Басты жаңалықтарСу тасқыны

Темір ауданы: тасқыннан кейінгі тіршілік

Темір ауданында көктемгі су тасқыны кезінде төрт ауыл зардап шекті. Ойыл мен Темір өзендеріне жақын елді мекендердегі ылдилау жерде орналасқан тұрғын үйлердің кейбірін су басып, біразы тұруға жарамсыз боп қалған. Бұл туралы бізге Темір ауданы әкімінің орынбасары Руслан Құдайбергенов айтты. Қазіргі тірлік қандай? Үйлері суға кеткен тұрғындар баспанамен қамтылды ма? Қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Осы ауданға арнайы барып, тасқыннан кейінгі қазіргі жағдайды көріп келген едік…

Апатты үйлердің иелері баспанамен қамтылады

Қапыл еріп, жерге сіңіп үлгермеген қар суы мен тасыған өзен Темір ауданындағы төрт ауылдың тұрғындарын да біраз әбігерге салған. Темір ауданы әкімінің орынбасары Руслан Құдайбергенов аудан орталығы Шұбарқұдықтағы, Алтықарасу округіндегі Еңбекшідегі, Кеңесту округіндегі Шитүбектегі, Сарыкөл округіндегі Құмсайдағы кейбір үйлерге су кіріп, саманнан салынған үйлердің қабырғалары құлағанын айтты. Оның айтуынша, тасқынның кесірінен баспанасыз қалған 98 тұрғыннан өтініш түскен. Тексеруші компаниялардың сараптамалық қорытындысы мен арнайы комиссияның шешіміне сәйкес 57 үй «апатты, тұруға жарамсыз» деп танылған.Жөндеуді қажет ететін қалған 41 үйдің 30-ы тұрғындардың жеке меншігі болса, 11 үй — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты коммуналдық жалдамалы баспана.

— «Апатты» деп танылған 57 үйдің иелері баспанамен қамтылады. Қазіргі таңда Құмсай ауылында аумағы 80 шаршы метр болатын 21 тұрғын үйдің құрылысы басталса, барлығы 288  миллион теңгеден астам қаражатқа есептелген 16 тұрғын үй Болат Өтемұратов қоры арқылы сатып алынды. Қалған 20 үйдің құжаттары дайындалып, алдағы күндері сатып алу-сату келісімшарттары жасалатын болады, — деді Руслан Құдайбергенов.

Темір ауданы бойынша 62 отбасына материалдық көмек ретінде 25 миллион теңгеден астам өтемақы, ал тұрғын үйлерін қалпына келтіру үшін 30 отбасына 148 миллион теңгеден астам өтемақы төленген.

Аудан орталығы Шұбарқұдықта ауыл тұрғындарымен тілдестік. Үш күн бұрын жаңа үйіне қоныстанған Алмагүл Боранбаева қуаныштан көзіне жас алды.

— 28 наурызда үйім су астында қалды. Қызым— тұрмыста. Жалғыз өзім Аққұдық көшесіндегі кеңес кезінде салынған үйде тұратынмын. Сырты силикат кірпішпен қапталғанымен, үй, негізі,саманнан салынған. Су кіргенде қабырғалары құлап қалды. Әкімдік өкілдері мен арнайы комиссия мүшелері маған үйімнің апатты жағдайда тұрғанын, ол жерде тұруға болмайтынын айтты. Әуелі «енді қайда барамын, қайда тұрамын?» деп қатты уайымдадым. Әкімдіктегілер жаңа үй салуды немесе дайын үй сатып алуды ұсынды. Мен дайын үйді ұнаттым. Енді көшіп келіп жатырмын. Жаңа үйім кең әрі жап-жарық. Алдағы уақытта ауладағы жерге көкөніс егіп, бақшаға айналдырғым келеді, — дейді Алмагүл Боранбаева.

Николай мен Евгения Капустянский де Шұбарқұдықтағы Аққұдық көшесінің тұрғындары. Өздерінің айтуынша, олар көшеге су толып, аулаға кірген кезде барынша үйін аман алып қалуға тырысқан. Біз барғанда үйінің сыртын әктеп болып жатыр екен.

Біз — Шұбарқұдықтың жергілікті тұрғындарымыз. Осы жерде өсіп-өндік. Екі ұл, бір қызымыз бар. Бұл үйді өзіміз 1985 жылы салып алғанбыз. Үйдің іргетасын жерден 30 сантиметрге биіктеткенмін, су содан асып, бел ортаға дейін жетті. Осы уақытқа дейін мұндай көлемдегі суды көрмеппін. Биылғы көктем есімде  қалатын болды. Күндізгі сағат бірден кешкі сағат тоғызға дейін топан су толастамады. Су екі күн тұрды. Мен уақытқа қарап отырдым. Құтқарушыларға хабарластық, олар да мейлінше көмектесіп жатыр, әкімдік материалдық көмек те берді. Жөндеу жұмыстарына да өтемақы төледі.Жергілікті билік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз. Бірақ өзіміз де үйден кетіп қалмай, қолымыздағы бар құралымызбен ауланы судан тазарттық. Үйде су сорғысы бар еді, соны қосып, біраз суды сорып алдық, — деді отағасы Николай. Оның сөзін қостаған зайыбы Евгения: «Осы жылдың 25-26 наурызын ешуақытта ұмыта алмаймын. Судың ортасында қалдық. Николай екеуміздің қол ұстасып бірге келе жатқанымызға 40 жыл болды. Мұндай суды бірінші көруім, жақын маңда өзен де жоқ таситын. Біздің үйге кіргені кәдімгі еріген қар суы», — дейді.

Құмсайда 21 үй салынып жатыр

Биыл көктемде Темір өзені арнасынан тасып, Сарыкөл ауылдық округінің Құмсай ауылына да су кірген. Өзенге жақын орналасқан көшедегі үйлерді су басып, кеңес өкіметі кезінде саманнан соғылған үйлердің қабырғасы құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Мәди Шүйіншалиннің айтуынша, бұл ауылдағы 75 үйдің 44-і суда қалған.
— 21 отбасы «осы ауылдан көшпейміз» деп, оларға Құмсайдан арнайы жер бөлініп, үй салынып жатыр. Қалған отбасылар қайталама нарықтан үй қарап, аудан орталығынан үй сатып алуға талаптануда. Басқа жерден үй сатып алушы 17 отбасының құжаттары комиссияға тапсырылды. Бес отбасы үй сатып алды. Қалған тұрғындардың тиісті құжаттары дайындалып жатыр, — дейді Мәди Шүйіншалин.

Құмсайда «Қазақстан халқына» қорының демеушілігі арқылы бой көтеретін 21 үй ауылдың екі шетінде орналаспақ. Біз барғанда күннің ыстығына қарамастан, құрылыс жұмыстары қызып жатты. Мұндағы құрылысшылар алты үйдің іргетасын салып қойып, енді үйлердің қабырғасын қалап жатты.
«Мұғалжар строй» компаниясының бас директоры Дархан Жігітов үй салу үшін Құмсай ауылына 8 мамырда келгендерін, құрылыстың жүріп жатқанына бір ай болғанын, жоспар бойынша 11 үйді тамыз айында тапсыратындарын айтты.
Әрқайсысы 80 шаршы метрлік жаңа үйлердің кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Округ әкіміжаңаүйлердіңиесіжеребеарқылыанықталатынынайтты.

Көктемгі тасқында үйі суда қалған Құмсай ауылының тұрғыны Талғат Мәжитов мемлекеттің қамқорлығын сезінгенін айтады.

— Былтыр ғана үйімді кеңейтіп едім. Бәрін су басты. Тасқыннан зардап шеккендердің бәріне мемлекет бірреттік төлемақы төлеп, көмектесіп жатыр. Болат Өтемұратов қоры арқылы біз де Кеңқияқ ауылынан төрт бөлмелі үй сатып алдық. Үкімет пен ірі компания басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді Талғат Мәжитов.

Құмсайдың келесі жағына салынатын 10 үйдің құрылысын «Taf kompani»ЖШСқолға алыпты.

Округ әкімі Мәди Шүйіншалин Темір өзенінің Құмсайға кіретін тұсына дамбы салу жоспарланғанын, енді мемлекеттік  сатып алу туралы заңға сәйкес жұмыстар жүргізілетінін айтты.

300-ден асатын тұрғыны бар Құмсай ауылының тұрғындары, негізінен, мұнай-газ компанияларында еңбек етеді. Ауылда 78 оқушысы бар 9 жылдық негізгі мектеп жұмыс істейді.

Суға кеткен малдың жайы

Темір ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есенбол Жолдығариннің айтуынша, биылғы су тасқынында 19 тұрғыннан «мал шығыны болды» деген өтініш түскен.

— Бүгінгі таңда 17 тұрғынның арыз-шағымы қанағаттандырылды. Тасқын кезінде су астында қалған 530 жандыққа 130 миллион теңге көлемінде қаражат төленді. «Жылқыларымыз жоқ» деген екі тұрғынның өтініші фото-видео дәйектемелері болмағандықтан, яғни малдың нақты өлексесі жатқан жері болмауына байланысты қанағаттандырылған жоқ. Өтемақы жасалған малдың бәрі ауыл шаруашылығының арнайы дерекқор базасында тіркелген. Енді  ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе жұмыс жасап, мал шаруашылығына қатысты деректер базасында тіркелмеген төлдердің өтемақысын төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Төрт шаруа қожалығындағы 106 төлге өтемақысын төлеу бағытында іс-шаралар атқарылып жатыр. Қазір комиссия қараған құжатты «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қорына жолдап отырмыз. Төтенше жағдайдың залалын жою  үшін құрылған комиссияда өтініш иесі ұсынған барлық фото мен бейне материал қаралады. Процестің ашықтығы мен әділ өтуін қамтамасыз ету үшін «Ауыл» партиясының бір өкілі комиссия жұмысына бақылаушы болып қатысты, — дейді Есенбол Жолдығарин. Бөлім басшысыөтініш жазғандар арасында біраз малы шығындалған үш шаруа қожалықты атады. Олар — 252 қойы мен 3 жылқысы суға кеткен «Айлин» шаруа қожалығы, 92 жылқысы шығындалған Ойылмен шекаралас жерде орналасқан «Жарғанат» шаруа қожалығы және 84 жылқысы суда қалған Қайыңды округіне қарасты «Номад Келбатыр» шаруа қожалығы.

«Айлин» шаруа қожалығының басшысы Асқар Нұржановтың айтуынша, Ойыл өзені арнасынан асып, тасыса да, Алтықарасуға мұндай көлемде су келмеген.

— Біздің қожалық Дәрібай жайлауында орналасқан. Ойыл өзені тасып, түннің бір уағында су деңгейі көтеріліп, қарқыны күш алды. Малды қораға қамап, қаннен- қаперсіз ұйықтап жатқан малшыны үйіне кірген су «оятқан». Ол тұрғанда жарық сөніп қалған. Байланыс жоқ. Су едәуір көтерілген. Мал қораға жете алар емес. Сең соққанда адамды құлатады дейді. Трактордың үстіне шығып, жан баққан.

Көрші қыстақтағы танысымахабарласып,малшымның жағдайын сұрадым. Таң ата құтқарушылардан көмек сұрап,солармен бірге 15 километр жерді қайықпен жүріп жайлауға жеттік. Қорадағы қамаулы тұрған малдың бәрі суда қалған, судың деңгейі бір жарым метрден асты. Осылайша 252 қой мен 3 жылқы суға кетті. Қой қорада болғанымен, жылқы малын қамап ұстауға келмейді. Тек жылқылар су келгенде сайда болып, аяқтарына сең соғылып, құлап қалса керек. Мемлекет тасқыннан зардап шеккендерге жан-жақты көмек беріп жатыр. Бізге де мал шығыны үшін өтемақы төледі, билік өкілдеріне көп рақмет, —  дейді қожалық басшысы Асқар Нұржанов.

Ал Кеңесту ауылдық округі «Басқарағанды» шаруа қожалығының жетекшісі Досжан Жұмағалиев те суға кеткен 8 ірі қараның тиісті құжаттарын әкімдікке тапсырып, 2 миллионнан астам өтемақы алғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Темір ауданында су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button