Шегіртке деген залал бар…
Биыл елімізде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұлзиянкестердің көбеюімен тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, аталған зиянкестер 10-12 жыл сайын көбейіп, шарықтау шегіне жетіп барып қайта бәсеңдейді екен.
Ең үлкен алаң — Ақтөбеде
Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен республикалық жедел штабтың кезекті отырысында еліміз бойынша шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу мәселесі талқыланды.
Министр елімізде италиялық шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары басталғанын, бұл мақсатта пестицидтер барлық өңірге қажетті көлемде жеткізілгенін, биыл республика бойынша шегірткеге қарсы өңделуге тиіс алаңдардың ең үлкені Ақтөбе (784,4 мың га) және Қостанай (775,6 мың га) облыстарында екенін жеткізді.
10 маусымдағы жағдай бойынша өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы жоспарланған 2,5 миллион гектар өңдеу алаңының 800 мың гектардан астамы өңделген. Мәселен, егіс алқабы көп Түркістан облысында бүгінге дейін 270 мың гектар алқапқа, Қостанай облысының бес ауданында 51 мың гектардан астам алаңға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ал біздің облысымызда 317 мыңнан астам гектар алқап өңделген.Шегірткелердің көбею аймағын зерттеуге және анықтауға 600-ге жуық адам тартылған.
Отырыс қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров өңірлік штабтарға мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері жүргізіп жатқан жұмыстардың жай-күйі туралы күн сайын хабардар етуді тапсырды. Қажет болған жағдайда қосымша техника тартып, уақытша жұмысшыларды мүмкіндігінше көбірек тартуды ескертті.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің айтуынша, облыста егіс егу жұмыстары жақын күндері аяқталады. Бүгінде жоспардың 94 пайызы орындалған.
Биыл өңірде 414 мың гектарға — дәнді дақылдар, 83 мың гектарға— мал азығы, 56 мың гектарға — майлы дақылдар, 3472 гектарға— картоп, 2100 гектарға— көкөніс, 728 гектарға бақша дақылдары егілген.
Облыстағы ахуал қандай?
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысы Дастан Сағыровтың айтуынша,
биыл республика бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізугебюджеттен 8 млрд 100 мың теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа комитет тарапынан мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілген. Атап айтсақ, препараттарды сатып алу және оларды тасымалдау, улау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техникалардың қызметін сатып алу, химиялық өңдеу жұмыстарынан кейін босаған ыдыстарды жою, т.б. Бұл жұмыстарды конкурста жеңімпаз атанған мердігер ұйымдар жүргізуге тиіс.
— Биыл облыста италиялық шегірткеге қарсы— 777 198, азиялық шегірткеге қарсы 7,2 гектар алқап өңделеді деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға жалпы саны 105 техника жұмылдырылуда. Өңдеу жұмыстары, негізінен, екі тәсілмен — жер және әуе арқылы жүргізіледі.
Биыл өңдеу жұмыстарына қажетті препараттар министрліктен облыстағы аудандарға уақтылы үлестірілді. Шегіртке дернәсілдерінің шығуына байланысты арнайы техникалар жергілікті жерлерге жеткізілді. Қазіргі таңда комитет өткізген мемлекеттік сатып алу шараларының қорытындысы бойынша мердігер компанияларға тиісті жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ, «Аэро» және «Samgau Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әуе тәсілі арқылы жеңіл және аса жеңіл авиациямен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатса, «ЗапКазФумигация», «Защита растений-К», «Магтоксин» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бұл бағыттағы жұмыстарға аэрозольды генераторларды қолданып жатыр.Сондай-ақ «Бағжан», «Pest Mosq treatment» компаниялары жерүсті бүріккіштері арқылы улау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде облыс бойынша 317 420 гектар жер өңделді. Бұл — жоспарланған алқаптың 41 пайызы, — дейді Дастан Сағыров.
Оның айтуынша, биыл шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары облыстың жылы аймақтарында, атап айтсақ, Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Байғанин аудандарында басталған. Қазір барлық ауданда шегірткелердің шығуы байқалып, тиісті мониторинг жұмыстарын жүргізумен қатар, шегірткелер орналасқан ошақтарды анықтау, оларды улау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
— Өңдеу жұмыстарын жүргізуге тиіс 777 198 гектар жердің 306 мың гектары егісті өлке — Әйтеке би ауданына тиесілі. Бұл өңірде дернәсілдердің жер бетіне шығуы облыстағы аудандар арасында ең соңғы болып тіркелді. Бүгінге дейін бұл ауданда 18 мың гектардан астам жер өңделді. Жұмыстарға қажетті 28 техника жеткізілді. Қажетті жағдайда әуе техникалары жұмылдырылады. Бұдан бөлек қазіргі таңда облыста үйірлі шегірткелермен қатар саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша облыста 46 300 гектар алқап, саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жоспарланған. Бүгінде 23 мың гектар жерден саяқ шегіртке дернәсілдерінің ошақтары анықталып, 22 мыңға жуық алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді, — дейді облыстық аумақтық инспекция басшысы.
Айта кету керек, былтыр өңірде саяқ шегірткелерге қарсы жүргізілген мониторингтік іс-шаралар аумағы 226,3 мың гектарға жеткен.
2 млн 201 мың гектар жерге анықтау жұмыстары жүргізілді
Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Ғарифолла Жолаевтың айтуынша, аталған мекеме шегіртке дернәсілдеріне қарсы жалпы көлемі 2 млн 427 мың гектар алқапты тексеруді жоспарлаған. Бүгінге дейін орталық мамандары 2 млн 201 мың гектар жерге анықтау жұмыстарын жүргізген.
— Жүргізілген тексеру жұмыстары негізінде облыста 433 мың гектар жерден италиялық шегіртке дернәсілдерінің таралуы анықталып, оның ішінде 327 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді. Биыл италиялық шегіртке дернәсілдерінің алғашқы шығуы 3 мамырда байқалып, зиянкестер төрт толқын арқылы көбеюде. Атап айсақ, бірінші толқын — 3 мамырда, екінші толқын — 11 мамырда, үшінші толқын — 17 мамырда, төртінші толқын 22 мамырда шықты. Айта кеткен жөн,жалпы италиялық шегіртке дернәсілдері ұшқан кезде олар жұмыртқаларын 5 сантиметрден 8 сантиметрге дейінгі тереңдікке салады. Сол себепті ауа райы мен жұмыртқа салған жерінің топырағына байланысты олар әртүрлі уақытта шығады. Осы орайда біз мердігер ұйымдарға екінші және үшінші толқында шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс береміз. Қазір барлық мекеме өздеріне тиісті препараттармен және техникалармен қамтылып, улау жұмыстарын жүргізіп жатыр,— дейді орталық басшысы.
Оның айтуынша, қазір облыста құмдақ жерлерді «мекендеген» италиялық шегіртке дернәсілдердің алғашқы келгендері 4, 5 жасқа жеткен. Сол себепті олардың алдағы 7-14 күн аралығында ұшып кету қаупі бар. Оған дейін жауапты мекемелер химиялық өңдеу жұмыстарын тиянақты түрде жүргізуі керек. Әйтпесе шегірткелер егіс алқаптарына зиян келтіруі мүмкін.
— Бүгінде облыстағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан 128 адам біздің мекемеге бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Ал республикалық бюджет есебінен 64 адам техникасымен анықталушы ретінде алынды, — дейді Ғарифолла Жолаев.
Мердігер ұйымның үлесі
Биыл өңірде шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың бірі — «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС. Бұл мекеме бүгінде Қобда, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би аудандарда өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Серіктестік үйірлі шегірткеге қарсы 71 мың гектар, ал саяқ шегірткеге қарсы 25 мың гектар алқапты улаған.
— Биыл біздің мекеме саяқ шегірткелерге қарсы улау жұмыстарын жүргізу үшін тендер ұтып алды. Негізінен, саяқ шегірткелер сулы жерлерде, екпе шөптер өскен аумақтарда көп жүреді. Олардың егіс алқаптарына зияны көп. Жалпы, шегіртке — ерте кезден келе жатқан егістік пен шөптің қас жауы. Бұл зиянкестер 10-12 жылда көбейіп, шарықтау шегіне жетеді. Биыл біз сол кезеңге тап болып отырмыз. Мұның көктемгі су тасқынына еш қатысы жоқ. Жалпы, шегірткені 100 пайыз жойып жіберу мүмкін емес. Оның санын азайтып, егін шаруашылығына зиян келтірмейтіндей етіп күресуіміз керек. Себебі олар күн қызған кезде шығып, дернәсілдері тез көбейеді. Сосын 45 күннің ішінде қанатқа тұрады. Ең зиян келтіретін мезгіл — осы 45 күн. Яғни шегірткелер барлық егістік алқабын осы кезеңде «жеп қояды». Қанатқа тұрып, ұшып кеткеннен кейін олардың егістікке келтіретін зияны небәрі 5 пайыз ғана. Одан кейін шағылысып, ұрық салып, өледі. Ал салынған ұрықтары үш жылға дейін сақталады,— дейді «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС директоры Едірес Жиенқұлов.
Аталған мердігер ұйым биыл химиялық өңдеу жұмыстарына қажетті препараттарды өз қаржысына сатып алыпты.Мәселен, саяқ шегірткелерге қарсы жұмыстар жүргізуге 30 млн теңге қаржы жұмсаған. Қазір серіктестік құрамында 30 шақты адам мен оннан астам техника жұмыс істеп жатыр. Олар бұған дейін Ойыл, Мұғалжар, Алға аудандарында улау жұмыстарын жүргізген.
— Биыл химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуде «Крейсер» деп аталатын препаратты қолданып жатырмыз. Бұл — Қытайдан шығатын өнім. Оны сумен араластырып шашады. Бір шашқан кезде 2 мың литрлік сұйықтық 666 гектарға жетеді. Қазір жұмысшыларымыз төрт ауданда улау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер басқа аудан тұрғындарынан арыз-шағымдар түссе, біз елді мекендерге барып, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге дайынбыз. Биыл шегіртке көп, сондықтан өңдеу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар болмауы керек. Мердігер мекемелер санаспай, барынша нәтижелі жұмыс істеуге тиіс, — дейді Едірес Жиенқұлов.
Данагүл ҚАЗИХАН.