Көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?

15 мамыр — Халықаралық Отбасы күні
Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Олар: көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және қайырымдылық көмектер.
Еліміздің Әлеуметтік Кодексі аясында өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды анықтау және проактивті кешенді қолдау көрсету мақсатында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Ол барлық мемлекеттік органдың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған және солардың мәліметтері негізінде отбасының құрамын, қандай да бір көмекке мұқтаждығы автоматты түрде айқындалады.
— Қазіргі уақытта облыста 121131 баласы бар 27419 көпбалалы отбасы бар. Оларға барлығы 6578,5 миллион теңгекөлемінде мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленеді. Сонымен қатар облыс бойынша отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейшілік шегінен төмен тұратын 12245 адамы бар 2356аз қамтылған отбасы анықталып, оларға 490,2 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 3891 балаға 78,3 миллион теңгеге қосымша әлеуметтік төлем жүргізілген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі ең басты шарттардың бірі — отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуге тиіс. Ол үшін мемлекет тарапынан шартты ақшалай көмек түрінде атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз жандарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, яғни бос жұмыс орындар, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен шағын несие және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.
— 1 мамырдағы есеп бойыншаатаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан еңбекке қабілетті 105 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатарӨнеркәсіп және құрылыс министрінің «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы»бұйрығына сәйкес жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша облыста отбасының жиынтық табыстары белгіленген шектi, жол берiлетiн шығыстарының үлесiнен асып кетпейтін жағдайда аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Облыс бойынша 189 отбасына 2,9 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды, — дейді Гүлназ Сисенова.
Жергiлiктi өкiлетті органдарының шешiмдерiне сәйкес биыл 1 мамырда 425 әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 48,7 миллион теңге және табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен 2494 отбасына 805,9 миллион теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Аталған жұмыстар облыс бойынша жыл сайын тұрақты жүргізіліп келеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



