Жаңалықтар

Облыста 2025 жылға дейін 60 миллион орман көшеті егіледі

Көгалдандыру

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен аппарат мәжісілінде өңірді абаттандыру және көгалдандыру мәселесі қаралды.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы қалай өтіп жатқаны туралы айтты.

Акцияға 368 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Аумақтар мен қоғамдық демалыс орындарын тазалауға 7 227 мекеме мен 4 123 кәсіпорынның қызметкерлері жұмылдырылды. Сенбіліктер кезінде 90 439 аула, 289 саябақ пен сквер, 206 су айдынының жағалауы, 85 метрден астам арық, 42 субұрқақ қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ 257 ескерткіш қайта жаңарып, 14 мың шаршы метрден астам тротуар плитасы ауыстырылды.

Аумақтарды жинауға және қоқысты шығаруға тартылған 5 мыңнан астам арнайы техниканың көмегімен полигонға 62 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Ағаш отырғызу да белсенді жүргізілді. Көктемде елді мекендерде 335 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

— Мемлекет басшысының өңірлердегі аумақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында 30 мың гектар алқапқа 60 миллион орман көшеті егіледі. Көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Биыл біз 22 мың гектар жерге толығымен ағаш егеміз. Қазір күзгі ағаш егу науқанына дайындалып жатырмыз. Ақтөбеде 1550 гектар, Қарабұтақта 500 гектар, Мәртөк ауданында — 300 гектар, Темір ауданында — 500 гектар және Қобда ауданында 940 гектарға көшет егіледі. Сондай-ақ 108 елді мекен үшін дендрожоспар әзірленді, оған сәйкес 2025 жылға дейін жалпы 536 мың көшет егіледі. Бізде ағаштардың 20 түрі өсірілетін тоғыз орман шаруашылығы бар. Сол жерден материалдар аламыз, — деді Асқар Жүсібалиев өңірді көгалдандыру жоспары туралы.

Облыс әкімі ағаштарды дұрыс егу және өсімдіктерге дұрыс күтім жасауды, сондай-ақ олардың есебін жүргізуді тапсырды.

— Аулалар, тұрғын алаптары және орман алқаптарын көгалдандыру арқылы біз халықтың өмір сүруі үшін жайлы және салауатты жағдай жасаймыз. Жаңа ағаштар көшелерді көркейтіп қана қоймайды, сонымен қатар ауа сапасын жақсартып, шуды азайтады және жаңа жасыл демалыс аймақтары құрылады. Ең бастысы — өсімдіктерге дұрыс күтім жасау. Біз өңірде мыңдаған ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Әр ағашқа тиісті күтім жасалу керек.

Қалалар, ауылдарды көгалдандыру үшін ғана емес, аумақтарды тазарту үшін де күш біріктіруіміз керек. «Таза Қазақстан» акциясы әрі қарай жалғасады. Әрқайсысымыз өз үлесімізді қосып, туған жеріміздің көркеюіне үлес қос аламыз, — деп атап өтті өңір басшысы.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button