Жаңалықтар

Тағы бір іс-шара тазалыққа арналды

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Ақтөбенің тазалығына бірге үлес қосайық!» іс-шарасы өтті.

Бұл күні Әлия Молдағұлова бюстінің аумағы, Шернияз көшесі мен жақын маңдағы саябақтың айналасы ретке келтірілді. Жастар белсенді түрде қоқыстарды жинап, алаңды сыпырды. «Жас сақшы» ұйымының мүшелерімен бірге жоғары оқу орындарының студенттері, колледж оқушылары тырмамен, күрекпен және сыпырғышпен жабдықталды. Сондай-ақ коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлері ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізді.
«Жас сақшы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ақбаян Бөпежан:
— Халқымыздың ұлы қайраткерлері туралы естелікті және мәдени-тарихи мұраны сақтау — біздің борышымыз. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова үлкен құрметке лайық, оның ескерткішінің маңын тазалау біз үшін абырой. Келесі жылы біз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын атап өтеміз. Қаланың тазалығы өзімізден басталады. Біз жұмыс істей отырып, басқаларға да үлгі көрсетеміз, — деді.
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы жоғары медициналық колледж оқушысы Сәрсенбай Ерғалиев те «Қоршаған ортаны таза ұстап, туған жердің көркеюіне үлес қосу — нағыз патриоттың ісі», — дейді қолына күрек алып, жиналған қоқыстарды қапшыққа салып жатып.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және халықты экологиялық бастамаларға тарту.
Осы бағдарламаны іске асыруға барлығы 368 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Аумақтар мен қоғамдық демалыс орындарын тазалауға 7227 мекеме мен 4123 кәсіпорынның қызметкерлері жұмылдырылды. Сенбіліктер кезінде 90439 аула, 289 саябақ пен сквер жиналды, 206 су айдынының жағалауы, 85 метрден астам арық, 42 субұрқақ қоқыстан тазартылды. 257 ескерткіш жөнделіп, 14 мың шаршы метрден астам тротуар плиталары ауыстырылды.
Аумақтарды жинауға және қоқысты шығаруға 5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылып, полигонға 62 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ағаш отырғызу жұмыстары да белсенді жүргізілді. Көктемде елді мекендерде 335 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button