Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ақтөбеліктерді қаланың 155 жылдық мерейтойымен құттықтады
Құрметті жерлестер!
Алтын бесік – Ақтөбемізге 155 жыл!
Дамудың дара жолына түскен, сәулеті келіскен, даңқы мен дәулеті асқан әсем қаламыз бар. Есімдері ел есінде жатталған қанша тау тұлғалар осы киелі мекеннің топырағынан түлеп ұшты. 155 жыл тарихы бар шаhарымыз талай бұралаң жолдарды еңсерді.
Биылғы көктемгі су тасқынында да күшіміз бен бірлігіміз сыналды. Бүгінгі күні табиғи апаттан жапа шеккен жерлестерімізге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Жақын күндері олардың алды жаңа баспанаға көшеді.
Қиын кезде бір-біріне демеу болып, сын сағаттарда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», күшіміздің бірлікте екенін көрсеткен, туған елдің көркеюіне атсалысқан, атсалысып жүрген барша ақтөбеліктерге риясыз алғысымды білдіремін.
Арайлы Ақтөбеде әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Қала келбетін келтірер әдемі ғимараттар салу, инфрақұрылымды жүргізу, соңғы үлгідегі аялдамалар, жарық шамдар орнатып, серуендейтін демалыс саябақтарын көбейту – алдымызда тұрған жоспардың бір бөлігі. Яғни, сіз бен бізді маңызды жұмыстар күтіп тұр.
Облыс орталығы тұрғындардың жанына сая, көңіліне шуақ сыйлайтын жайлы, әрі қауіпсіз қала болуы тиіс.
Шежірелі шаһардың 155 жылдық мерейтойы құтты болсын! Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке тілеймін!
Жасай бер, сүйікті Ақтөбем!
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi