«Ақтөбе» — 100!

Байғаниндегі басылым мерейтойы

Байғанин ауданында облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе»газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тарихи-танымдық мерекелік іс-шара осылай аталды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған, құрамында аталған серіктестікке қарасты «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай және басылым қызметкерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдарбар делегация киелі мекен Байғанин өңіріне іссапармен барды. Айта кету керек, мерейтой аясындағы аудандарға алғашқы сапар осы шежірелі өңір Байғаниннен бастау алды. Екі күнге созылған тағылымды сапардың бірінші күнінде делегация мүшелері «Кіші Жазушылар одағы» атанған Жарқамыс ауылында болып, мұндағы қалың оқырманмен жүздесті.

Алдымен Жарқамыс орта мектебіне ауыл шаруашылығы саласының ардагері, экономист, спорт жанашыры Ақмырза Махановқа ескерткіш тақта орнатылды. Бұдан соң білім шаңырағында басылым мерейтойына арналған жиын өтті. Көпшілік алдында сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан облыстық «Ақтөбе» газетінің аудандағы алғашқы іс-шарасының Жарқамыс ауылында ұйымдастырылуының маңыздылығына тоқталды. Раукен Сағызбайұлы 7 маусым — қазіргі «Ақтөбе» газетінің алғашқы саны жарық көрген күнімен шаңырақ көтерген тойлары тұспа-тұс келген жас отау иелері — Жандос Қаныбекұлы мен Нұржайна Дүйсенбайқызына және Жарқамыс мектебінің директоры Самал Жиенбаеваға құттықтау хат пен сыйлықтар табыс етті.

Мерейтой күндері аудан орталығы Қарауылкелдіде жалғасты. Ғасырлық басылымды насихаттаушы топ алдымен Елтоқ ата бейітіне барып, тағзым етіп, ата рухына Құран бағыштады. Содан кейін журналист-жазушы, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі болған Ибадулла Сұлтановтың үйіне барып, марқұмның жары Ұрқия апаны басылымның 100 жылдығымен құттықтады.

Сапар барысында Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқанбетқалиұлы атындағы мектептерге барып, білім ордаларының тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандық орталықтандырылған кітапханада көрнекті қаламгерлер Сағи Жиенбаев пен Есенбай Дүйсенбаевтың поэзиясына арналған кешке қатысты.

Басылым мерейтойы аясындағы іс-шараның ең маңызды, ең қызықты тұсы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Ғимарат фойесінде «Жүз жылдық жылнама» көрмесін тамашалаушылар көп болды. Мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға газет оқырманы көп жиналды. Жиында сөз алған аудан әкімі Айбек Көпенов басылым мерейтойы аясында аудандарда өткізілуі жоспарланған іс-шаралардың Байғанин өлкесінен басталуына ризашылығын білдіріп, бұл аудан халқы үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Мерейтой мінберінде сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл жолғы оқырманмен жүздесудің басты мақсаты ғасырлық тарихы бар басылымның оқырмандарына құрмет көрсету екендігін айтты.

Жиын соңында әр саланың мамандары марапатталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button