Жеңіс

«Үшбу хат»

Жеңіс күні

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде университет музейі, редакциялық баспа орталығы және әскери кафедрасының ұйымдастыруымен өткен патриоттық-танымдық іс-шара осылай аталды.

Отан қорғаушылар, Жеңіс және Халықаралық музей күндеріне арналған іс-шараға жиналған қауым әуелі тақырыптық көрме мен соғыс туралы көріністі тамашалады.

Іс-шара барысында университеттің клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор Надияр Мусин, әскери кафедра бастығы, отставкадағы подполковник Қибадат Ғабдрахманов, медициналық қызмет отставкасындағы подполковник Ғабит Қарасаев сөз сөйлеп, өткізіліп жатқан шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтты. Сондай-ақ Надияр Мусин әскери кафедрада ширек ғасырдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарған отставкадағы подполковник, интернационалист-жауынгер Николай Домбровскийге университет ректоры Әсет Қалиевтің атынан Алғыс хат табыстады.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің музей жетекшісі Гаухар Сейтжанова құнды қорда сақталған сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін тарихи деректермен таныстырып, қан майданда газет бетінде жарияланған Халида Мамановаға арналған өлең шумақтарын оқып берсе, «Медик» газетінің тілшісі Салтанат Тоғызбаева өзінің төл туындысы «Ұрпақ үні» өлеңін көпшілікке тарту етті.

Тәрбиелік мәні зор іс-шара университеттің өнерлі студенттері шырқаған патриоттық әндермен өрілді.

А.БАЛЖАНАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button