«Ақтөбе» — 100!

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы! Қадірлі оқырман!

Бір ғасырдан бері туған өлкеміздің жылнамасын жазып келе жатқан төл басылым —  «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық тойы құтты болсын!

Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің ғасырлық белесі — тек облыс жұртшылығы үшін ғана емес, ұлттық баспасөз бен отандық журналистика тарихындағы айтулы оқиға.

1924 жылдың 7 маусымында «Кедей» деген атпен жарық көрген басылым әр жылдары атауы өзгеріп, «Алға», Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы», «Ақтөбе» болып жарық көрді.

Бір ғасыр аз уақыт емес. Осы жүз жылда атауы сан рет өзгергенімен, «Ақтөбенің» алған бағыты, мақсат-мұраты өзгерген жоқ — басылым әрдайым тарихтың талай соқпағынан өткен елмен бірге болды, оқырманының «көзі, құлағы һәм тіліне» айналды, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады, елмен бірге қуанып, бірге шаттанды.

Отандық журналистиканың өңірдегі ұстаханасына айналған «Ақтөбе» газетінде әр жылдары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, белгілі қаламгерлер еңбек етті. Басылымның алғашқы бастауында қазақ тілі ғылымының негізін қалаушы Құдайберген Жұбанов, белгілі қаламгер Жиенғали Тілепбергенов секілді біртуар тұлғалар тұрды. Әр жылдары газет редакциясында Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұхтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұқанбетқалиев, Мейірхан Ақдәулетұлы сынды сөз зергерлері еңбек етті.

Өткен күндердің сарғайған парақтарына қарасақ, «Ақтөбе газеті» Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің І,ІІ дәрежелі дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бұл — талай буын қызмет еткен газет ұжымына берілген лайықты баға.

Алдыңғы буын салған сара жолдың дәстүрін, құндылықтарды сақтай отырып, уақыт талабына сай жаңашылдықтарды да меңгерген бүгінгі буынның да мұраты сол бұрынғыдай — елдің мұраты, ұлттың мүддесі үшін қызмет ету.

Бүгінгі «Ақтөбе» — басылымның бүгінгі ұжымының күн сайынғы тынымсыз еңбегінің арқасында мемлекеттік саясаттың Қазақ елінің батысындағы ең үлкен өңірде жүзеге асырылуын, аймақтың берекелі тірлігін, ел тұрмысын бүгінгі уақытпен үндестіре жазып келеді. Облыстың әр түкпіріндегі қалың оқырманы «Ақтөбені» апта сайын салиқалы ой, салмақты сөз айта алатын сенімді досындай күтеді.

Өңірдің ғасырлық рухани қазынасына айналған басылымның тарих еншісіне өткен бір ғасырлық белесі құтты болсын! Ел мүддесі үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге жеміс тілеймін, ұлтымыздың рухын асқақтататын, өңіріміздің атын аспандататын ақжолтай жаңалықтар көп болғай! Басылым ұжымына шығармашылық табыс, отбасы амандығын тілеймін!

Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button