Су тасқыны

Су тасқыны: Ақтөбеде 300-ден астам үй сатып алынды

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 486 үй сатып алу жоспарланған. Көктемгі су тасқыны кезінде баспанасынан айырылған 307 отбасына ортақ шешіммен үй алынды.

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі кезде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған 6 ауданда құрылыс жүріп жатыр. Ал Ақтөбе қаласы бойынша жаңа пәтер сатып алынады.

«Су тасқынынан кейін Ақтөбе облысында барлығы 4 мыңнан астам үй иесі өтініш берді. Оның 2600-ден астамы саяжай аумағында орналасқан. Қазіргі кезде техникалық тексеру жүргізілді, бағалау комиссиясының қорытындысы таныстырылып жатыр. Өңірде барлығы 517 үй салу жоспарланған. Бүгінде бәрінің құрылысы басталып, жүріп жатыр. Ал үйі жарамсыз болған 486 отбасына дайын үй сатып алынады. Оның 307-і алып үлгерді», – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыста барлығы 3 мыңнан астам үй жөндеуге жарамды деп танылды. Оның 2 мыңға жуығында жөндеу жүргізілді. Айтып өтейік, жөндеу, үй салу, үй сатып алу жұмыстарына қазір «Қамқор Ақтөбе 2024» қорына түскен қаржы да жұмсалып жатыр. Ақтөбенің бірнеше ауданындағы үй құрылысына қаржы бөлген ERG компаниясы да қайырымдылық қор арқылы жұмыс істегенді жөн деп тапты.

«Қорға түскен қаржыдан Ойыл ауданы бойынша 175, Ырғыз ауданы бойынша 134 үйді салуға ақша бөлінді. Мұғалжар ауданы Жағабұлақ, Бірлік ауылдарындағы 15 үйі де осы қаржыға салынып жатыр. Кешегіде Ақтөбе қаласынан 31 пәтерін сатып алынды. Қаражат ERG компанияның қорға аударған ақшасы. Құрылыс барысын ERG мен қоғамдық қордың техникалық бақылаушы мамандары да тексеріп отырады, сапасын тұрақты қадағалайды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында үйі жарамсыз болған отбасыларға баспана сатып алу жалғасады. Қалада құжаты жоқ, баспанасы жарамыз болған адамдарға басымдық беріледі», – деді «Қамқор Ақтөбе 2024» қорының мүшесі Жаңалық Ахаш.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы бойынша Ырғыз ауданы Нұра ауылында өткен аптада ғана үй құрылысы басталды. Мұнда 70-тен астам үй салынады. Барлығы 11 мердігер мекеме белгіленді.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button