Мереке

Адаевтың ақ жолы

Алтын қолды хирург Аманжол Адаев — бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі тұлғалардың бірі.

Ол сонау сұрапыл соғыстың қайнап тұрған кезінде, 1943 жылы Шұбарқұдық станциясында қарапайым теміржолшының отбасында дүниеге келеді. Бала кезінен білімге құштар, талабы таудай болып алға ұмтылады. Қазіргі Жансен Кереев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Шұбарқұдық локомотив депосында және автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып еңбек етіп, шыңдалады.

Оның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ең алдымен шаңырақтағы жылы шуақпен көмкерілген тәлім-тәрбие әсер еткені сөзсіз. Әкесі Шүңгүлдің дұрыс бағыт-бағдары, анасы Ағираның шексіз мейірімі баланың үлкені Аманжолдың алдына айқын жол ашқаны анық.

Бозбалалықтан жігіттікке ауысар кезеңде жан жолдасы Әділхан Қартжанов екеуі автокөлік тізгінін бекем ұстап, талай рет жол қиындығын бастан өткеріп, кездескен сынақтарды жеңіп шыққанын беріректе жыр етіп айтып жүретін…

Дәрігерлік дейтін жауапкершілігі мол саланы таңдап, қалайда арманына жетуге ұмтылған Аманжол 1968 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітіргеннен кейін, жолдамамен Темір аудандық ауруханасында хирург болып қызмет істеп, дәрігерлік саладағы алғашқы еңбек жолын бастады.

Алайда көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанның Байрам-Әли қаласындағы бөлімде екі жыл дәрігерлік қызметін жалғастырды. Ол әскерге дейін игерген дәрігерлік мамандығына сай әскери жаттығулар кезінде тиісті санитарлық-гигиеналық және сапалы медициналық қызметтер көрсетеді.

«Жауынгерік қызметі үшін» медалімен марапатталып, бригада командирінің қолынан сыйлыққа сағат алатыны да осы тұс. Бұдан басқа «Ленфильм» киностудиясы сол өңірде түсірген «Белое солнце пустыни» фильмінің артистеріне медициналық қызмет көрсету де жас дәрігер-жауынгер Аманжолға міндеттелген.

Әскери міндетін ойдағыдай атқарып, бір жағы тәжірибе жинақтап, елге абыроймен оралған ол Қандыағаш теміржол тораптық емханасында хирург болып қызметін жалғастырады. Ол уақытпен санаспай, күндіз-түні дерлік үзіліссіз еңбек етіп, хирургиялық жаңа тәсілдерді меңгеруге күш салады. Әртүрлі іш құрылысы ауруларын хирургиялық әдіспен емдеуге ден қойып, бірсыпыра жаңалықтарға қол жеткізеді.

Практикалық жұмыспен қатар, аудан деңгейіндегі қоғамдық іс-шараларға де белсене араласты. Мен сол уақыттарда партия қызметкері болғандықтан да бұл жағын жақсы білемін.

Аптасына үш рет жарыққа шығатын «Октябрь туы» — «Знамя Октября» газеттері беттерінде оның тәжірибесін арнайы таратуға, насихаттауға өзім де қатысып тұрдым. Сол кезден қалыптасқан екеуара сыйластық, ортақ істегі ынтымақтастығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Аманжол Шүңгүлұлы білімі мен біліктілігін жастайынан тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен, уақыт талабын терең сезінуімен ерте атқа қонды. Мекеме басқару ісіне ерте араласты. Бұл бағытта өзінің зор ұйымдастырушылық қабілетін байқата білді.

Оның бойында үлгі тұтатын жақсы қасиеттері көп-ақ. Мен білетін Әбекең қай кезде де әділдігі мен парасаттылығынан, сабырлылығы мен сырбаз мінезінен ауытқыған емес.

Білікті дәрігердің еңбек жолындағы тынбай атқарған жұмыстары да бағаланбай қалған жоқ. Аманжол Адаев — «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Санитарлық қорғау үздігі», Н.И.Пирогов медалінің иегері, «Құрметті теміржолшы», басқа көптеген атақ-дәрежелері бар адам.

Сөзі жанға дауа, қолы шипалы Аманжол Шүңгүлұлы қызметте көтеріліп, 1971 жылы теміржол ауруханасының бас дәрігерлігіне тағайындалып, Никельтау, Донское, Просторное, Бақай, Тоқпансай, №313, Ізімбет, Ақкемер, Темір, жалпы ұзындығы 300 км  шақырым құрайтын теміржол бойындағы бекеттерде, елді мекендерде тұратын теміржолшыларға, теміржол құрылысшыларына және олардың жанұяларына сапалы медициналық қызмет ұйымдастыру тізгінін қолға алды. Сонымен қатар сан тораптан ағылып келіп жатқан жолаушыларға қызмет ететін теміржол вокзалында фельдшерлік пункттер мен Қандыағаш локомотив, вагон деполарында тәулік бойы теміржолшыларға қызмет көрсетуді қадағалады.

Ақтөбе-Сексеуіл, Никельтау-Қандыағаш бағыттарында екінші теміржол желілерін салу кезінде құрылысшылар базасында фельдшерлік пункттер ашылып, медициналық көмек ұйымдастырып, емдеу ісіне мұқтаж саланың қай буынында да дәрігерлік қамту орын алды.

1996жылы сол уақыттағы экономикалық қиындықтар салдарынан теміржолға қарасты жергілікті ауруханалар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Тәжірибелі басшы Аманжол Адаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ғана Қандыағаш теміржол ауруханасы сақталып, ол «Шапағат» жекеменшіктегі ауруханасы болып қайта құрылып, жүзден астам қызметкер жұмыс орнын сақтап қалды. Шағын отбасының нәпақа табуы қиын болып тұрған сол кездері үлкен аурухананы қаз-қалпында, қызметкерлерімен қоса сақтап қалу, былайынша айтқанда, үлкен ерлік еді.

Ол қолынан келген шараларды жасап, іргелі аурухананың шаңырағын шайқалтпай ұстады.  Осы жылдары аурухана өз қаражатынан жағдайытөмен отбасылардағы 30 балаға тегін сүт тағамдарын бөліп отырды.

Осылайша талай қиындықты басынан өткізіп, сабырлылық пен табандылық таныта білген денсаулық сақтау ұжымы ғасыр тоғысында еңсесін қайта тіктеп, бүгінге дейін тұрғындарға нәтижелі қызмет етіп келеді.

Бұл аурухана 2003 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Health Promoting Hospitalis», «Емдеуге бейімді аурухана», «Салауатты аурухана» бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Басшылық және дәрігерлік еңбек жолында мол тәжірибе жинақтаған Аманжол Шүңгүлұлы дүниежүзілік ұйымның халықаралық конференциялар жұмысына тұрақты түрде қатысып, әрдайым өзін жан-жақты жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруды бірінші орынға қоя білді. Соның нәтижесінде ауруханада жұмыс істейтін қызметкерлердің методикалық әдістемелік еңбектері республикалық және Ресей Федерациясының медициналық ғылыми конференцияларының жинақтарымен медициналық басылымдарына енді.

Емдеу орнында энурезді емдеу, темекі мен ішімдікке бейімділіктің бетін қайтару, тырысқақ ауруының алғашқы белгілерін анықтау, өт жолы тас ауруларын, асқазан жараларын отасыз емдеу тәсілдері қолданысқа енгізілді.

«Шапағат» ауруханасы 2005 жылы «Шағын кәсіпкерлікті дамыту» номинациясы бойынша облыс әкімінің «Үздік медициналық мекеме» І дәрежелі дипломының иегері атанды.

Облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан білікті де білімді дәрігер 2011-2012 жылдар аралығында Нью-Йорк, Вашингтон, Токио сынды әлемнің медицинасы озық дамыған қалаларында «Емдеу мекемелерін тиімді басқару» атты іскерлік бағдарламалар бойынша білімін жетілдірді, содан кейін де ұдайы түрде іскерлік тәжірибелер алмасып отырады.

Еуропа бизнес ассамблеясының (Е.В.А) халықаралық Сократ комитетінің шешімімен «Шапағат» ЖММ ауруханасы «EUROPEAN Quelity AWARD» «Еуропалық сапа қызметі» халықаралық марапатына және лицензиясына ие болды. Лицензия 2011 жылы өткізілген  «Оксфорд» лидерлер саммитінде тапсырылып, мұғалжарлық клиника  XXIғасыр лидерлері реестріне енгізілді.

Денсаулық сақтау саласында емдеу ісі методика тәсілдері бойынша республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық, әлемдік ауқымда алдыңғы қатарлы оқу орындарымен, ауруханалармен іскерлік тәжірибе алмасып отыруды дәстүрге айналдырған Аманжол Шүңгүлұлы түрлі халықаралық марапатқа ие болды.

Атап айтар болсақ, Еуропа ғылыми-өндірістік палатасы медицина әлемінің жұлдыздары профессорлар  Л.Рошаль, Л.Бокерия, тағы басқалармен қатар, оған «Diploma di Merito» дипломы мен  «Еуропа» алтын медалі берілді. Австрияның   Вена қаласының ХОФБУРГ (Австрия императорларының резиденциясы) сарайында Е.В.А. шешімімен Аманжол Адаевқа медицинаға және фармацияға сіңірген еңбегі үшін халықаралық «Сократ» наградасы табыс етілді. Ұлттық бизнес одағына қатысушы елдерді XXXIIэкономикалық рейтингтер бойынша марапаттау рәсімінде «Шапағат» ауруханасы «Leader of the branch 2016», «Сапа көшбасшысы 2016» сертификатына және «Алтын белгісіне» ие болды. Сондай-ақ ауруханаға Швейцарияның халықаралық «SlQSINTERNATIONAL GUALITY SERTIFICATE» сертификаты берілді.

«Оксфорд ЕВА» академиялық одақ мүшесі және «Құрметті профессоры» құрамына еніп, «Қауымдастырылған менеджмент профессоры» академиялық атағын иеленген Аманжол Шүңгүлұлы ауданның ғана емес, республиканың медицинасына соңғы өзгерістер мен тың емдеу әдістерін алып келіп, ауруды емдеуді жаңа заманға сай түрлендіріп, озық техниканы қолданып келеді. Басшы ретінде ұжымда қызметкерлері алдында беделді, жеке өмірінде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете алатын адами асыл қасиеттері басым, түйінді мәселелерде сабырлылық танытып, ақылы мен парасатын алдыға салатын оның азаматтық тұлғасы бүгінде биіктен көрінеді.

Амангелді ШУНИМОВ,

Мұғалжар ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button