Мереке

Қобдалық мейірбике су тасқыны кезінде үйі бұзылғанына қарамастан, қызметіне адалдық танытқан

Медицина саласында 40 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Баянсұлу Сұлтанова көктемгі су тасқыны кезіндегі сын сағаты енді қайталанбасын дейді.

Биылғы наурыз айында қарғын судың кесірінен оның үйі бұзылған. Бүкіл жиған-тергені көз алдында суға шайылып кетіпті. Құтқарушылар көмегімен қауіпсіз жерге, өзінің жұмыс істейтін орны – Қобда аудандық ауруханасына отбасымен көшірілген. Сол сәтте басына түскен қиын жағдайға қарамастан, тасқын судан зардап шеккендерге көмектесіп, мамандық алдында адалдық танытыпты. Жерлестеріне көмектесіп, оларды аурухана палаталарына жатқызуға себепші болыпты.

«Табиғаттың тосын мінезіне қарсы келе алмайсың. Биылғыдай су деңгейі бұрын-соңды болған жоқ. Екі метрден асты. Бірдеңе істеуге құлықсыз болдық. Нақты есімде жоқ, бірақ 26 ма әлде 27 ма екен үй құлады. Сол үйлердің иелері, бәріміз, 40 шақты адам аудандық ауруханаға орналастырылдық. Үйім суға кетіп, құласа да, жұмыста жүрдік. Біреуінің басы, біреуінің жүрегі айныды. Шағым айтқанның барлығына жүгіріп жүріп, көмек бердік. Жағдайды көріп, бір бөлмеге кіріп жылап аламын, қайтадан жұмыс орныма оралғанда білдіртпей, күліп жүремін. Зардап шеккендерге қол ұшын созған барлық жанға, әріптестерге алғысым шексіз. Моралдық тұрғыда үлкен қолдау білдірді», – деді Баянсұлу Сапарова.

Қобдалық тұрғынға бірреттік әлеуметтік төлем, материалдық шығынға көмек берілген. Аудан орталығынан салынып жатқан жаңа үйлердің біреуі Баянсұлу Сапароваға бұйырады.

14 маусым күні Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада мейірбикенің еңбегі еленді, Алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы, Ақтөбе облысында орын алған су тасқыны кезінде 100 медицина қызметкері жапа шекті. Бастарына түскен қиын жағдайға мойымай, олар қызметін адал атқарды, көмекке мұқтаж қол ұшын созды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button