Тісті тегін емдетуге бола ма?
Былтырдан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Жалпы, көпшілік сақтандыру жүйесі арқылы тісті тегін емдетуге болатынын білсе де, оның кейбір талаптарынан бейхабар. Ал медициналық сақтандыру арқылы кімдер тісін тегін емдете алады? Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетовтен сұрап білдік.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттары ғана стоматологиялық көмек алады. Мәселен, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер алады. Ал шұғыл көмек, яғни қатты ауырсыну кезінде азаматтардың 10 санатына ғана көмек тиесілі. Олардың қатарында балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, сонымен бірге мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедек балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар бар.
— Ал МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет пе?
— Стоматологиялық қызметтің бірнеше түрі бар. Егер көрсетілетін медициналық қызмет, мәселен,науқас тісті жұлу, емдеу, химиялық пломба орнату секілді жоспарлы ем түрін алатын болса, сақтандыру мәртебесі міндетті түрде қажет. Егер қызмет ТМККК тізімінде болса, мысалы, тісі қатты ауырса, онда мәртебе қажет емес және медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Пациенттер барлық медициналық қызмет түрін тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана ала алады.
— Стоматологиялық қызметтерді алу үшін емханадан жолдама алу керек пе?
— Жолдама керек емес. Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек алушылардың санаттарының біріне кіруі керек және медициналық көрсеткіштері болуға тиіс.
— МӘМС есебінен қандай стоматологиялық қызметтерді алуға болады?
— Негізі көрсетілетін медициналық қызмет тізімі ауқымды. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Яғни пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады.
— Стоматологиялық клиниканы емделуші өзі таңдауына бола ма?
— Иә, болады. Тек бұл клиника «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының»медициналық көмекті жеткізушілерінің тізімінде болуы керек. Тізімді fms.kz ресми сайтынан көруге болады немесе клиниканың өзінен сұрау керек.
— Рақмет!
Кәмшат ҚОПАЕВА.