Мереке

Өнерлінің өрісі кең

21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Өзінің кәсіби мерекесінде де түрлі мәдени кештер өткізіп, сахнадан табылатын сала майталмандарының еңбегі ерекше. Сондай жандардың бірі — осы салада еңбек еткеніне 30 жылға жуықтаған, Темір ауданындағы мәдени шаралардың басы-қасынан табылатын Ләйлә Шадманова десек, қателесе қоймаспыз.

Байғанин ауданында туып-өскен Ләйлә Маратқызы — өнердің өз өкілі. Мамандығы бойынша ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі еңбек жолын Н.Байғанин атындағы Темір аудандық Мәдениет үйінде бастап, 27 жылдан бері табан аудармастан сол жерде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда ол  — аталған мемлекеттік мекеменің бөлім меңгерушісі.

Алғашқы жылдары көпшілік іс-шаралар ұйымдастырушысы, әдіскер болдым. 2012 жылдан бері бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Оқу орнын бітіргеннен бір ұжымда еңбек етіп  келе жатқанымды мақтан тұтамын. Өйткені осы Мәдениет үйінің ұжымымен бірге аудан тұрғындарының есінде қалатындай рухани-тәрбиелік іс-шаралар, танымдық кештер өткізіп, қуаныш сыйлап жүрмін деп есептеймін. Тұрақты көрермендеріміз, әр кеш сайын алғысын жаудырып кететін ата-әжелеріміз көп, — дейді мәдениет қызметкері.

Аудандағы сан қилы мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, оны жүргізетін, әншілік қабілетімен жақсы таныс Ләйлә сценарийді де шебер жазады. Оның домбырада да, эстрада жанры бойынша да салған әндері көрерменнің тарапынан ұдайы жоғары бағаланады. Сөзге шешен ол балаларға арналған түрлі танымдық кештерді өткізіп, Жаңа жыл қарсаңында қызықты ертеңгіліктерді сахналайтынын айта кеткен ләзім.

Әр жылдары облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатын алып, 2015 жылы «Темір ауданының жыл адамы» атанған өнер иесі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сөйтіп жүріп өмірде де бәріне үлгеріп, 5 баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана, аяулы жар.

Мәдениет саласында 27 жылдан астам уақыттан бері қызмет етемін. Осы сала бойынша оқып, жұмыс істеп жүргесін бүгінге дейін мамандығыма қатысты өкініш болмапты. Шүкір, жыл сайын жалақымыз көтеріліп, жағдайымыз жақсарып келеді.

Әр қызметтің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Мәдениет саласының қызметкерлері уақытпен санаспай, көбіне жұртшылық демалып жүргенде мерекелерде, сенбі-жексенбі күндері жұмыс істейді. Бірақ не істесек те жұмысымыз халықтың алдында, көрерменнің құрмет-қошеметіне ылғи бөленіп жүреміз, — дейді Ләйлә Шадманова.

Өзінің кәсіби мерекесін — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнін сахнада қарсы алған кейіпкерімізатаулы күнді әріптестер болып бір-бірін құттықтаумен, концерт ұйымдастырумен өткізгенін айтты.

                                                                                               Динара АЛМАСҚЫЗЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button