Агроөнеркәсіп — өңір экономикасының өзегі
«…Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту — өте маңызды міндет. Агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы — мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет…».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.
Ауа райы егіс басындағы шаруаларға қарасып-ақ тұр. Егін науқанының аяқталуына тым жақын қалды. Болжамға сәйкес, қыркүйектің соңына дейін жауын-шашын күтілмейді. Сондықтан мамандар облыста қазанның басында егін жинау жұмыстары толығымен аяқталатынына сенімді. Егін демекші, ел Президенті биылғы Жолдауында тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтағанына өз ризашылығын білдіріп, бұл науқанға мемлекет тарапынан екі есе көп қаражат бөлінгенін айтқан еді. Облыста қаржы институты арқылы осы шаруаларға бағытталған 2 миллиард теңге несие қаражаты бүгінде толығымен игеріліпті.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Жолдауда жүктелген осындай міндеттердің аймақта орындалу барысы жайында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдан сұрап білген едік…
Биыл 25 инвестициялық жоба іске асырылады
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту — өте маңызды міндет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осылай деді. Президенттің айтуынша, биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы — мемлекет қаржысы. Сондықтан бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Себебі диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынған. Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керектігін айтады.
Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады.
— Аймақта ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі — 9,8 миллиард теңге. Нақты көлем индексі — 52,9 пайыз. Бұл орайда облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес инвестиция көлемі 57,1 миллиард теңге болатын 110 жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде осы жылға жалпы құны 9,4 миллиард теңгеге 25 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді Құсайын Сәрсембай.
Бұған дейін айтқан Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңінен тарату жөніндегі бастамасы еліміздегі сүт-тауарлы фермаларын дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл орайда бұл тәжірибені кеңейту мақсатында облыста 2024-2026 жылдары агроөнеркәсіп кешені субъектілерін несиелендіру бағдарламасы бойынша 31,6 миллиард теңгеге 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Субсидия беру тәсіліне өзгеріс енгізілді
— Президентіміз өз Жолдауларында елімізде агросекторды дамытуға айрықша басымдық беріп, бұл саланы жетілдірудің нақты іс-шараларын айқындап береді. Бұл жолы да маңызды мәселелерге себеп болған батыл бастамалар жасалды. Соның бірі — агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу. Бұл — аса маңызды міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс екенін айтты, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, биылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілген. Осыған сәйкес субсидиялау басым ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының тізбесіне тиесілілігіне қарай ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркеме жабдықты сатып алуға арналған қарыз шарттары бойынша жүзеге асырылады.
— Бұл тізбе агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган Gosagro.kz порталында орналастырылады. Мәселен, тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға берілген қарыз шарттары бойынша субсидиялау шарттарын жасасу кезінде қарыз алушыға 6 пайыз мөлшерінде төлейтін сыйақы көзделеді. Ал қалған техника мен жабдық бойынша қарыз алушы 15 пайыз мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесін төлейді. Сондай-ақ қағидаларға енгізілген толықтырулардың бірі — 2026 жылдан бастап күшіне енетін агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру және лизинг кезінде қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау шарттары, — дейді Қ.Сәрсембай.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жалпы сомасы 13,5 млрдтеңге болатын 2472 жобаға несие берілді. Оның ішінде құс шаруашылығына — 2,3 млрдтеңге (595 жоба), мал шаруашылығына — 4,2 млрдтеңге (597 жоба), өсімдік шаруашылығына — 1,2 млрдтеңге(235 жоба), оның ішінде 100 шағын жылыжай бар.
Несиенің басым бөлігі өңдеу және шағын бизнестің өзге түрлеріне беріліп жатыр. Бұл бағытта жалпы құны 5,7 млрдтеңге болатын 1047 жобаға несие берілді. Оның ішінде 88 наубайхана,57кондитер, 182 шағын сүт өңдеу және 88 ет өңдеу, 72 тігін, 110 монша, 38 қоғамдық тамақтану орны, 10 балық өсіру, 108 көлік жөндеу, 40 шаштараз, 12 әсемдік салоны және 242 өзге де жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жеті қойманың жұмысы
Биыл облыста «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық 5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен 2,0 миллиард теңге несие қаражаты бөлініп, толық игеріліпті.
Сонымен бірге көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы қосымша 7,0 миллиард теңге несие қаражаты бөлініп, қазірөтінімдерді қабылдау және несиелерді беру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан басқа өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға, яғни тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштардың, пестицидтердің құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінген.
— Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі — диқандар еңбегі ерекше ескерілді. Қазір облыс диқандары егін науқанын аяқтап қалды. Шаруалар жайына күн райы қарасты. Болжам бойынша, жақын аралықта жауын-шашын жауа қоймайды. Сондықтан біздің диқандарымыз қазанның басында орақ науқанын толығымен аяқтайтын болады. Дизель отыны жеткілікті мөлшерде, — дейді Құсайын Сәрсембай.
Жаңа егін астығын қабылдау жұмыстары облыстағы лицензияланған 7 астық сақтау кәсіпорны меншаруашылықтардың астық сақтау орындарында жүзеге асырылып жатыр. Қойманың жалпы сыйымдылығы — 381 мың тонна. Басқарма басшысының айтуынша, қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
— Егер ауа райы қолайлы болса, егін жинау жұмыстарықазан айының басында аяқталатын болады, — дейді ол.
Тауарлық несиеге алынған түйе
Жолдауда «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі, осы жоба аясында «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру керектігі де айтылды. Бұл тұрғыда әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу жайы да айтылды.
— Былтыр облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында, қаржылық несиемен қатар, тауарлық несие беру тетігі жүзеге асырылған болатын. Тауарлық несиенің мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеріп, мал санын көбейту. Осыған орайқожалықтар тарапынан банктер арқылы қаржылық несие алуға жағдайы жоқ әлеуметтің осал топтарына банктердің қатысуынсыз тікелей несиеге мал беру көзделді. Нәтижесінде, былтыр 335 отбасына 4 716 мал берілді. Оның ішінде түйе — 6, жылқы — 210, ірі қара — 1081, қой — 3419. Биыл тұрғындардан сұраныс болмауы және көктемгі төтенше жағдайға байланысты тауарлық несие беру тетігі жүзеге асырылған жоқ. Алдағы уақытта Жолдауда айтылған тапсырмалар іске асырылатын болады, — дейді басқарма басшысы.
Арайлым НҰРБАЕВА.