Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы
Жуырда Алматыда С.Асфендияровтың 135 жылдығына арналған Қазақстан кардиологтарының XVI конгресі өтті.
Конгреске М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті №2 ішкі аурулар кафедрасынан осы кафедраның жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнара Құрманалина мен тәжірибелі кардиолог, профессор Бекболат Жолдин бастаған делегация да қатысты.Делегация құрамында 17 адам болды. Олар осы жиын аясындағы «Кардиология жаңалықтары» ғылыми сессиясында баяндамалар жасап, сондай-ақ резидент-кардиологтар жас ғалымдар байқауына қатысты. Конгресте аталған университеттің медициналық орталығындағы кардиология бөлімінің меңгерушісі Г.Арыспаева «Ақ жүрек» сыйлығымен марапатталды. «Ақ жүрек» — еліміздегі жетекші кардиолог мамандарға берілетін сыйлық. Ал жас ғалымдар байқауының қорытындысында С.Көпжанов ІІ дәрежелі диплом иемденіп, лауреат атанды.
Жалпы, №2 ішкі аурулар кафедрасы үшін өткен оқу жылы сәтті жыл болды. Кафедрада 13 оқытушы қызмет етеді, олардың 77 пайызы ғылыми дәрежеге ие. Кафедра ғалымдары болашақ терапевт дәрігерлерді, кардиолог, нефролог, реабилитолог мамандарды оқытып қана қоймай, сонымен бірге өз саласы бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулерге, ғылыми жиындарға, оның ішінде халықаралық ғылыми конференцияларға да белсенді қатысып келеді. Мысалы, медицина ғылымдарының кандидаты В.Медовщиков оқу жылы қарсаңында АмстердамдаЕуропалық кардиологтар қоғамының ұйымдастыруымен өткен әлем кардиологтары конгресінде баяндама жасады. Ал оқу жылының басында профессор Б.Жолдин Мәскеуде өткен ІV халықаралық онкология және радиотерапия форумына қатысып, кардиоонкология бағыты бойынша баяндама оқыды. Докторант А.Аманова 2023 жылдың желтоқсан айында Ресей Ұлттық конгресі ұйымдастырған жас ғалымдар байқауында жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломға ие болды.Міне, осындай жетістіктерді одан әрі де жалғастыра беруге болады.
№2 ішкі аурулар кафедрасының оқытушылары университеттің медициналық орталығындағы кардиология және кардиореанимация бөлімдерінде жатқан науқастардың емін күнделікті бақылауға алған. 45 жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан профессор Бекболат Жолдин бүгінде жүрек-қан тамырлары ауруларының жастар арасында да кездесетініне алаңдайды.
Оның айтуынша, жүрек пен қан тамырлары ауруларының алдын алу және асқындырмаудың амалы — дұрыс тамақтану мен қозғалыстың жеткілікті болуы.
— Қан қысымының жоғарылығы, сондай-ақ холестериннің тиісті мөлшерден көп болуы, қант диабеті, семіздік, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтана білмеу — жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әкеп соқтыратын факторлар. Мысалы, күнделікті тағам құрамындағы тұз мөлшеріне де көңіл бөліне бермейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, әр адам тағам құрамында тәулігіне 5 грамм ғана тұз пайдалануы керек болса, ал зерттеулер бойынша, біздегі кей өңірлерде бұл көрсеткіштің 17 грамм екені анықталыпты, — дейді профессор.
Бүгінде кафедра ғалымдары Б.Жолдиннің жетекшілігімен Еуропалық кардиологтар қоғамының EUROASPIRE VI халықаралық зерттеулеріне қатысуға әзірленіп жүр. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей, біз маман даярлау, ғылыми- зерттеулер жүргізу және науқастарды емдеу, яғни үш бағыттағы жұмыстарды үйлестіре алып жүрген ғалымдарға сәттілік тілейміз.
Айна САРЫБАЙ.