«Ақтөбе» — 100!

Мемлекет Басшысы құттықтады

7 маусымда облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толды. Атаулы мерекеге орай облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева газет ұжымын арнайы құттықтап келді.

— Тарихқа көз жүгіртсек, газет бір ғасыр ішінде талай қиындықтарды бастан кешірген, заманына қарай атауы бірнеше рет өзгерген. Еліміз егемендік алған соң «Ақтөбе» атауымен жарық көріп, міне, бүгінде өңірдің жаршысына, қалың оқырманның сүйікті басылымына айналып отыр. Бұл жерде белгілі қаламгер аға-апаларымыз еңбек етіп, өңірдің шежіресін жазуға зор үлес қосып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Қазіргі буын журналистр сол кісілердің жолын жалғап келе жатыр. Сондықтан ғасырлық тойын атап өтіп отырған «Ақтөбе» газетінің ұжымына толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілеймін, — деген облыс әкімі газет ұжымын мерейтойымен құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Мемлекет басшысы құттықтау хатында ғасырлық тарихы бар басылымның ұлттық баспасөзді дамытуға қосқан үлесін,алғашқы саны жарық көрген күннен бастап өңірді өркендетуге атсалысып келе жатқанын, газеттің әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, шынайы ақпарат таратып, тағылымды әрі танымдық мақалалар жариялап келе жатқанын атап өткен. «Көптеген игі бастаманың ұйытқысы болған қара шаңырақта талай қарымды қаламгер еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде «Ақтөбе» газеті осы сабақтастықты сақтап, жүйрік журналистердің шығармашылық шеберханасына айналды. Сол арқылы ұлттық баспасөздің дамуына зор үлес қосты», — деген Президент өзіндік дәстүрі бар беделді басылым болашақта да қалың оқырманның көзайымы болып, ел үмітін ақтай беретініне сенім білдірген.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин 100 жылдық тарихы бар басылымның биылғы мерейтойы қазан айында облыс бойынша кең көлемде атап өтілетіндігін жеткізді.

Газетіміздің 100 жылдық мерейтойына Мемлекет басшысынан бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі,Парламент Сенатының депутаттары, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті,Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы және республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттері, сондай-ақ «Атырау», «Орал өңірі», «Маңғыстау», «Сыр бойы» облыстық газеттері өз құттықтауларын жолдады. Жалпы, газет ұжымына жан-жақтан келіп жатқан құттықтаулар көп. Бүгін арнаулы газетіміз жарық көрді. Біздің осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміздің барлығы — газет ұжымының ауызбіршілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасы. Сондықтан баршаңызға газетіміздің жасын берсін! Құттықтап келіп, қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіремін, — деді медиакомпания басшысы.

Басқосуда сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиұлы мен басылымның ақпарат және саясат бөлімінің меңгерушісі Данагүл Қазихан газет ұжымын мерейтоймен арнайы құттықтап келген облыс әкіміне ризашылықтарын жеткізді.

Іс-шара соңында меймандар газеттің ғасырлық шежіресінен сыр шертетін көне жәдігерлер мен газет тігінділері қойылған көрмемен танысты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button