Ауыл

Сарыжар ауылы — Ұлттық спорт ойындарының орталығы

Ұлттық спорт

Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы облыс бойынша Ұлттық спорт ойындарының орталығы болып бекітілді. Бұл туралы Сарыжар ауылында өткен салтанатты іс-шарада айтылды.

Айтулы спорттық іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Медет Ысқақов, облыстық мәслихат депутаты, «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбай сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас шабандоздарға сәттілік тіледі.

Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті. Қатысушылар қазақ күресі, аударыспақ, қой көтеру, гір көтеру, қол күресінен сынға түсті. Сондай-ақ спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай жаппай көкпар мен тай жарысы ұйымдастырылды. Осы іс-шарада Сарыжар ауылы Ұлттық спорт ойындарының орталығы болып бекітілді. Орталықтың негізгі мақсаты — тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлері мен ойындарын насихаттау және сапасын арттыру. Осындай ауқымды спорттық іс-шаралар мен турнирлерді ұйымдастыру, жас спорт дарындарын анықтауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта осы ауылда «Көкпар арена» салынады деп жоспарланып отыр, — дейді Фархат Сансызбай.

Оның айтуынша, облысымызда ұлттық спорттың дамуы жақсы деңгейде:

Ақтөбеде 2016 жылы Көкпар федерациясының негізі қаланды. Облыс аудандарында әзірге сегіз көкпар құрамасы бар. Әсіресе ауылдық жерлерде өтетін жиын-тойларда көкпар өткізуді әдетке айналдырып жүрміз. Мен кішкентайымнан жылқыға әуес болып өстім. Оңтүстіктің көкпаршы жігіттеріне қызығатынмын. Сол қызығушылығым мені ұлттық спортқа жетеледі. Осы спорт түрін дамытуға үлес қосу үшін қажырлы еңбектеніп келемін. Қазақстанда «Көкпар арена» болғанын қалаймын. Шет елдердегідей зәулім кешен болмаса да, елімізде кішігірім аренаның салынғаны дұрыс болар еді, — дейді ол.

Тай жарысынан кейін жаппай көкпар ойындары өткізілді. Жаппай көкпарда 50-ден астам көкпаршы мықтылығы мен шеберліктерін көрсетті. Серкені жерден іліп алып, алғаш «Беташар» салымды Шалқар ауданындағы «Әлім Ата» спорт клубының спортшысы Сейділла Күнтуған салды. Жаппай көкпар тартысты өтіп, соңғы «Өгіз өлді» салымын оралдық Нұрмағамбет Иманғазыұлы мен жерлесіміз, сарыжарлық көкпаршы Тимурхан Иманғалиев салды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button