Мереке

Білікті маман

Антына адал, білікті ақ халатты абзал жандардың есімдері ел аузында жүреді. Сондай  дәрігерлердің бірі — талай адамның жанына араша түскен, саналы ғұмырын ауданымыздың денсаулық сақтау саласына арнаған білікті маман Мария Тулина. 

Жамбыл облысында дүниеге келген Мария Тулина  ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, жастайынан кітап оқуға құмартып өсті. Білімге құштар жеткіншекті өзі оқыған кітаптардағы, әсіресе соғыс жылдарында борап тұрған оқ арасында қызмет еткен әскери дәрігерлердің еңбегі ерекше тәнті ететін. Олардың ерлікке толы өмір жолдарын үлгі тұтып, дәрігер болуды мақсат еткен ол 1976 жылы мектепті аяқтап, Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсті. Алайда жоғары оқу орнында барлығы кітапта жазылғандай емес, әлдеқайда қиын болып шығады. Күрделі дәрістер, сан түрлі оқулықтардағы тақырыптарды меңгеру жас қызға оңайға соқпады. Дегенмен ол өзінің дәрігер бола алатынына сенді, бастапқы ұмтылысын бір сәтке де естен шығарған емес. Негізгі пәндерді оқып шыққаннан кейін нақты бағытты таңдау керек сәтте әскери дәрігер мамандығын емес, акушер-гинеколог болуға шешім қабылдайды.

Кейіпкеріміз 1982 жылы инстиутты ойдағыдай бітіріп, тұрмыс құрып, жолдасымен Хромтау ауданына келеді. Мұнда жас маман Дөң тау-кен байыту комбинатына өнеркәсіп дәрігері болып орналасады.

Ол кездері дәрігерлер көп болатын. Өз мамандығым бойынша орын болмағандықтан, комбинатқа жұмысқа кірдім. Күн сайынғы қабылдауларымызда ұзын-сонар кезек болатын. Барлық науқастың ауру белгілерін тексеріп, емдерін жазып беретінбіз, — деді М.Тулина.

Кейін ол орталық ауруханада емхана меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарды. Сол жылдары аурухананың бас дәрігері болған Қасым Қозбағаровпен, басқа да қызметкерлермен бірлесе жұмыс істеп, тұрғындарға қауіп төндірген жұқпалы аурулардың алдын алды.

— Ауданымызда туберкулез жұқтырғандардың саны күрт өскенде бас дәрігер мені шақыртып: «Біз бұл мәселені тез арада шешуіміз керек. Қандай іс-шаралар жоспарын ұсына аласыз?» — деп сұраған еді. Мен нәрестелердің, ересектердің өліміне талдау жасаудың негізінде жаппай медициналық тексеріс өткізу керек екенін айттым. Яғни жұмыс орындарында флюорографиядан өтпейінше, адамдарды жұмысқа алмауды талап еттік. Сөйтіп, ауру көрсеткіштерін айтарлықтай төмендеткен болатынбыз, — дейді ол.

Мария Тулина «Евразия» медицина орталығында да жемісті еңбек етті. Кейін аудандық орталық ауруханаға отбасылық дәрігер болып орналасқан ол бүгінде  сол қызметінде жүр.

Мария Тулинаның басты қағидаларының бірі — жас мамандарға көмек беріп, тәжірибесімен бөлісу. Ол үнемі қайта даярлаудан өтіп, ізденіс үстінде жүреді. «Учаскедегі 3700 адамды жеке-жеке танимын. Олардың аман-есен болуы үшін күндіз-түні байланыста жүремін», — деді кейіпкеріміз.

Мария Тулина — ауданымызда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқасты анықтаған алғашқы дәрігер. Ауру белгілерін әдеттегідей мұқият тексеріп шыққан ол сол күні тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған жайтпен бетпе-бет келген болатын. Бір қарағанда өкпе қабынуына ұқсас, бірақ рентген нәтижесіне зер салса, өзіндік айырмашылықтары бар ауру дәрігерді алаңдатқан еді. Аурудың басқа емес, коронавирус инфекциясы екенін анықтап, науқасты карантинге жабады. Осылайша ол ауданымызда індет пайда болғаннан бастап қалыпты жағдай орнағанға дейін алдыңғы шепте қаймықпай күрескен медицина қызметкерлерінің қатарынан табылды.

Жанел НҰРБОЛАТҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button