Аналар күнін атап өтті

Елдің елдігі, ынтымақ-бірлігі сын сағатта білінеді. Әрі ұстаз, әрі «Үміт» қайырымдылық қорының директоры Айбек Сағынтаев су тасқыны кезінде азаматтарға көмекке келген әскерилер мен құтқарушыларды түскі, кешкі аспен қамтамасыз етуді ұйымдастырса, ойылдық құтқарушы Асқар Құсайынов күні-түні жұмыс істеп, Амангелді ауылында 75 тұрғынды көшіруге, сондай-ақ Көптоғай ауылындағы су бөгеу жұмыстарына атсалысқан.
Айбек пен Асқар, басқа да осындай азаматтығы жоғары ұл-қыздар өсірген 20 ана биыл елімізде тұңғыш рет атап өтілген Аналар күні мерекесіне орай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Аналар күніне орай ұйымдастырылған «Ана — өмір шуағы» атты мерекелік шараға облыс орталығы мен аудандардан өздері де, тәрбиелеп-өсірген перзенттері де түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 90 ана шақырылды. Сондай-ақ іс-шараға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері де қатысты.
Айтыскер ақын, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Жұлдыз Қожабекова мерекелік жиынды аналарға арнаумен ашты.
Одан соң облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтау сөз сөйледі.
— Әлемнің көптеген елдерінде мамыр айының екінші жексенбісінде Аналар күні мерекеленеді. Биыл осы мейрам алғаш рет Қазақстанда да атап өтіліп отыр. Отбасы қоғамның негізі болса, отбасы институтын сақтау, нығайту жолында аналарға деген құрмет те жоғары болуғатиіс. Аналардың қоғамдағы рөлі зор. Біздің аналар түрлі салада жемісті еңбек етіп қана қоймай, отбасының ынтымақ-бірлігін де ойлап, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, келесі ұрпаққа жалғау ісіне де зор үлес қосып келеді. Сондықтан сіздерге басымызды иіп, алғыс айтамыз, — дей келіп, облыс әкімінің орынбасары аналарға өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ ол, жоғарыда айтқанымыздай, 20 ананы облыс әкімінің атынан марапаттады. Марапатталғандар қатарында биылғы су тасқыны кезінде, әлемді дүрліктірген пандемия тұсында халыққа жанашырлығымен танылған, білім, спорт, өнер және басқа да салаларда жетістіктерге жетіп, ел мерейін үстем еткен азаматтардың аналары —Тотыгүл Сағынтаева, Айболған Құсайынова, Қымбат Сағызбаева, Мәншүк Қозбақова, Любовь Нешко, Қибат Оралова, Гүлшара Хамзина, Зәуреш Сағынаева, Дина Әлниязова, т.б. бар.
Мерекелік іс-шарада ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бибігүл Ағыбаева да сөз сөйледі.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек», — деп, жастардың санасына «Адал адам–Адал еңбек–Адал табыс» ұғымдарын сіңірудің маңыздылығын атап өткен еді. Міне, жастарға осы тәрбиені сіңіретін — аналар. Ананың сүтімен, ананың тәрбиесімен сіңген қасиеттер жастармен қатар, еліміздің де болашағын айқындайды. Осыны әрдайым есте ұстауымыз керек, — деді ол.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева да құттықтау сөз сөйлеп, аналарға зор денсаулық пен бақыт тіледі.
Салтанатты іс-шарада жиналғандарға Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова, өзінің үш перзентінен басқа, 25 бала тәрбиелеп-өсірген Амангүл Ешпанова сынды аналар туралы бейнесюжеттер ұсынылды, сондай-ақ «Аққу» би ансамблі, «Шашу» ансамблі, басқа да өнер ұжымдары мен Жұлдыз Нұрқасымова, Гүлхан Бөрібасова, Қайыржан Мұстафин, т.б. ән-биден шашу шашты.
Соңынан аналарға тарту ретінде ақ жаулық пен гүл таратылды.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.