1200 желаяқ қатысты
«Ақтөбе марафоны-2024»
Жексенбі күні жеңіл атлетикадан жыл сайынғы «Ақтөбе марафоны-2024» өтті. Биылғы марафон су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Марафонға қала әкімі Азамат Бекет те қатысып, желаяқтарға су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарды қолдауға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Желаяқтар талап бойынша үш — 3, 10 және 21 шақырым қашықтықта бақ сынады.
Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Нұргелді Өтемұратов осымен 13-ші рет ұйымдастырылған марафонға еліміздің барлық өңірімен қатар, көрші Ресей Федерациясының Орынбор, Орск, Екатеринбург қалаларынан келген азаматтар да қатысқанын айтты.
Қатысушылардың ең жасы 10-даболса, ең үлкені — 71 жаста.
Дәстүрлі жеңіл атлетикалық жүгіріске Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының қызметкерлері де келіпті. Аталған институтта офицер-дәрігер болып қызмет ететін Нұрлан Ахметов 10 шақырымдық қашықтықта жүгіріп келді.
— Жалпықалалық марафонға осымен екінші рет қатысып жатырмын. Дәрігер болған соң міндетті түрде спортпен шұғылданамыз. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған спорттық іс-шараға әріптестермен бірге келдік. Ақтөбеміз жарқырап, жайнай берсін. Енді табиғи апат болмасын, — деп өз тілегін білдірді.
Қатысушылар түгелдей естелік медальдармен марапатталды, ал жеңімпаздарға ақшалай жүлде тағайындалды. Демеушілер есебінен жиналған жүлде қоры — 3 миллион 800 мың теңге.
10 шақырым қашықтық бойынша қарсыластарын шаң қаптырып, мәре сызығына бірінші болып жеткен Арлан Салқынбаев осы марафон үшін Қобда ауданынан арнайы келіпті.
— Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Мектеп бітірген соң осы саланың маманы болғым келеді. Сондықтан дайындықты бала кезден бастаған дұрыс. Күніне шамамен 8-9 шақырым жүгіріп жүргендіктен болар, бұл жарыста бірінші болып келу аса қиын болған жоқ. Менің бір тілегімді орындап, бүгінгі марафонға алып келген әкеме рақмет, — деді 16 жастағы Арлан.
Айта кетейік, бұл жолғы желаяқтар жарысына 1200 адам қатысты. Марафонға қатысуға тілек білдіргендердің төлеген жарналарынан түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қорына аударылады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.