Мереке

Біздің сүйікті дәрігер

Елімізде маусымның үшінші жексенбісі — Медицина қызметкерлерінің күні. Осы бір мереке қарсаңында адам жанына араша түсер, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіп, еңбектерін ерекше бағалап қалатынымыз бар.

Гүлсім Мұхамедқызы — сондай құрметке лайық дәрігерлердің бірі. Бүгінде зейнет жасына шыққанымен, әлі күнге дейін басы ауырып, балтыры сыздаған қобдалықтар мейірімді дәрігеріне қоңырау шалып, емін сұрап жатады. Алдына келген әрбір адамды жылы шыраймен қарсы алып, ем-дом жүргізетін Гүлсім Мұхамедқызы Қобда жұртына 30 жылдан астам уақыт қызмет етті.Ол — тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бюджет тапшылығы салдарынан айлап жалақы алмаған, дәрі-дәрмек жеткіліксіз, ауруханалары салқын, қиын-қыстау заманда табандылықпен еңбек еткен буынның өкілі.

Кейіпкеріміз1956 жылы Ресейдің Орынбор облысыСакмара ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң  Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі мамандығына оқуға түсіп,1982 жылы дәрігер дипломын қолына алған жас маман Орал облыстық ауруханасының базасында «Терапия» мамандығы бойынша бір жылдық интернатурадан өтеді.

Еңбек өтілі 1983 жылы Каменск аудандық орталық ауруханасында басталған терапевт дәрігер зейнет жасына шыққанша абыройлы еңбек етеді.

1991-1997 жылдары Исатай аудандық ауруханасында, кейін Ақырап дәрігерлік амбулаториясында учаскелік терапевт дәрігер, жалпы тәжірибелі дәрігер болған.Сол тұста тұтас бір ауданның ізіндегі ауылдың денсаулығына жауап беріп, талай адамның құлан-таза сауығып, еңбекке қайта араласуына сеп болған.

Кейін Ақырап ауылдық ауруханасы таратылған соң 2011-2014 жылдары Қобда аудандық орталық ауруханасының соматика бөліміне келеді, 2016 жылдан бастап Қобда аудандық орталық ауруханасының эксперт дәрігері болып жұмыс атқарды.

Қажырлы еңбегінің арқасында денсаулық сақтау саласының дамуына үлесін қосты. Осы еңбегі үшін халықтың алғысына қоса мемлекет тарапынан да бірнеше рет марапат алды.

Өзінен кейінгі жас дәрігерлерге емдеу ісінің қыр-сырын үйретті. Бүгінде жолдасы Теміржан Нұржанов екеуі құрметті зейнет демалысында. Айтпақшы, аудан жұртшылығы Нұржановтарды дәрігерлер отбасы ретінде жақсы таниды. Теміржан ағай да ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еткен.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button