Мереке

Құрмет және марапат

Медбикелер күні

А.Досжанова атындағы конференцхолда медбикелер күніне арналған халықаралық конференция өтті. Жиында негізінен вакцинациялау және вакцина арқылы инфекцияның алдын алу мәселелері көтерілді. Сондай-ақ іс-шара аясында облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек ететін мебдикелер марапатталды.

12 мамыр —Халықаралық медбикелер күні.  Аталған мереке  әлемдегі алғаш қайырымдылық қорын құрып, медбике ісінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі ағылшын әйелі Флоренс Найтингейлдің құрметіне өткізіледі. Ф.Найтингейл ХІХ ғасырдың басында болған Қырым соғысында жараланғандарды күту үшін арнайы қызмет ұйымдастырып, медбике ісінің негізін қалады. Кейін медбике атындағы халықаралық қор оның  құрметіне орай туған күнін Халықаралық медбикелер күні ретінде  атауды ұсынды. Жыл сайын бұл мереке біздің елімізде де кеңінен аталып өтіледі. Биыл да бұл іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жиналғандарды мерекемен құттықтап,ұзақ жылдардан бері медицина саласында еңбек еткен медбикелерге  облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатын табыс етті.

Марапатталғандардың бірі Дина Шоқанова Қарғалы ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылынан келіпті. Осы салада 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

— Шәмші ауылына тұрмысқа шығып, еңбек жолымды ауылдан бастадым. Алғашқы уақытта жас маман болғаннан кейін қиын болды. Ал қазір ауыл халқын түгел танимын,тіпті осы ауылда туып-өскен сияқтымын. Балалар медбикесі болғаннан кейін оларға уақытында екпе салу — негізгі жұмысым. Ауылдағы әрбір баланың жағдайын біліп отырамын. Біздің ауылда екпеден бас тартатын ата-аналар сирек. Ауылда барлық жағдай бар. Шүкір, қазір еңбекақымыз да өсті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алдым. Бүгін, міне, облыс басшысының Алғыс хатын алып, қуанып тұрмын. Бұл да еңбектің еленгені, — деді Дина.

Ал Ақтөбедегі көпсалалы балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімінің медбикесі Бақыт Бүркіталина Ақтөбе қаласы әкімдігінің Алғыс хатына ие болды. Осы салада қырық жылға жуық еңбек еткен маман жүрек ауруына шалдыққан сәбилердің екінші анасына айналған. Бақыт алғашқы еңбек жолын 1985 жылы №1 балалар ауруханасынан бастапты.

— 2015 жылы медициналық орталықта балалар кардиохирургия бөлімі ашылды. Яғни бөлім меңгерушісі, білікті маман Әнуар Досмағамбетов екеуіміз — жаңа бөлімді ашқан мамандардың біріміз. Жеті айда 70 ота жасалды. Бұл — үлкен көрсеткіш. Бұл жерде әртүрлі жастағы балалардың жүрегіне операция жасалады. Тіпті туғанына бір күн болған нәрестелерге дейін келеді. Сәбилер апталап, айлап жатады. Салмағы бір келіге жетпейтін нәрестелер де болады. Олардың отадан кейінгі күтіміне жауап беремін. Яғни жүрегіне ота жасаған сәбилердің екінші анасымын десем, артық айтқандық болмас. Олардың аналарына да қолдау көрсетімін. Себебі баласының жүрегіне ота жасайтынын естігенде көп әйел күйзеліп кетеді. Сондай кезде оларды сабырға шақырып, психологиялық қолдау көрсетуге тырысамын. Жалпы, балалар медбикесі болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның ішінде жүрегіне операция жасаған нәрестелер күтімі—өте күрделі іс, — дейді Бақыт Бүркіталина.

Тәжірибелі медбике еңбегі еленіп, Алғыс хатқа ие болғанына қуанышты екенін айтты.

Сонымен қатар бірқатар медбике облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен және қалалық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Скендер Сыла қатысты.

Ақтөбеге кеше келдік. Бүгін медбикелерге арнаған конференцияда екі әріптесім вакциналау туралы баяндама жасады. Жалпы, денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның әр аймағынан бір емхананы таңдап, оған үздік тәжірибелерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Ондай емхана Ақтөбе қаласында да болады. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымы үздік сарапшыларды Қазақстанға әкеліп, тренингтер өткізеді. Олар әлемдік үздік тәжірибелерімен бөліседі, — деді ұйым өкілі.

Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында 9513 медбике жұмыс істейді. Науқастарға көрсетілетін күтімнің 80 пайызы медбикелердің мойнына түседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев медбикелерді мерекемен құттықтады. Сондай-ақ алдағы уақытта облыстың Шалқар, Хромтау, Мұғалжар аудандарында ауданаралық аурухана ашылатынын, сол уақытта мебдикелерге сұраныс арта түсетінін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button