Мереке

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Медицина қызметкері күнімен құттықтауы

Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері!

Баршаңызға кәсіби мереке құтты болсын!

Әр адам дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, өз өмірінде ақ халатты абзал жандардың ыстық ықыласын, алақанының жылулығын сезінеді. Сіздер арқалаған іс жауапты, ол өте ауқымды. Минут сайын әрбір жанның өмірі үшін күресіп, аман алып қалуға, денсаулығын сақтауға бар күш-жігерлеріңізді саласыздар. Адамдарға көмектессем деген ізгі ниет олардың алғысына бөлейді.

Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Ұлт саулығы – жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты.

Елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны белсенді іске асыру жүргізілуде. Облыста медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, ірі ауданаралық ауруханалар салынуда. 2030 жылға дейін аймақта шамамен 97 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Биыл денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Заңға енгізілген түзетулердің арқасында медицина қызметкерлері жаңа құқықтарға ие болды. Мемлекет мамандық иелерін әрқашан қолдайды және еңбектерін қашанда жоғары бағалайды.

Ұлт саулығын сақтау жолындағы ауыр да жауапты еңбектерiңiз, игілікті істеріңіз еселене берсін. Барлық медицина қызметкерлеріне зор құрметiмдi бiлдiре отырып, алғысымды айтамын. Зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыстар тілеймін!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button