Лаура ПАЛМАН
Лаура Палман 1980 жылы 1 қазанда Қызылорда облысы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Баспасөз саласында, соның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетінде, ұзақ жылдар бойы «Ақтөбе» телеарнасында еңбек етті. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз хатшысы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Биыл «Сағыныш сияқты өз атым» атты жыр жинағы жарыққа шықты.
Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойы аясында кеше қалалық Мәдениет үйінде Лаура Палманның «Сағыныш сияқты өз атым» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Біз де ақынды кітабының жарыққа шығуымен құттықтай отырып, оқырманға бір топ өлеңін ұсынамыз.
Сағыныш
Бақытын бағалап басқаның
Уақытым өте ме қас-қағым?
Адасқақ арманым әлі күн
Аңсайды ауылдың аспанын.
Аспанға ғана қол созатын,
Тастарға ғана жыр жазатын.
Жаңылыс қойылған кезінде
«Сағыныш» сияқты өз атым.
«Сағыныш» дейтұғын өлеңім
Ұлғайтып алыпты көлемін.
Ауылды, бауырды,тауымды..
… бәріңді сағына беремін.
Көзіме көрінбес сол сағым,
Өзіме, қайтейін, салса мұң.
Езіліп Анамды аңсаймын,
Төгіліп жанардан моншағым.
Кетпеуге тырысам түңіліп,
Сендегі сезімге жылынып.
«Гүл» сырын ашуға асығам
Бүршігін жарғанда бір үміт.
Нөсер боп жауғанда жиі мұң,
Шеше алмай тірліктің түйінін.
Сөздерден қашамын сұп-суық,
Көздерден іздеймін мейірім.
Жұбатып келгендер емдеуге,
Ұнатып көріңдер сендер де
Аңсайтын, күтетін сағынып,
Шаршайтын «Жүрек» бар кеудемде.
Жүре де алмаймын жасырып,
Жетектеп келеді осы үміт..
«Жарылыс» болған күн жүректе
«Сағыныш» қалады шашылып.
Сағыныш деген…
Түндермен егіз жырымның аты Сағыныш,
Гүлдермен егіз сырымның аты Сағыныш.
Сағынтатұғын, сабылтатұғын жанымды,
Жүрегімдегі «жүгімнің» аты—Сағыныш.
Жүрегімдегі «жарамның» аты Сағыныш,
Мен өмір сүрген қаламның аты — Сағыныш.
…(сол жылдан бері сенің де солай есімің…)
Көп жылдан бері Анамның аты—Сағыныш.
Мұңайсам бірден бүрататын да—Сағыныш,
Мұңлы әуендерді ұнататын да—Сағыныш.
Күндерде кейде күлкімді үнсіз ұрлап ап,
Түндерде кейде жылататын да—Сағыныш.
Сағыныш деген — өмірдің мәні, өрнегі,
(Өлеңнен мынау ұғындың екен Сен нені?)
Сағыну деген — тағыну емес мұң-моншақ,
Сағыну деген — сұп-сұлу сезім Мендегі.
Өзіңмен ғана мағыналы ма мына әлем,
Кезіксең маған «сағындың ба?» деп сұрар ем..
… сағыныш деген — сары уайым емес! Түсінші!
… сағыныш деген — мына Мен!
Жүрек және Мен
Қай сырды артық біледі екен Күз?
Тағдырды бірдей сүйеді екенбіз.
… біз бөлек өмір сүреді екенбіз,
Жүрек екеуміз!
Ортақ ән бітіп,тоқтайды күй де,
«Жоғалсам ғана жоқтайды»—дей ме?
Жүрегім маған өкпелеп қалып
Соқпайды кейде.
(Шынымен көңіл қалғаны, ә, демек,
Мұңымен Өзі қала ма бөлек?)
Мен «біткен Әнді» ұмытсақ деймін,
Ол жалғап әлек.
Айырылысуға шыдамағандар,
Бір жолын іздеп, құрады амалдар.
Жалғанда мынау «Жүрексіз»қалсам
Кінәламаңдар!
Білмесемқайтем, ұға да алмасам,
Күндесем,білем,сірә да оңбасән.
КеудемдетулапЖұдырық-Жүрек
Жұбанар қашан?
Жан едім жүрген жақ ашпай мұңға,
Талапқа көнсем, таласпаймын ба?
Сен салған Әнді бірігіп айтсам,
Адаспаймын ба, Жүрек?!
Әкеге сағыныш
Қызыңыз, сезесіз бе, көптен жүдеу,
(Сіз барда жеңіліп ем Мен кімдерден?!)
… өткендеөкпелеткен «Өктем»біреу…
… сізге айтып бергім келген.
«Арыстан-тағдыр»жиі үркіткенде,
Алыстан көмек күттім келеме деп.
Сіздегі сұстан қорқып, «бұлт» біткен де
Төнбейтін төбеме кеп.
Уақыт—уайым ұсынса ашқылтым ғып,
Жылап қалдым тағы іздеп өзіңізді.
Тісін қайрай береді «Қасқыр-тірлік»
Қорқытып «Қозыңызды».
Шерлі күйде шертілмей жыр, ән қалған,
Мұңлы маңда жүрегім жүр сыздап-ай..
Тілмен шағып алғанда «жылан-жалған»
Жатырсыз үнсіз қалай?!
Жыл өтті! Жанбай жатқан «жырымыздың»,
Аспан жақтан шоғын бір үрлейсізбе?
Сағынып, шағым айтқан «Гүліңіздің»
Хәлін бір білмейсізбе?
Түсіне кірмейсізбе, Әке?!
«Еңбекшідегі» ескі үйім
Мәңгілік, мендік жыр-мекен,
(Есендігіңді естиін..)
..Еңкіш те тартып тұр ма екен
«Еңбекшідегі» ескі үйім?!
«Сағыныш» атты жыр-мекен,
Арқаусың бітпес өлеңге.
Әкем мен Анам жүр ме екен
Шөліркеп сенің төбеңде?
Киесі — құтқа сай мекен,
Иесі көкке жоғалған.
Қарлығаштарың қайда екен
Сарайға ұя сап алған?!
Аңсаған Сені «жыр-құсын»,
Жіберейін бе, не істейін?
Еңкейіп, өксіп тұрмысың
«Еңбекшідегі» ескі үйім?!
Берекелі таң ататын,
Ошақ едің-ау сүйкімді.
Біздің үй жақтан бататын
Күн аяп жүр ме кейпіңді?!
Өзіңнен сәлем тосқанмын,
Ел жақтан бұлт кеп, жауған күн.
Базары қайда бақшаңның,
Ажары қайда аулаңның?
Сағынып, Сен де күрсінсең,
Туған үй, кешір, кеш дейін!
Есімнен кетпей жүрсің Сен,
«Еңбекшідегі» ескі үйім.
Көктемге наз
Жаңбырың әсерсіз жауады,
(Сәл бұрын дертіме дәру ең…)
Кей Көктем көріксіз болады,
Еріксіз жерисің бәрінен.
Сезімді қозғар деп сенгенде,
Жоқсың ғой ештеңе сездірген…
Өлеңім өксиді кеудемде,
Керегін ала алмай мезгілден.
Аспанның меңзейді бұлты не?
Құстардың сәлемі жетпеді.
Гүл шықты.. Көмілгем «күлкіме»,
«Күн-мықтың» түк әсер етпеді.
Тірілтіп алушы ең «сөнгенді»,
Үңілтіп үміттің жолына..
Егіліп жылағым келген-ді,
Ұмытып қалыппын оны да.
Кінәлап қайтейін кейпіңді,
Көктемім, көңілге қарайла!
Қайтарсын «Сағыныш» дейтінді!
Айтарсың «Күз-досқа», жарай ма?!
Уақытқа наз
Өмір — өзен, сыр айттым жылғаңа кеп,
Сен куәсің мендегі сырға бөлек…
«Бақыт» дейтін сыйлықты Сен ұсынған,
«Уақыт» дейтін жүйрігің ұрлап әлек.
Тұрақ болып тірліктің бақ — мекені,
Шырақ беріп жолымды сәтті етеді.
Тағат тауып тоқтайтын тамашаңды,
Сағат — жауым, сырғытып ап кетеді.
Санамдағы қияли құсыма әлі,
Күнім — үміт,ай арман ұсынады.
Сый ғып берген сезімнің гүлін ылғи
«Минут»дейтінжел неге ұшырады?
Уақытқа айтшы, қалайды өзі нені,
(Бақыт бәрібір менімен кезігеді)
Өкінткенде өмірдің кейбір сәті
Секунттан да салқындық сезіледі.
Кімді жақтап, О, жалған, нені ақтайсың?
Сауалыма бересің жауап қайсың?
Айта алмайсың уақытқа «сәл кідір» деп,
Өмір-өзен, сен де енді кері ақпайсың!
.. Неге ауыр?
Дүниенің күллі дәрісін,
Ішсем де ілкі жан үшін..
«Сағыныш» дейтін дертімнің,
Дауасы — Сенің дауысың.
Емдей алмаған енжар «күз»,
Жаныма үйір «жел», «қар», «мұз»..
«Сағыныш» атты сырқатты,
Жазатын «жылу» — Сен, жалғыз.
Сырларым — шердің досы әлі,
Жыр-жаным — мұңның ошағы.
«Сағыныш» дейтін өртімді
Өзіңнің демің басады.
Естелік «дәмі»— ем үшін,
Не істейін тағы Сен үшін?
Сағына беріп сарғайған
Жанымның дәрігерісің.
(Шешімі — осы ең әділ)..
..Мен жайлы ойдан Сен де арыл.
Сағынбай жүру — ең жақсы ем!
Қабылдай білу..
..Неге ауыр?!
***
Өлеңімнің жүргем «оты сөнді» деп,
Әлемімнің кірер ме екен қайта өңі?
Тілегіме құлақ асып соңғы рет
Жүрегіме көшіп келсең қайтеді?
Бар жақсысын төрдің саған беремін,
(Сол жақ тұсым неге әзірден дір етті?)
Сағынуға тыйым салу дегенің —
Сары мұңға толтыру ғой Жүректі.
Жаңылдық па тағдыр таңдау қойғанда
Сағындық па әнді бірге айтатын?!
Біздер жүрген жолды жауын шайған ба,
Іздер мүлдем көрінбей ме «қайтатын»?
Көкірегім толсын солай сезімге,
Өтінемін, өмір бойы қал мұнда!
(Қалауымыз болмай қалған кезінде
Обалымыз — жаңбыр менен тағдырға.
Жанарымды жұбатам деп «жылауық»,
Енді кері шегінбеуге шешіп бел
Тілегіме құлақ ас та бір ауық,
Жүрегіме бүгін түнде көшіп кел!