар сатып алыпты.

Жолдасымның бұдан басқа да кәсіптері бар. Сол себепті бірнеше істі үйлестіріп, шаруаны жүргізу оңай емес.

Қазір 3 биені екі сағат сайын 5 мезгіл сауып отырмыз. Кешеден бері ерлі-зайыпты екі адамды жұмысқа алдық. Сол кісілердің арқасында қолымыз ұзарып қалды. Саумалға сұраныс көп, — дейді Ләйла Мәжитова.

Сағи мен Есенбайға арналған кеш

Аудандық орталықтандырылған кітапханада көрнекті қаламгерлер Сағи Жиенбаев пен Есенбай Дүйсенбаевтың поэзиясына арналған «Жырлары мөлдір бұлақтай» атты әдеби кеш өтті.

Алдымен «АқтөбеМедиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз алды:

Қабырғалы қаламгерлеріміздің шығармашылығын насихаттау мақсатында әлсін-әлсін елге келіп, ауылдарды аралап, кездесу кештерін ұйымдастырамыз. 

2008 жылы бұл өңірге Өтежан Нұрғалиевтің мерейтойына орай келгенбіз. Осы кітапханада ақынмен кездесу өткен-ді.

Бұл жолғы оқырмандармен кездесу —облыс баспасөзінің қарашаңырағы — «Ақтөбе» газетінің жүз жылдығын атап өту. Осы тарихи-танымдық іс-шаралар аясында қазақ әдебиетінің орны бөлек екі тұлғасы Сағи Жиенбаевпен Есенбай Дүйсенбаевқа арналған әдеби кеш өткізіліп жатыр.

Басылым күндерін«Жарты Жазушылар одағы» атанған Жарқамыс ауылынан бастадық. Ондағы қалың оқырманмен тағылымды кездесулер өтті. Жарқамыс топырағында дүниеге келген Тобық Жармағамбетов кезінде облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет етті. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Ол кісінің облыстық телеарнада да қолтаңбасы қалды. Тобық ағамыз телеарнада қазақ редакциясының бас редакторы болып еңбек етті.

Жалпы, жаңа жыл басталғалы бері облыстық «Ақтөбе» газетінің ғасырлық мерейтойына орай басылым бетінде тарихымызды түгендеген мақалалар жариялана бастады. Ол жиында газеттің қоғамдағы рөлі туралы да тілге тиек етті.

Жаһандану дәуірінде әлеуметтік желілерге сұраныс артып, халық ұялы телефон арқылы түрлі ақпаратты жедел оқи алатын болды. Өздері де желіге ресми, бейресми дерекке толы хабарларды жүктеуге мүмкіндік алды. Сөйтіп, қалта телефоны заман ағымымен келген ақпарат құралына айналды. Әлеуметтік желілер көбінесе жалған ақпараттар таратады. Деректер тексерілмейді, бұрмаланып беріледі.Ал газет пен журнал —үлкен идеологиялық құрал. «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің музейінде «Қазақстан» газетінің 1911 жылғы 16 наурыздағы нөмірі сақтаулы тұр. Сол секілді музейде Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрғанда — 1939, 1940 жылдары жарық көрген газеттер де бар. Тасқа басылып шыққан дүниенің басты ерекшелігі— осы. Ал әлеуметтік желіде өміршеңдік жоқ.Сол себепті дәстүрлі басылымдардың қоғамдағы рөлі қай заманда да ерекше екені анық.

«Ақтөбе Медиа» серіктестігіне басшы болып келген кезден бастап мекемеге қарасты— «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің электронды нұсқаларын сақтауды қолға ала бастадық. Соның арқасында бізді оқырман сайттардан да оқиалады, — деді Раукен Сағызбайұлы.

Әдеби кеште облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай сөз алды.

Іссапар мақсаты — басылымның жүз жылдық мерейтойын атап өту, насихаттау. Сағи ағамызды көргенім жоқ, бірақ кезінде«Заман Қазақстан»газетінеУәзипа жеңгемізбен Сағи аға туралы сұхбат шығарған болатынмын. Есенбай ағамызды үш-төрт реет көрдім. Ол кісі менің алғашқы кітабымның жарыққа шығуына себепші болды. Кітабымды тікелей өзі дайындап, «Жазушы» баспасынан жарыққа шығарды. Сол себепті Есағаңа қарыздармын.

Байғанин — біздің «Ақтөбе»газетінің оқырманы ең көп аудандардың бірі. Аудандардағы мерейтойлық кездесулерді Байғаниннен бастауымыздың бір себебі — осы, — деді Сәтжан Дәрібай.

Газет тірегі — оқырман

Басылым мерейтойы аясындағы іс-шараның ең маңызды тұсы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Ғимарат фойесінде «Жүзжылдық жылнама» көрмесін тамашалаушылар көп болды.

Мерекелік кешке газет оқырманы көп жиналды. Жиында алдымен оқырманға «Жүз жыл жылнамасы» атты деректі фильм көрсетілді. Аудандағы, тіпті облыстағы жасы ең үлкен тұрғын — оймауыттық Тұраш әже Құдайқұлова газет қызметкерлеріне ақ батасын берді.

Басқосуда сөз алған аудан әкімі Айбек Көпенов басылым мерейтойы аясында аудандарда өткізілуі жоспарланған іс-шаралардың Байғанин жерінен басталуына ризашылығын білдірді.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бар. Баспасөзге берілген осы баға бір ғасырдай уақыт бойы өз құнын жоймай келеді. Кешелі бері ауданымызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жүзжылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шара өткізіліп жатыр. «Ақтөбеде»  облыстың бар шежіресі, тарихы қаттаулы тұр. Сол себепті де басылымның салмағы басым. 

Осыдан бір ғасыр бұрын «Кедей» атауымен шыққан газет сол уақыттарда облыс тұрғындары арасында сауатсыздықты жою жұмыстарын жүргізді.Қазір де басылым қызметкерлері елге, ұлтқа қызмет ету бағытында тынбай еңбек етіп келеді.

Басылым күндерінің аудандардың арасында Байғанин өңірінен бастау алғаны — біз үшін үлкен мәртебе, зор құрмет. Сүйікті газетіміздің әр нөмірін асыға күтеміз. Байғанин жұртшылығы әрдайым «Ақтөбе» газетімен бірге, — деп аудан әкімі Айбек Көпенов басылым қызметкерлерін газеттің мерейтойымен құттықтады.

Мерейтой мінберінде сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл жолғы оқырманмен жүздесудің басты мақсаты ғасырлық тарихы бар басылымның оқырмандарына құрмет көрсету екендігін айтты.

Басылымның жүзжылдық мерейтойы аясындағы оқырмандар мен кездесуді  аудандардың арасында бірінші болып киелі Байғанин өңірінен бастап отырмыз. Мұның да өзіндік себебі бар. Газетімізге көбірек жазылатын аудандардың бірі — Байғанин. Сол секілді Шалқар, Ойыл, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында жазылушыларымыз көп. Су тіршілік көзі болса, газеттің өзегі, діңгегі — оқырман. Оқырманын тапқан газет өміршең болады. Біздің басылымның оқырманы — ауыл интеллигенциясы, яғни білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер. Жыл сайын аудандарда басылым күндерін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Қалың оқырманмен жүздесіп, пікірлесеміз. Сол іссапарлар кезінде халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген түрлі сала мамандарына барған ауданымызда еліміздің белгілі тұлғалар атындағы сыйлықтарды табыс етеміз. Бұл жолы да оқырманымызға ерекше құрмет көрсетудеміз, — деді Раукен Отыншин.

Кездесу кешінде Ақтөбе облысының құрметті азаматы, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов әлеуметтік желінің әлеуеті мен кері әсері, баспасөздің бүгіні мен ертеңі туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Терең тарихы бар Байғанин ауданында газет оқырмандарымен жүздескенімізге қуаныштымын. 

Қазіргі кезең — әлеуметтік желінің дәуірі. Ұялы телефон арқылы жаһандағы болып жатқан жағдайлар туралы көп нәрсені біліп отырмыз. Жан-жақтан жедел хабар алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілердің қоғамға зияны да жоқ емес. Қолында телефоны бар кезкелгенадамақпараттаратушыболыпшығакелді. Таратылыпжатқанақпараттыңқайсысы рас, қайсысыжалғанекенінжеліжазылушыларыайырыпбілмейді. Оныңүстінекімкөрінген не болсасоныжазатынболды. Мұндағыбірақиқат: әрадамныңолхабардытаратудағымақсат-міндетіәртүрлі. Ал облыстық «Ақтөбе» газетісекілдіресмибасылымдарданақтыдерек, тиянақтызерттеу, сенімдіақпаратқанатаратылады. Солсебептіжылдарөтсе де, заманөзгерсе де газет жасайбермек, — деді Алтай Тайжанов.

Еркін формат, ашық әңгіме

Мәдениет үйіндегі оқырманмен жүздесу ресми емес, еркін форматта, ашық әңгіме түрінде өтті. Оқырмандар басылым қызметкерлеріне, делегация мүшелеріне сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Қазақстанның құрметті журналисі, Ойыл ауданының құрметті азаматы Аманқос Орынғалиұлына:

Сіз жаскезіңізде Байғанин өңіріне ақындар айтысына қатысуға келген екенсіз. Одан кейін журналистік жолыңызда да біраз сапарда болып, осы өңірдің адамдары туралы талай жаздыңыз. Кейіпкерлеріңізбен кездесіп тұрасыз ба? — деген сауал қойылды.

Рас, Байғанин ауданына іссапармен жиі келдім. Соның бірінен мысал келтірейін. Бұдан тура 20 жыл бұрын облыстық «Актюбинский вестник» газетінде еңбек ететін өзім қатарлас азамат, марқұм Муапих Боранқұлов екеуміз бір аптаСағыз өзенінің бойын жағалап, одан Жемге түсіп, Доңызтауға дейін бардық. Сонда ауданнан көп материал жинап қайтқанбыз. Сол жолы шалғайдағы Дияр  ауылындағы Наурызбай деген жігіттің еңбекқорлығы туралы жаздым. Артизаннан далаға босқа ағып жатқан суды тиімді пайдаланған Наурызбай солкездері ауыл, аудан халқы түгіл, Ақтөбе мен Атырау қалаларын қауын-қарбызбен қамтыды. Ол өсірген қауынның дәмі ерекше, сұрпы бөлек-тін.

Отбасымен Диярда қауын-қарбыз өсірген Наурызбай соңғы жылдары Ақтөбеге көшіп келіпті. Қазір ол Ақжарда шаруашылық ашып, халықты дәмді қауын-қарбызбен қамтып отыр. Оның үстіне бие сауып, саумал сатуда.

Сол сапарда оқырманға ұсынған тағы бір мақала — «Егіздің суы» деп аталады. Мұнда Алтай батыр ауылындағы артизанның суының киелілігі туралы жаздым. Мен барғанда бір сыныпта 4-5 егіз баладан бар болатын. Сол кездері шағын ғана ауылда 50-60 үйде егіз бала болған. Халық мұның сырын артизан суынан деп жорамал жасапты. Мұны естіп, жан-жақтан Алтай батыр ауылына барушылар көбейген. Кейін бұл судың емдік қасиеті арнайы зертханаларда тексеріліп, мақұлданған.

Ол кездері іссапарларға кем дегенде 3-4 күнге барып, тұрғындармен кездесіп, газетке ауыл тірлігі туралы көп мақала жазатынбыз. Қазір ойласам, сол жылдары жазғандарымның өзі бір кітапқа жүк боларлықтай дүние екен. Дегенмен оны жинақтап жүргенім жоқ. Бәрі газет тігіндісінде сақтаулы тұр, — деді Аманқос Орынғалиұлы.

Жиын барысында оқырмандар арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Сауалдарға жауап берген жұртшылыққа естелік сыйлықтар табысталды.

Шарада еңбек ардагері Нұртан Саламатов, Байғанин орта мектебінің директоры Нұрсая Есқазиевалар жылы лебіздерін білдірді.

Оқырман лебізі

 Бисен ЖАҚАНОВ, ардагер ұстаз

— «Ақтөбе» газеті — ұзақ жылдардан бергі сенімді серігім. Саналы ғұмырымды ұстаздыққа арнап, көптеген шәкірт тәрбиеледім. 19 жасымда мұғалім болдым. Байғанин ауданының Жарқамыс, Қаражар ауылдарындағы мектептерде қызмет еттім. Ұстаздық ете жүріп, бір сәтке баспасөзден, оның ішінде «Ақтөбеден» қол үзген емеспін.Менің көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, зерттеу жүргізген материалдарым «Ақтөбе» газетінде жарық көрді.

Бүгінде ғасырлық мерейтойын тойлап жатқан «Ақтөбе» қай кезде, қай заманда болсын, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Қазір де солай, газет қызметкерлері —халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мемлекеттік саясатты, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды жұртшылыққа түсіндіруде тынбай еңбек етіп келеді. Сондай-ақ басылым журналистері өңірдегі өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс-тірлігі туралы тұрақты түрде материалдар жарияланып тұрады. Қысқасы, «Ақтөбе» ел үшін,  ұлт үшін мінсіз қызмет етуде.

Оқырман мерейі

Мәдениет үйіндегі кездесуде түрлі сала қызметкерлерінің мерейі өсіп, тарту-таралғыға ие болды. 12 адамға облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы табысталды. Бір топ оқушыға «Ақбөбек» демалыс орталығына тегін жолдама тарту етілді. 9 адам Байғанин ауданының танымал тұлғалары — Елтоқ Сәрсенбаев, Сәрсенғали Ешбаев, Нұрман Қорбин, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Қуандық Дүйсенов, Сүндет Сарыбаев, Ибадулла Сұлтанов, Ақмырза Маханов атындағы арнаулы сыйлықпен марапатталды. Халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері, «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманыБисен Жақановқа ем алуы үшін «Шипагер» санаторийіне және үш оқушыға «Ақбөбек» балалар орталығындағы лагерьге тегін жолдама берілді.

Кеш соңында аудан әкімі Айбек Көпенов сөз алды.

Екі күн бойы Байғанин өңірінде тағылымы мол кездесулер өтті. Әдетте туған күн иесіне жиналғандар тарту-таралғы беруші еді. Бүгін бәрі басқаша болды. Ақсақалдарымыз да, ақжаулықты аналарымыз да сый-құрметке ие болып жатыр. Ауданда түрлі салада еңбек етіп, халыққа қызмет жасап жүрген мамандардыңеңбегі еленіп, марапатталды. Мектеп оқушылары да марапаттан тыс қалған жоқ. Оларға жазғы каникулды тиімді пайдалану үшін лагерьлерге тегін жолдамалар берілді. Мұның бәрі — Байғанин өңірінің жанашыры Раукен Сағызбайұлының бастамасымен болып жатқан ізгі істер. Бұл — «Ақтөбе» газетінің көзі қарақты әрбір оқырманын бағалай білетінінің, әрбір оқырманын сыйлай білетінінің көрінісі. Басылым мерейтойы құтты болсын! Газетіміздің оқырманы көбейе берсін.

Байғанин топырағында дүниеге келіп, еліміздің әр өңірінде жүрген, үлкен жетістікке жеткен азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі — Раукен Сағызбайұлы. Көп жылғы еңбегін бағалап, ізгі ниетпен бүгін Раукен Сағызбайұлына «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағын бергелі отырмыз, — деп Айбек Көпенов Раукен Отыншинге төсбелгі мен куәлік табыс етті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button