Басты жаңалықтарМереке

Мемлекеттік қызмет — абыройлы міндет

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

«Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл кәсіби мереке елімізде 2014 жылдан бастап аталып өтіледі.

Бүгінгі таңда облыста төрт мыңнан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Жылдағы дәстүр бойынша мереке қарсаңында ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтатқан мемлекеттік қызметтің ардагерлерімен және бүгінгі таңда мәртебелі міндетті абыроймен атқарып жүрген қызметшілермен сөйлескен едік… 

Басқармамен бағы жанған ауыл

Облыстың күретамыры саналатын Хромтау ауданының солтүстік-шығысында орналасқан Қызылсу ауылы бір кездері гүрілдеп тұрған ұжымшарлардың бірі болатын. Ауылдың байырғы тұрғындары бұрынғы «Жангелді» ұжымшарының гүлдеген кезін сол уақыттағы басқарма төрағасы Асылбек Іскендіровтің есімімен байланыстырады. Жақсының жақсылығын айту керек, расымен, бұл ауылдың «бағы» сол Іскендіровтің кезінде ғана жанған еді…

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Асылбек Іскендірұлының телефон нөмірін тауып алып, қоңырау шалдық. Сөйтсек, мемлекеттік қызметтің ардагері «Ақтөбе» газетінің бірнеше жылдан бергі тұрақты оқырманы екен. Сұхбатқа бірден келісті. Қасыма фототілші Хайреден Раушановты ертіп алып, белгіленген уақытта үйіне бардық.

Сұхбатымыз екі сағатқа созылды.

Кейіпкеріміз қазақы тірліктің қаймағы бұзылмаған Ырғыз өңірінің тумасы екен.  Мектепті аяқтаған соң жас түлек сол уақыттағы еліміздің астанасы — Алматы қаласындағы ауылшаруашылығы институтына барып, бағын сынап көреді. Барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, экономика факультетіне студент болып қабылданады.

1969 жылы агроном-экономист мамандығы бойынша институт бітіргені туралы дипломды қолына алған жас маман жолдаманы туған жері Ақтөбе облысына жаздырып алады. Елге оралған соң облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясының жер бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрады. Осы жерде қызмет етіп жүргенде болашақ жары Үмітпен танысып, отбасын құрады.

Кейін Ақтөбенің іргесіндегі «Хлебодар» совхозына бас экономист болып орналасады. Осы жерде 9 жылдай қызмет еткен кезінде жас маман шаруашылыққа біраз жаңалық енгізді. Өзінің жаңашылдыққа бейім, білікті кадр екенін танытқан Асылбек Іскендірұлы 1974 жылы ауданның, 1978 жылы облыстың ең таңдаулы экономисі атанады.

1980 жылдың басында обкомның ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы  шақырып алып, Новоресей ауданындағы райкомның бірінші хатшысына  жолығуым керектігін айтты. Ол жақта колхоз басқармасына кандидат іздеп жатыр екен. Басшының ойынан шыққан болуым керек, мені «Жангелді» колхозына басқарма төрағасы қызметіне ұсынатынын айтты. Менің Жангелді тарихындағы өмірім сол жылдың 22 ақпанынан басталды, — деді Асылбек Іскендірұлы.

Колхоздың бұрынғы басқармасы үш ай бұрын қайтыс болған екен. Жас басқарма барлық саланың кетеуі кетіп, тоқырап тұрған ұжымшарды көргенде «қайдан келдім» деген ойға қалғанын айтады. Бірақ өзін қайрап, екі білегін сыбанып жұмысқа кірісіп кетеді. Нәтижесінде осы шаруасы кері кеткен ауылды жас маман он жылдың ішінде облыстың таңдаулы шаруашылығына айналдырды. Экономист маман мұнда да шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістеріне сүйенді. Шартты ақша жасауды қолданды. Мүлікке, қаржыға қатаң есеп кіргізді. Сол кездің тілімен айтқанда, құлдырап бара жатқан Жангелді «миллионер колхоз» болып, өзге шаруашылықтарға несие бере алатындай жағдайға жетті.

Шаруаға бұрын-соңды болмаған диспетчерлік қызмет түрін енгізіп, барлық құрылымды 30 шақырым қашықтықтан сөйлесуге мүмкіндік беретін рациямен жабдықтайды. Мемлекетке астық тапсыру жоспарын асыра орындаудың арқасында машина-трактор паркі жаңа техникалармен жабдықталды. Қазір Қызылсу деп аталатын ауылға екі қабатты 320 орындық мектеп салынды. Құлайын деп тұрған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындары үшін монша салынып, су құбыры тартылды. Колхозшылар үшін 20-дан астам жаңа үй тұрғызылды. Бүгінде ауылдың қыр бөлігінде салынған үйлерді тұрғындар «Іскендіровтің кезінде салынған үйлер» деп есіне алады.

Ауылға көгілдір отын да осы кісінің берген ұсынысы бойынша келген еді.

Екінші бес жылдықта колхоз экономикасының рентабельдігі артып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Алдымда ең күрделі мәселе — ауылға газ әкелу тұрды. Оны шешу тек республикалық мекеменің құзырында ғана болатын. Қателеспесем, 1988 жыл болуы керек, Хромтаудан Бадамшаға жоғарғы қысымдағы газ құбырын біздің аумақ арқылы тартты. Мен сол уақыттағы Дөң кен байыту комбинатының директоры Фетисовпен келісіп, ауылдан 5,5 шақырым жерде кран қалдырттым. 1989 жылы республикалық колхоз кеңесінде сөз сөйлеп, ауылды газдандыру мәселесі шешімін таппай тұрғанын айттым. Көп ұзамай жақсы хабар келіп, біздің мамандар сметалық құжат жасауға кірісті. Ауылға газ келген кезде мен басқа қызметте болдым. Бірақ газдандыру мәселесі осылай шешілген еді, — деді.

Күн-түн демей еңбек еткенімен, тоқсаныншы жылдардағы қоғамдағы тұрақсыздықтың салдары Асылбек Іскендіровке де салқынын тигізді. Колхоз басқармасы төрағалығынан жұмыстан босату туралы арызын жазып, Ақтөбеге оралады. Бұл жақта облыстың агроөнеркәсіп комитетіне жетекші маман болып орналасады. Басқармаға ауысқанда бас маман болды. 1992 жылдың мамыр айында облыстық экономика комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады.

Облыстық әкімдікте 18 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп, құрметті демалысқа шығады. Қызмет еткен жылдарында әртүрлі марапаттар мен наградаларға ие болған Асылбек Іскендірұлы өткен жылы Республика күні қарсаңында кеудесіне Ұлттық экономика министрлігінің ведомстволық медалі — «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін тақты.

Бүгінде ұлы — ұяда, қызы — қияда. Бір кездері тұтас бір колхозды басқарған Асылбек Іскендірұлы қазір сүт кенжесі Әнуардың балаларына қамқор болып жүрген ата. Соларды мектепке апарып-әкеліп, қосымша үйірмелеріне тасиды.

Қашан да елдің жайына алаңдап отыратын ардагер күнделікті жаңалықты үзбей көретінін айтты. Қолы сәл босай қалса, кітап оқиды.

— Елдің дамуы тек бір адамға ғана байланысты емес. Оның дамуына республиканың әрбір тұрғыны үздіксіз үлес қосып отыруы керек. Дегенмен бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілерге артылатын жүк ауыр. Мемлекеттік қызмет саласын таңдаған соң, ең алдымен, елдің жайын ойлайтын адал азамат болуың керек. Сонда ғана еткен еңбегің нәтижесін көрсетеді. Кейде өткен өміріме көз тастап бір саралап аламын. Шүкір, менде өткенге өкініш жоқ екен. Өмір жолымның осылай жазылуы маған берген Алланың сыйы деп білемін. Егер елге дұрыс қызмет етпеген адам болсам, сіздер де мені іздеп келмеген болар едіңіздер, — деді кейіпкеріміз.

Мейірімді есепші

Қымбат Қожатілеуқызы мемлекеттік қызмет саласында ұзақ уақыт қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда Байғанин ауданы Жарқамыс ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып отырған кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 1991 жылы басталыпты.

— Орта мектепті 1984 жылы бітіргеніммен, институтқа 1986 жылы түстім. Оған дейін аудандағы жылжымалы құрылыс мекемесінде сылақшы болып жұмыс істедім. Араға екі жыл салып, өзімнің армандаған мамандығым бойынша Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін студенттік жылдарды артқа тастап, қолыма дипломымды алған соң ауылға қайттым, — дейді Қымбат Қожатілеуқызы.

Еңбек кітапшасындағы еңбек өтілі сол 1991 жылдан басталады. 1997 жылға дейін, яғни совхоз тарағанша, Ақжар совхозында бухгалтер болып еңбек етеді. Кейіпкеріміз осы жылдар аралығында түрлі оқиғаларға куә болғанын айтады.

Тоқсаныншы жылдары елде қиын кезең болғанын жақсы білесіздер. Біздің жұмыс есеп-қисаппен тығыз байланысты болғандықтан, жұмыс барысында түрлі қиындықтар мен оқиғалар болды. Ол уақытта жұмысшылардың айлық жалақылары қазіргідей уақытында банк карточкаларына түспейді. Тіпті мүлде ақша алмай, ауылдағы дүкендерге ведомость жасап, азық-түлікпен есептескен күндер де болды. Кейбіреуі айлық жалақысының есебінен совхоз директорының рұқсатымен мал, бір қап бидай жаздырып алып, соны тамақ қылатын. Бірақ әріптестердің, ауылдастардың ауызбіршілігінің арқасында бұл қиындықтардың бәрі артта қалды, — деп есіне алды Қымбат Аққожаева.

Елде совхоз-колхоздар ыдыраған тұста біраз адамның жұмыссыз қалғаны белгілі. Сол жағдай біздің кейіпкерімізді де айналып өтпепті. 1997-2009 жылдар аралығында Қымбат Қожатілеуқызы әртүрлі шаруашылықтарда жұмыс істеген.

2009 жылы Жарқамыс ауылдық округі әкімінің аппаратына жетекші маман болып жұмысқа тұрады. Қазіргі таңда осы жерде бас маман болып қызмет атқарады.

Әдетте мекемелердегі есепші апайлар қатаң, сұсты көрінеді ғой, Қымбат Қожатілеуқызының жүзінен, керісінше, мейірім төгіліп тұрады. Ұрыс пен жанжалды ұнатпайтын кейіпкеріміздің әріптестер арасында «бітімгер» деген аты бар.

Жұмыстан тыс уақытта мәдени-қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Ауылдық Аналар кеңесінің төрағасы, Жарқамыс ауылдық округі әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі. Қолы қалт ете қалса, әдеби кітаптар оқығанды жақсы көреді. Арасында ойына келген шумақтарды парақ бетіне түсіретін ақындық қабілеті де бар. Бүгінде оның бірнеше өлеңіне ән жазылып, аудан көлеміндегі іс-шараларда айтылып жүр.

«Өмірімнің мәні»

Елеусіз Нұрғалиевті ақтөбелік жастар жақсы таниды. Бұрын «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебін сәтті ұйымдастырған болса, соңғы жылдары жастарды қолдауға арналған «Отбасы академиясы», «Ақтөбе жастары» «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Дем» секілді мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына үлес қосып жүр.

Еңбек жолы Ақтөбе қалалық әкімдігінде жастар тәжірибесінен өтіп жүріп басталған кейіпкеріміз осы уақытқа дейін облыстағы бірқатар мемлекеттік мекемеде абыройлы қызмет атқарды. Жұмысына тиянақты әрі жауапкершілікпен қарайтын Елеусіз Оңдабергенұлына бір жылдары қалалық ішкі саясат бөлімін басқару сеніп тапсырылған болатын. Кейін облыстың жастарына қатысты мәселелерге жауапты бөлімді басқарды.

— Қазір біздің қатарластарымыз да, бізден кейінгі буын өкілдері де реті келсе жеке кәсібін ашудыойлайды. Мен жастарды қолдайтын неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар барын білсем де, жеке кәсіпкер болу туралы ойламаппын. Мектепті бітірген сәтімнен бастап мемлекеттік қызметші болуды ойладым. Қолыма диплом алған соң бірден осы салаға келдім. Қазақстанның дамуына, Мемлекет басшысының берген тапсырмасының орындалуына аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Мен түсіндірген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген адамдарды көрсем, қатты қуанамын, еңбегімнің далаға кетіп жатпағанына куә боламын, — деген Елеусіз мемлекеттік қызметті өмірінің мәніне теңейтінін айтты.

— Бұлай деуіме тағы бір себеп бар. Өмірлік серігім Жанаргүлмен танысып, табысуыма осы мемлекеттік қызмет себеп болды. Ол да осы салада еңбек етеді. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы.Екеуміз де әр жұмысымызды тиянақты, кейінгі келе жатқан буынға үлгі боларлықтай етіп жасауға тырысамыз.Қазір ұлымыз кішкентай. Егер болашақта балам да әке мен ана жолын қуып, мемлекетке қызмет етемін десе, батамды берер едім, — дейді Елеусіз.

Жастарға мүмкіндік мол!

Қайсар Қалағанов — Шалқар ауданындағы ең жас мемлекеттік қызметшілердің бірі. Өткен жылы Алматыдағы Абай Құнанбаев атындағы Қазақ ұлттық педагогоикалық университетін бітірген жас маман бүгінгі таңда Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде жемісті еңбек етіп жүр.

— Мемлекеттік қызметші болу — бала күнгі арманым. Егер адам сол бала күнгі арманының жолында әрекет жасап, еңбек етсе, түбінде көздеген мақсатына жетеді. Оқуымды аяқтаған соң, бірден елге қайтамын, қызметтік жолымды ауылымда бастаймын деген ой болды. Ер жігіттің Отан алдындағы борышын өтеу деген тағы бір міндеті бар. Сондықтан дипломымды алғаннан кейін бірден жұмыс іздегенім жоқ. Қырық күндік әскери техникалық мектепке түсіп, азаматтық міндетімді орындадым, — деп бастады әңгімесін Қайсар.

Кейін ол мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алатындығын естіп, құжаттарын жинауға кіріседі. Нәтижесінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жетекші маман болып қызметке қабылданады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақстан — дарынды жастар мекені, жастарға жан-жақты қолдау көрсету — мемлекетіміздің басты міндетінің бірі» екенін атап өткен болатын.Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындау — сол қолдаулардың бірі. Бұл — мемлекет тарапынан жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Бұрын үлкендердің әңгімесінен әкімдікке жұмысқа тұру оңай емес деген сөздер еститінбіз. Жаңа Қазақстанда білімді азаматтың өзі қалаған жерге жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Өзім жұмысқа кірген сәтте соған көзім анық жетті, — дейді Қайсар.

Әдетте жастар, әсіресе мегополистегі жоғары оқу орнын бітірген қыз-жігіттер қолына дипломдарын алған соң ауылға барғанды құп көрмейді. Жұмыс табу оңайға соқпаса да, барынша қалада қалуға тырысады. Кейіпкерімізге осы әңгімені айтып, қалада қалмау себебін сұраған едік…

— Ниеттенген адамға ауылда да, қалада да жұмыс бар. Бірақ қазақ ауылын біз, яғни ауылдан шыққан балалар ойламасақ, кім ойлайды? Осы сұрақ мені үнемі мазалайды. Меніңше, әрбір жас маман қызметін өзі туған ауылдан бастауы керек. Сонда ғана ол туған елдің өркендеуіне үлес қосып жүрмін деп ұялмай айта алады, — деді Қайсар Қалағанов.

Оқушы кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан Қайсар өзін кез келген ортада еркін ұстайды. Қолы бос кезінде футбол ойнағанды жақсы көреді. «Жігітке жеті өнер де аз» деп білетін жас маман суретті де бір кісідей салады. Қызметке енді ғана орналасқанымен, әріптестері арасында өзіндік беделі бар маманға айналып үлгеріпті.

Халыққа адал қызмет етуді басты міндеті санайтын жас маманға сәттілік тіледік.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button