Білім

Қосымша білім беру: үздіксіз даму және тынымсыз ізденіс

Біздің облыста балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында білім саласы бойынша 49 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді.  Өңірде мектеп оқушыларының 85,2 пайызы, яғни 153 993 бала қосымша біліммен қамтылып отыр.Балаларды қосымша біліммен қамтуда «DARABALA.KZ» электронды платформасының мүмкіндігі мол. Біз облыстық білім басқармасықосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиевамен оқушылардың бос уақыт тиімді ұйымдастыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы сөйлескен едік…

Өнер мектебі ашылады

Балаларға қосымша білім беру жүйесі — үздіксіз педагогикалық процестің құрамдас бөлігі.  Қосымша білім —баланың жан-жақты дамуына, оның қабілеттерінің ашылуына және ерте кәсіптік бағдар беруіне ықпал етеді, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

Өңірдегі қосымша білім беру жүйесі ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетанушылық, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық, спорттық бағыттарда қызмет етеді. Мектеп оқушыларының 85,2 пайызы түрлі үйірмелермен қамтылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында қосымша білім беру ұйымдарының желісін арттыру  мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр.  Мысалы,облыстық білім басқармасы мектептерде қосымша білім беру ұйымдарының филиалдарын ашу жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында қазірде 274 мектепте филиал бар. Онда 10 091 бала қамтылып отыр. 

Сондай-ақ былтыр Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне оқушылар санының көптігіне байланысты  негізгі ғимаратқа жапсарлас 150 орындық нысан салынып, қолданысқа берілді. Қазір мұнда 1600 бала 38 бағыт бойынша тәрбиеленуде. Қарғалы ауданында 150 орындық Балалар өнер мектебінің құрылысы жүргізіліп жатыр.  Жаңа нысанды 1 қыркүйек — Білім күні ел игілігі үшін пайдалануға беру жоспарланып отыр, — дейді Гүлдана Бакиева.

Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 1 маусым-31 шілде аралығында барлық қосымша білім беру ұйымында жаздық мәдени-рухани, экологиялық, көркем-эстетикалық, туристік-өлкетану, денешынықтыру-сауықтыру, азаматтық-патриоттық бағыттар бойынша жазғы алаңдар жұмыс жасайтын болады. Бұл алаңдарда жалпы саны 20 мыңға жуық бала қамтылады.

Бірегей жоба

Балаларды қосымша біліммен қамту бағытында өңірде атқарылған бірегей жобалардың бірі —«DARABALA.KZ» электронды платформасы.

ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген толықтыруларға сәйкес біздің облыста 2021 жылдан бастап балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілді. Құжаттарды қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында odoaktobe.kz порталы әзірленіп, құжаттарды қабылдау процесі толық автоматтандырылды.

Қазірде odoaktobe.kz платформасы жетілдіріліп, үш бағытта (білім беру, спорттық және шығармашылық) жұмыс жасауға бейімделіп, «DARABALA.KZ» атауы берілді. Платформаның бірнеше  ерекшелігі бар. Олар:1 бала — 1 үйірме  қағидаты сақталған, платформа авторлық құқықты иеленген, мемлекет меншігіне алынған, тек жеке сәйкестендіру нөмірімен тіркелу мүмкіндігі бар, облыстағы барлық қосымша білім беру ұйымы және олардағы бос орындар туралы толық мәлімет беріледі, мемлекеттік деректер қорымен интеграцияланған, Face ID орнатылған. Сонымен қатар мұнда қабылдау, кезекке қою жүзеге асырылады, өңірдегі барлық мектеп үйірмелері, спорт секциялары, өнер мекемелері жанындағы үйірмелерге қамтылған балалардың тізімі де бір жүйеге біріктірілген.

«Darabala.kz» платформасында көрсетілетін қызметті Ақтөбе қаласындағы балалар ғана емес, сонымен бірге аудандағы оқушылар да пайдалана алады.

Платформада әр бағытқа жеке кезек ұйымдастырылып, ваучер кезекке тұрған уақыты (секундтық дәлдік) бойынша беріледі. Білім саласы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы кезек қарастырылған, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

Платформаның өзіндік ерекше алгоритмі — автоматты түрде қолданушы туралы нақты  ақпараттарды мемлекеттік деректер қорынан іздей алады.

«DARABALA.KZ» платформасы қосымша білім беру жүйесін біріздендіруге, бір орталықтан бақылау жасауға, мекемелердің жұмысына талдауға, мемлекеттік тапсырысты ашық орналастыруға, өңірдегі әр баланың қосымша білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

           Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button