«Ақтөбе» — 100!

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына 

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын басылымның жүзжылдық белесімен, ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Бір ғасыр бұрын төте жазумен «Кедей» деген атпен шығып, уақыт өте келе беделі биік басылымға айналған «Ақтөбе» газеті әр парағында тарих тағылымын дәуір үнімен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, өңір шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі әрдайым биік.

Облыс баспасөзінің қара шаңырағына айналған, өзіндік игі дәстүр қалыптастырған басылым қашанда қоғамға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп, әрдайым ұлттың рухын биік ұстап келеді. Газет ұжымы ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, төл мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттауға, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Білікті медиа-менеджер Раукен Отыншин басқарып отырған жүзжылдық жылнама бүгінде заман талабына сай жаңарып, жедел әрі сапалы сараптамалық-талдау материалдар ұсынатын іргелі медиа-ресурсқа айналды.

Өңірдің жетекші басылымында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен жетістіктерге жетіп, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін.  Ғұмыры ғасырмен өлшенетін газеттің торқалы тойы құтты болсын!

Ізгі ниетпен, Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

Парламент Сенатының депутаты. 

Құрметті әріптестер!

Баспасөз — дәуірдің, ғасырдың айнасы. Облыстық «Ақтөбе» газеті — өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан, Ақтөбе өңірінің тұтас жылнамасын жазып келе жатқан басты басылымдардың бірі.

Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған басылым — әу баста «Кедей» деген атпен шығып, сол кезде-ақ қарапайым халықтың мүддесін қорғап, мұң-мұқтажын толғаған газет. Одан бергі бір ғасыр ішінде атауы бірнеше рет өзгеріп, бүгінде «Ақтөбе» атауымен  танылған басылым өзінің сара жолынан айнымай, оқырманның талғам биігінен түспей

келеді.

Егемен еліміздің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп қана қоймай, Отанымыздың өркендеуіне, өңірдің түлеп-дамуына зор үлес қосып келе жатқан басылымның бүгінде ел ішіндегі абырой-беделі биік, өзіндік орны ерекше. Бұл бүкіл шығармашылық ұжымның заман ағымын саралай білгенінің, уақыттан оза шығармашылықпен жұмыс істегенінің нәтижесі деп білемін.

Сіздердің Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық саясатын халыққа түсіндіріп қана қоймай, оны орындалуға жұмылдыра білулеріңіз газет беделі мен мұнда қызмет етіп жүрген журналистер қауымының айрықша еңбегі деуге болады.

Сондықтан осынау ғасырлық тойларыңызда баршаңызға шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Өңірді өркендету жолында талмай еңбек ете беріңіздер! Ойлы оқырмандарыңыз, мазмұнды мақалаларыңыз көп болсын!

Бибігүл Жексенбай,

Парламент Сенатының депутаты,

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті.

 

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Республикамыздағы байырғы басылымдардың бірі — облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

1924 жылы «Кедей» атауынан бастау алып, одан кейінгі кезеңдерде заман ағымына, уақыт тынысына қарай «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп, бүгінгі күні «Ақтөбе» атымен қалың оқырманның ықыласына бөленіп, билік пен жұртшылықтың арасына алтын көпір орнатқан газеттің тарихы — тағылымды, жүріп өткен толы шежіреге толы.

Біз бұл газетте елімізге танымал, қаламы жүйрік талай журналистің қызметте болып, қанаттанып шыққанын жақсы білеміз. «Жүз жылдық жылнаманы» еліміздегі қаламгер кадрлардың ұстаханасы деп те айта аламыз.

Газет тарихындағы бұл басылымның кезінде КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғанын, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің дилломдарына ие болғанын, газет журналистерінің көптеген шығармашылық конкурстардың жүлдегерлері атанғанын ерекше жетістіктер ретінде бағалауға болады.

Алдағы уақытта да сіздердің тәуелсіз еліміздің тұғырының берік, экономикасының бекем болуы жолында ақпараттық қолдау білдіріп, жақсылықтың жаршысы, игілікті істердің үндеушісі бола берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.

Сейітқазы МАТАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы.

Құрметті әріптестер!

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деген сөзі бар. Қай заман, қандай кезең болса да,өз маңызын жоймайтын сөз. «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлы басылымға қатысты ең негізгі 4 міндетті қадап тұрып жазған еді.

«Əуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды…

Екіншіден, газет — жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.

Үшіншіден, газет — халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртіншіден, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады».

Қазіргі таңда адамдар ғаламтор желісіне шырмалып барады. Әйтсе де бәрібір мерзімді басылымдар басқа жұртты қайдам, осы біздің қазаққа керек.Газет-журнал — адамзат тарихында талай сынақтан сүрінбей өтіп, бүгінгі заманға жеткен ең асыл рухани қазыналарының бірі.

Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті 1924 жылғы 7 маусымнан бастап шығып келе жатқанын жақсы білеміз. 100 жылдық тарихы бар басылым! Бастапқыда «Кедей», одан кейінгі кезеңдерде «Алға», «Батыс Қазақстан» (өлкелік), «Коммунизм жолы» деген атаумен түрлі кезеңді басынан өткерді. 1990 жылғы 12 қазаннан бері «Ақтөбе» деген атпен шығып келеді.

Өңірлік басылымның бетінде тұтас Шежіре қаттаулы. Оның ішінде бәрі бар. Сарғайған газет беттерінен талай дерек табуға болады. Сол Шежірені жасаушы — журналистер қауымы. Газеттің 100 жылдық мерейтойы — ең алдымен осы басылымда әр жылдары қызмет еткен, бүгінде дүниеден өткен және қазір де ат үстінде жүрген талай тілшінің маңдай терімен келген той!

Өзім де тілші болғандықтан бұл саладағы мәселелерді жақсы білемін. Журналистің қоғамдағы орны мен еңбегі қандай екенін, кәсіби міндеттерін атқару үшін құқықтық негіз керек екенін, Қазақстанда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікке жол ашылмайынша басталған реформаларды баянды ету қиындай беретінін үнемі айтып та жүрмін.

Ғасыр жасаған «Ақтөбе» газетінің мерейлі мезеті құтты болсын! Әрбір әріптестің шаңырағында шаттық, ісінде береке болғай!

 Құрметпен,    

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы.

Құрметті журналистер қауымы!

Қадірлі газет ұжымы!

Баршаңызды мерейлі мерекелеріңіз — облыстық «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.

Осыдан бір ғасыр бұрын тағдырлы тарихы хатқа басылған көнекөз басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі өңірдің ғана емес, республика оқырмандары үшін де етене таныс.

Ұлт Ұстазы Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бағалаған қазақ баспасөзінің жылнамасында рухани әлемімізге, дүниетанымымызға ағартушылық қызмет еткен «Ақтөбе» газетінің аты алтын әріптермен жазылары хақ. Оған шаң басқан архивтерде сақталған газет тігінділері, әр кезеңдерде жарық көрген сүйекті, сүбелі мақалалар куә.

Жаһандану жаналқымнан алып, ұлттың өркениет көшіне Батыраш болып балтасын жалаңдатқан тұста өңірдегі майданы берік, мазмұны бай, өміршең басылымдар тек ақпарат таратумен ғана айналысқан жоқ, сонымен қатар тәуелсіздіктің, мемлекеттік идеологияның туын құлатпайтын иммунитет құралына айналды.

Міне, сол көштің керуенінде ғасырлық мерейлі сәтін атап өтіп жатқан ата басылымда саналы ғұмырын баспасөзге арнаған аяулы әріптестердің жазған-сызғандары, шын сындары, бас мақалалары көзге оттай басылады.

Ақтөбеліктердің ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін көпшілік оқырманға жеткізіп, облыстың жасампаз істерге толы шежіресін жазуда осы іргелі қарашаңырақ ұжым қызметкерлері өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бүгінде газет ел-халықтың мұңын мұңдап, әлеуметтік мәселелерін батыл көтерумен қатар, Қазақ елінің ырысты өлкесі — Ақтөбе облысының бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан боямасыз жазып келеді.

Бүгінгі мереке күні облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!

Қазақ елінің өркендеуі жолында қаламдарыңыз қалғымай халыққа қызмет ете беріңіздер.

Ғасырлық той құтты, беркелі, мерекелі болсын!

Ізгі тілекпен,

Жанарбек ӘШІМЖАНОВ,

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Сіздерді Ақтөбе өңірінің жетекші басылымы — «Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойымен құттықтаймын!

Ғасырлық ғұмырында газет ақтөбеліктердің ажырамас серігі, рухани бағдаршысы, айнымас ақылманы, жергілікті биліктің сенімді идеологиялық құралына айналды. Аға басылым бұған дейін де, қазір де облысымыздағы зиялы қауымның қасиетті ордасы болып келеді. Болашақта да осы сара жолды жас буын лайықты жалғастырады деп сенеміз.

Ақтөбе жұртшылығының мүддесіне, өңірдің жан-жақты қарыштап дамуына қосқан үлестеріңіз бен жасап жатқан қызметтеріңізге алғыс айта отырып, баршаңызға шығармашылық табыс, тың ізденіс, зор денсаулық және бақ-береке тілеймін.

Гүлқасима СҮЙІНТАЕВА,

облыстық мәслихаттың төрағасы.

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен оқырмандары!

Қадірлі басылым ардагерлері!

Баршаңызды «Ақтөбе»газетінің ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Өңіртарихын тасқа таңбалап, жүзжылдық жылнамасын түзген арда басылым оқырман қауымды шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.

Отандық ақпарат кеңістігінде орны бар «Ақтөбе» газетінің заманауи медианың қыр-сырын меңгеріп, жаңарып-жаңғыруға деген ұмтылысы мен нәтижелі бастамалары да көңіл қуантады. Бұл— бүгінгі шығармашылық ұжымның ізденісі мен кешегі аға буын аманатына деген адалдықтың көрінісі.

Бір ғасыр бойы бұқара мен билік арасында алтын көпір ретінде тарихи миссиясын бұжытпай атқарған абыз басылымның алдағы уақытта да еліміздің игілігін жарқырата жаза береріне сеніміміз мол.

Газетардагерлері мен ұжымын, оқырмандарын бүгінгі тарихи сәтпен құттықтай отырып, баршаңызға елдікті нығайту жолында қажымас қайрат, шалқар шабыт тілеймін!

Құрметпен,

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

«Қазақ газеттері» серіктестігінің

бас директоры.

 

100 жыл. 1 ғасыр. Бұл облыстық  «Ақтөбе» газетінің шежірелі жылдарын қамтитын уақыт белесі ме? Жоқ, олай емес-ау!

100 жыл… осы жылдардың орамында өңірдің әртүрлі кезеңдер мен заманаларды басынан өткерген күндері, сәттері, сағаттары жатыр. Қала берді, тұтас қазақ тарихының Мұғалжар таулары мен Ойылдың ойын, Жемнің бойын жайлаған жұртпен бірге дала дәптерінде таңбаланған мазмұны да «Ақтөбе» газетінің айқара беттерінен табылады.

Ақтөбе — қазақ руханиятына айтулы тұлғаларды сыйлаған құнарлы қоныс. Газетте бір кездері жас Сағидің, бозжігіт Ізтайдың, бүгінгі қазақ поэзиясының жүйрігі Ертайдың қанатқақты дүниелері жарияланғандықтан да «Қазақ әдебиеті» апталығы облыстық «Ақтөбе» газетін өзіне бауыр тұтады. Өнер, мәдениет аламанындағы серіктесі санайды.

Ғасыр тойың құтты болсын, дәрия кеуде «Ақтөбе»! Озат оқырманың көп болсын, оқырманыңмен бірге бол!

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Киелі Ақтөбе өңірінің соңғы бір ғасырдағы өмірін облыстық басылымсыз елестету мүмкін емес.  Өйткені ол — өңірдің айнасы, жүз жылдық тарихтың жылнамашысы.  Осы жылдар  ішінде «Кедей», «Алға», «Социалды жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы», «Ақтөбе» деп атауын бірнеше рет ауыстырса да, басылым Ахмет Байтұрсынұлы белгілеген  басты миссиясы — «халықтың көзі, тілі, құлағы» болудан айныған жоқ. Сарғайған газет беттерінен бірнеше буынның жүріп өткен жолын, тағдырын,  қайғысы мен қуанышын, жетістігі мен кемшілігін  аңғаруға, сезінуге болады. Кейін қазақ әдебиетінің бір-бір алтын уығына айналған талай дарынның темірқанат шығармаларын жариялаған, анабір  заманда өкпесі қатты қысылған руханияттың еркін тыныс алып,  болашаққа деген сенімін жоғалтпауға септігін тигізген  алтын ұя бұл!

Бүгінгі «Ақтөбе» — Тәуелсіз еліміздің әрбір қадамын тасқа басып, мемлекеттік идеологияны сауатты жүргізіп отырған, республикалық БАҚ арасында орнықты  орны бар басылым. Газеттің мерейтойы — бұрын-соңды жұмыс істеген қызметкерлердің қуанышы ғана емес, барша  оқырманға,  облыс жұртшылығына ортақ мереке. Ендеше, күллі ақтөбеліктерге құтты болсын айтамыз.

Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

Құрметпен,

 халықаралық TÚRKISTAN газетінің ұжымы.

Қадірлі арайлы Ақтөбе халқы!

Құрметті қаламдастар!

Баршаңызды «Ақтөбе» газетінің ғасырлық мерейтойымен Ақ Жайық қаламгерлерінің атынан шын жүректен құттықтаймын! Өткен жылдар бедерінде газеттің атауы бірнеше рет өзгергенімен, «Ақтөбе» халық пен билік арасындағы дәнекерлік миссиясынан айнымай, өз міндетін абыройлы атқарып келеді. Қазіргі кезде де ақтөбеліктерөз өңірінде жүзеге асып асып жатқан әлеуметтік-экономикалық сипаттағы игілікті істерге қоса, халықтың мұң-мұқтажын арқау еткен мақала-материалдарды да облыстық басылым беттерінен жиі оқиды. Көптің көңілінен шығып жүрген мұндай дүниелер — «Ақтөбе» газетінің басшы-қосшысының шығармашылық ізденісі мен қажырлы еңбегінің мәуелі жемісі. Сонымен қатар ақтөбелік журналистер қауымы қазақстандық қоғамның өркендеуінің өзегі — ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық-түсіністіктің беки түсуіне де үнемі мүдделілік танытып, осы тақырыпты да назардан тыс қалдырған емес.

Қазақ руханиятына Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев сынды сәуле-шұғыласы ешқашан әлсіремейтін әдеби шамшырақтарды берген арайлы Ақтөбенің ана тілімізде шығатын бас басылымы алдағы уақытта да талай талант-дарынның тұсауын кесіп, томағасын сыпырып, топқа салып, бағын ашары анық.

Мың-сан оқырман мен редакция ұжымының ортақ рухани қазынасы «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы жақсылыққа жомарт, қуанышқа мырза болсын!

Қадірлі қаламдастар, Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттілігін баянды ету жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, абыройға бөленіп, сенім биігінен көріне беріңіздер!

Бәріңізге зор денсаулық пен отбасылық баянды бақыт тілеймін!

Игі тілек, ізгі ниетпен:  

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облыстық

«Орал өңірі» газетінің бас

редакторы.

 

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

 Облыс баспасөзінің қара шаңырағы— «Ақтөбе»қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Елдің батыс өңірінде ана тілінде шыққан алғашқы басылымдардың қатарында болған «Кедей» газеті 100 жыл бойы ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп келеді. Басылым тек ақпарат таратып қоймай, ұлтқа қажет, ұрпақтың кәдесіне жарайтын, тарихтың тамырына түптей бойлайтын дүниелерін ұсынып, рухани құндылықтар құлдырап, талғам таразысы таязданған кезеңде де сананы сілкінтер жазбаларымен қарсы тұра білді.

«Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы», 1990 жылғы қазаннан бері «Ақтөбе» деп аталған басылымның бір ғасырлық дәуірінде халқымыздың небір марғасқалары мен қаламгерлерінің кемел ойлары, пайымды пікірлері маздап жанды. Игі істер мен жетістіктердің жаршысы болды.

Елдің терістігі мен түстігін жалғап жатқан аймақтың тынысын насихаттайтын газеттің ісі айшықты, қолтаңбасы бөлек. Тілін төрге, рухын өрге оздырып, егемен елдің ішкі тұрақтылығын сақтау, облыс экономикасы мен мәдениетін дамыту жолында маңызды орны бар.

Бұрындары барша еңбекші қауым асыға күтіп оқитын газет ақпараттық технология заманында да ойлы оқырманын жоғалтқан жоқ, қызметі де шектелмеді. Керісінше, оған зор мүмкіндіктер туды. Бұл жолда ерен еңбек етіп келе жатқан облыстың айнасы — «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымын, ардагерлері мен 20 мыңға жуық оқырманын басылымның тойымен шын жүректен құттықтаймын.

Дендеріңізге саулық, отбасы бақыты мен жемісті еңбек тілеймін. Мерейтой құтты болсын!

 Н.ҚОСШИЕВ,

құрметпен,облыстық«Атырау»қоғамдық-саяси газетінің

бас редакторы,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Құрметті Ақтөбе газетінің ұжымы!

Бір ғасырдың жүгін көтеріп,сонау тарих қойнауына өз қолтаңбасын қалдырған, замана белестерінен өтіп, бүгінге дейін жеткенқазығы мықты қазыналы газеттің жүзжылдық мерейтойы құтты болсын!

Қазақ баспасөзінің маңдайында жанып тұрған үркеріндейжарқырап, кейінгі ұрпаққакемелдік пен биік парасаттың үлгісін көрсетіп, қалың оқырманды адастырмай бүгінгі күнге жеткізген  «Ақтөбе» газетінің арқалаған аманаты дәуір қақпасындай ауыр әрі салмақты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ел бірлігін ту етіп,ұлттық сана мен ұлттық мүддені көздеген,  ұлт мінезінің мәйегін өзек еткен газеттің руханиятымыз бен мәдениетімізде алар орны айрықша.

Тартылмайтын дариядай тарихы бар, сарқылмайтын сарқырамадай сырлы сөздің иесі болған, ғасырды ғасырға жалғап, ұрпақтар сабақтастығын тоғыстырған «Ақтөбе» газетінқазақ баспасөзінің қатепті қара нары десек те жарасым тауып тұрғандай.

Газет— қашанда өз қоғамының жаршысы, өз дәуірінің үні.  Қазақ журналистикасының үздіктері еңбек еткен, халық пен мемлекет арасында алтын көпір бола білген сіздерге мәртебелеріңіз артып, беделдеріңіз биіктей беруін тілеймін!

«Ортақ үйдің түтіні түзу ұшсын» деген Әбіш Кекілбаев ағамыздан қалған жақсы тілек бар. Қазақ баспасөзінің қазанында қайнаған ел газеттерінің маңдайалдысы, тағылымы тереңге сүңгіген«Ақтөбе» газетіне алдыңғы буынға аға, кейінгі буынға кемел өнеге болып, ел мен жерге қызмет етуде қарымды қадамдарыңыз қарыштай берсін деп тілек айтамын.

Құрметпен,

Гүлмира ӘБІШЕВА,

«Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры,

ҚР Журналистер одағының Маңғыстау 

облыстық филиалының төрағасы.

Құрметті әріптестер!

Алғаш шыққан күннен-ақ ұлттың сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтаған, жүз жыл бойы Ақтөбе өңірінің тұтас жылнамасын жасаған басылымның тарихи биігіне жетуі — онда еңбек ететін баршаңыз үшін айтулы мереке.

Әуелі «Кедей», одан «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан»,  «Коммунизм жолы», бертінде «Ақтөбе» атауына ие болған басылымның бір ғасырдан бері қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Ол —қоғамға, ұлтқа қызмет ету.

«Ақтөбе» газеті тәуелсіздік алғалы бері де ел өміріндегі жетістіктерді сүйіншілеп, толайым табыстардың шежіресін жасады.

Бүгін де қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізіп, аймақ тынысын жұртқа жеткізудекүн сайын тынымсыз қызмет атқарып келеді. Басылымның шежіресіне зер салсақ, атқарған қызметі, жеткен жетістік пен алған марапат іргелес өңірдегі «Сыр бойы» газетімен сабақтас. Міне, осы жолда талай қабырғалы қаламгердің ой еңбегі, шалқар шабыты, жанқиярлық жол еңбегі ғасырлық белеске жеткізді.

Алдағы уақытта да осы жемісті жолдыңжалғаса беруіне шын жүректен тілектеспіз.

Барша әріптестерімізге шығармашылық табыс, отбасыларына амандық, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Құрметпен, Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы.

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Газет ұжымын, авторлар қауымын және мыңдаған оқырманды газеттің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

«Ақтөбе» газеті — еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Өткен ғасырда «Кедей» атты шағын газеттен бастау алған басылым осынау жылдар ішінде бірнеше атпен шығып, уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп келеді.

Бүгінгі «Ақтөбе» — Президент саясатын халыққа жеткізіп отырған, айтар ойы салмақты, заманауи дизайнмен әдіптелген басылым. Сондай-ақ саяси партиялардың облыстағы рөлі мен атқарып отырған қызметтері осы газет арқылы оқырманға жария етілуде. Соның ішінде «Amanat» партиясының халық үшін жасап жатқан істерін де газетке шыққан жарияланымдардан анық байқауға болады.

Жақсы істердің жаршысы болып жүрген «Ақтөбе» бұдан әрі де жаңарып жатқан өмір, экономикамыздағы оң өзгерістер және елдің тыныс-тіршілігі мен рухани құндылықтары туралы материалдар жариялап, облыс тұрғындарына жедел және дәлелді ақпараттар жеткізе беретініне сенеміз.

Газет бетіндегі жарияланымдарыңыз әр адамдарды жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін!

Ербол ДАНАҒҰЛОВ,

«Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы.

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы!

Сіздерді ғасыр бойына өңірдің тыныс-тіршілігін, кешегісі мен бүгінін, ертеңін ұлт мүддесі тұрғысынан таразылап, қоғамның темірқазығы болып келе жатқан «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойымен өзімнің және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұжымы атынан құттықтаймын! Қазақстандық өлшеммен ауыз толтырып айтуға тұратын ғасырлық ғұмырында өңір баспасөзінің қара шаңырағы — «Ақтөбе» газеті ұлтқа, қоғамға, мемлекетке қызмет етудің үлгісін көрсетті.

Қаламгер қауымның талай буыны шыңдалған шығармашылық ұжым қай кезде де кезең қажеттілігіне сай лайықты еңбек етіп келеді. 1924 жылы «Кедей» атымен алғашқы нөмірі шыққан газеттің аты кейінгі қызметі барысында «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы», «Ақтөбе» болып өзгергенімен, заты да, мақсат — міндеті де, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болудан бір жаңылмай, маңызды қызметін жалғастырып келеді.

Жүзжылдық жолдан өткен газет — қазір де облыстың жылнамасын жасап отырған абыройлы қызмет орны, үлкеннің де, кішінің де ықыласына бөленген шығармашылық ұжым. Жақсы жол жалғаса берсін дейміз.

Осы орайда ұлттық тарихи тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, бүгінгі таңда біздің университет атын алып отырған Құдайберген Жұбановтың өңір баспасөзімен, бүгінгі «Ақтөбе» газетімен байланысын айта кетудің де реті бар деп ойлаймын. 1922 жылы Темір уездік оқу бөлімінде қызметте жүргенінде Құдайберген Жұбанов «Ай» атты қолжазба журнал шығарып, онда өзі мақала, фельетон, өлең, пьесалар жазып, жариялау арқылы өңір баспасөзінің алғашқы қадамдарын қалыптастырса, 1924 жылдан шыға бастаған «Кедей» газетінде ағартушылық мақсаттағы көп материал жариялаған. Құдайберген Жұбановтай тұлға есімінің өңір баспасөзімен, оның ішінде бүгінгі «Ақтөбе» газетімен байланысы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1990 жылдан бері де жалғасып келеді, облыс қажеттілігіне қарай журналист мамандар даярлау ісіЖұбанов университеті қабырғасында сәтті жүзеге асуда. Ғасырлық тойын лайықты атап отырған «Ақтөбе» газетінің бірқатар маман журналистерінің униерситет түлектері екені біз үшін де мақтаныш— мерей! Ел мүддесі жолында бірлесе атқарылған бұл істің нәтижесі бола беретініне сенім мол.

Бір ғасыр бойына, оның ішінде 30 жылдан аса бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға мінсіз де мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан «Ақтөбе» газетіне болашақта да жаңа биіктер мен халық ықыласын тілеймін!

Ізгі тілекпен,

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

басқарма төрағасы-ректор.

 

Құрметті «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің редакциясы!

 

Сіздерді «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толған бір
ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов
айтқандай, газет — халықтың жады, тарихы мен өткеннің шежіресі. Қоғамдық
өзекті мәселелер мен өңірдегі экономикалық және әлеуметтік
реформалардың барысы осы басылым бетінен көрініс табады. Халық пен
биліктің арасында алтын көпір болып, қайғырғанда көмек беріп, қуанғанда
демеу болады. Сондықтан халық үшін қанша уақыт өтсе де газеттің орны
айрықша. Осы тұрғыда Ақтөбе өңірінің айнасы атанған «Ақтөбе» газеті –
еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың
оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірегейі.
Осыдан жүз жыл бұрын «Кедей» атты шағын газеттен бастау алған
басылым осынау жылдар ішінде бірегей табыстарға жетіп, белестерді
бағындырды. Газеттің әр саны ақтөбеліктердің ел ырысын молайту
жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.
Қаламы қарымды, ойы орамды, нағыз отансүйгіш журналистер бас қосқан
басылым редакциясы жаңалық жаршысы болып, өңір газетінің дамуына үлес
қосуда. Халықтың үніне құлақ асқан ел шежіресіне айналған баслымның
ғұмыры ұзақ болғай!
Қымбатты «ақтөбелік» журналистер, сіздердің Ақтөбе өңіріндегі
ұлттық рухымыздың асқақтауына және туған еліміздің гүлденуіне мүдделілік
танытып, лайықты үлес қоса беретіндеріңізге кәміл сенімдіміз!
«Ақтөбе» газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық
шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!

Саламат ИДРИСОВ,

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің басқарма төрағасы-ректор
.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button