Денсаулық

Папиллома вирусы қауіпті ме?

Семинар

Облыстық перинаталдық орталықта  адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бойынша облыстық семинар өтті. Іс-шараны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, денсаулық сақтау және білім басқармалары бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарға  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еліміздегі  өкілі Скендер Сыла, ДДСҰ-ың вакцинаға сұраныс пен келісімді арттыру жөніндегі офицері Сәуле Қасымова және облыстың емдеу-профилактикалық мекемелерінің эпидемиолог, иммунолог, гинеколог, онколог дәрігерлері мен жалпы білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.

Іс-шараның  мақсаты — адам папилломасы вирусына қарсы иммундау бойынша медицина қызметкерлерінің білім деңгейін арттыру, осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Семинарда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі, онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының профилактикасы, вакциналауға деген сенім, қыз балаларды АПВ-ға қарсы екпеге дайындау туралы тың ақпараттар айтылды.

АПВ-ға қарсы вакциналау жатыр мойны обырының алдын алады.

АПВ-ға  қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда қолданылады.
Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Латын Америкасы елдері және әлемнің 117 елі адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізген.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бұл аурудан жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Сондықтан адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны еліміздің  Ұлттық күнтізбесіне енгізу — болашақ ұрпақтың  денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам. Семинарда осы мәселелер сөз болды. ДДҰ-ның және еліміздегі халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың, Ұлттық техникалық консультациялық топтың ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыз балаларды вакциналау осы жылдың үшінші тоқсанынан басталады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button